Тарихи атаулар — ұлт айнасы

Қазіргі таңда ономастика республикадағы ұлттық тіл саясатының жетекші бағыттарының бірі ретінде тек ғылыми-тәжірибелік, мәдени тарихи ғана емес, сонымен қатар қоғамдық саяси маңызға ие болып отыр.
Tilalem.kz

Tilalem.kz

26 қаңтар, 2018

Қоғам дамуының кез келген кезеңінде ономастикалық атаулардың тарихи маңызы зор болды. Қазақстанның көптеген ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ономастика жүйесі XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап түбегейлі өзгерістерге ұшырады және патша үкіметінің отаршылдық мүдделеріне, кейіннен кеңес жүйесінің тоталитарлық саясатына қызмет етуге мәжбүр болды.

Еліміз егемендік алған жылдан бері облыстағы әкімшілік-аумақтық бірліктерге оның құрамдас бөліктеріне, нысандарға ат қою және олардың атын қайта атау жұмыстарына ғалымдарды, тарихшыларды, мұрағат қызметкерлерін, қоғамдық ұйымдар өкілдерін тартып және көне-көз қариялардың пікірін ескере отырып, жан-жақты жүйелі зерделеу жұмыстары жүргізіліп біршама атаулар жаңарды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2 қаланың - Лениногорск қаласының атауы - Риддер қаласы болып, Семипалатинск қаласының атауы - Семей қаласы болып өзгертілді.

Сонымен қатар 31 ауылдық округтің, 100 ауылдың тарихи атауы қайтарылды. Атап айтсақ Крупское-Қабанбай, Горное-Ақбұлақ, Приречное-Алтай, Бобровка-Төсқайың, Московка-Мойылды, Сорвенок-Бұғымүйіз, Покровка-Маңырақ, Пугачево-Үшбұлақ, Новотимофеевка-Сарыбел, Ново-Андреевка-Алтынбел, Казнаковка-Құлынжон, Ленин – Құнарлы т.т.с.

472 көшенің атауы Ұлы Отан соғысы батырларының және ардагерлерінің, қоғам қайраткерлерінің, еңбек ерлерінің есімдерімен, тәуелсіздікті және ұлттық нышанды білдіретін атаулармен қайта аталды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 44 мектептің атауы мектептер орналасқан ауылдардың атауымен және елімізге, жерімізге еңбегі сіңген ірі тұлғалардың есімдерімен өзгертілді.

Дегенмен, облыс бойынша әлі болса 14 ауылдық округтің, 30 ауылдың, 439 көшенің атауы кеңестік идеологияны насихаттайтын атаулар. Мысалы Калинин, Куйбышев, Киров, Ленин, Крупская, Лениногорск, Чапаев, Комсомол секілді халқымыздың ұлттық сипаты мен елдігімізге сын болар елді мекен, көше атауларын облыс аумағынан әлі де болса кездестіруге болады. Осы секілді елді мекен атаулары тәуелсіз елдің мүддесіне қарай неге толық өзгертілмей жатыр деген пікірлер де айтылып жүр. Кей азаматтар қандай да бір елді мекен, не болмаса басқа да жаңа атауды қажет ететін нысандарға ат беру мәселесінде ұлттық мүддеден гөрі жеке мүддесін жоғары қояды. Осылайша өз ата-бабасының, не болмаса туған-туыстарының атын ұсынады. Біз – ең алдымен осыдан сақтануымыз қажет. Жаңа атау беру – ағайын-туыс не болмаса белгілі бір ру өкілінің беделін арттыру емес, сол өлкенің тарихына деген жанашырлықпен жүзеге асырылуы тиіс.

Тағы бір тоқталып өтер жайт, кейінгі уақытта 3 рет мораторий жариялануына байланысты атауларды өзгерту шектелді. Бұл уақытта тек Ұлы Жеңістің 70-жылдығы мерейтойына байланысты 1 елді мекеннің

16 көшенің, 8 мектептің атауы Кеңес Одағы батырларының және ардагерлерінің есімдерімен және Ел тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай 16 көшенің, 11 мектептің атауы елімізге еңбегі сіңген тұлғалардың есімдерімен және қазақстандық тәуелсіздігімізге сай атаулармен қайта аталды.

Елге еңбегі сіңбеген, танымал емес тұлғалардың есімдерін объектілерге, көшелерге беру үрдісі белең алуына байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 28 ақпандағы

тапсырмасына сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктеріне, нысандарға кісі есімдерін беруге түбегейлі шектеу қойылуын байланысты қазіргі уақыттаөңірлерде кездесетін идеологиялық тұрғыдан ескірген,қайталанатын атауларды тарихи жер-су атаулары және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгерту жұмыстары жүргізілуде.

Облыс бойынша ономастика саласында қиындық туғызып отырған мәселелерге тоқталсақ. Тарбағатай, Аягөз, Үржар аудандарынан есімі елге әйгілі емес, заңға қайшылық тудыратын тұлғаларға көше атын беру бойынша құжаттар көптеп келеді. Бұл да ономастика жұмысын жүргізуге кері әсерін тигізіп отыр.

Өскемен, Семей, Риддер қалалары және Глубокое, Көкпекті, Шемонаиха, Зырян аудандарында қазақстанның тәуелсіздігіне сәйкестендіретін елді мекендер, көшелер көптеп кездеседі.

Өскемен қаласы бойынша екі рет, немесе 6 ретке дейін қайталанатын көшелердің атаулары кездеседі. Мысалы, Паровоз атауымен 6 көше, 4 көше атауы Автогараж, 3 Арық көшесі, 3 Мельничная көшесі, 4 көше Богдан Хмельницкий атында, 4 көше Кривонос атауымен аталынады. Ал, кеңестік дәуірден қалған Краснодонская, Краснознаменная, Краснофлотская, Комсомольская деген көшелер тізбесі де 18 көшені құрайды. Сондай-ақ Семей қаласында мән-мағынасы жоқ атаулар-591 болса, кеңес дәуірінен қалған атаулар-11.

Көкпекті ауданы бойынша кеңес дәуірінен қалған атаулар саны-42, оның ішінде Ленин атында 8 көше, Советская-9 көше.

Глубокое ауданында Ленин, Комсомол, Совхозная сияқты көшелерінің саны- 93. Оның ішінде 5-Калинин көшесі, 9-Ленин көшесі бар.

Шемонаиха ауданында 43-көше кеңестік дәуірден қалған, олар Советская-9, Косомольская және Пионерская көшесі-6.

Риддер қаласында 9 көше Кеңестік дәуірден қалған атаулар. Оның ішінде Стахановская 1,2,3 деп қайталанатын көше атаулары да бар.

Зырян ауданында 68 көше қайта атауға жатады. Мұнда Советская көшесінің саны-14 болса, Комсомольская, Линия 1,2,3 деп қайталанатын атаулар да кездеседі.

Сол сияқты Глубокое, Шемонаиха, Зырян, аудандарында елді-мекендердің атаулары әлі күнге дейін кеңестік дәуірден қалған атаулар. Бүгінгі күні Пролетарка, Октябрьское, Калинин, Чапаев, Куйбышев, Фрунзе т.б. атауларға толып тұр. Бұл аудандардың елді-мекендерінің 40%-ы қайта атауға жатады.

Ұлан ауданының Таврия елді мекені жағының 30,3%-ы, Көкпекті ауданының Самар өңіріндегі елді-мекендердің 18,5%-ы, Қатонқарағай ауданының елді-мекендерінің 13%-ы қайта атауға жатады.

Бүгінгі тәуелсіздік алған заманда елді мекен мен көше атауларын өзгерту не үшін керек десек. Ол ең алдымен елдікке, халқымыздың болашағына, келешек ұрпаққа керек. Бұл –ұрпақ тәрбиесінің бір саласы, өзекті саласы, аса маңызды буыны. Сондықтан да, жер-су, елді мекен атауын тәуелсіздік жылдары өз атауына сай заңды түрде өзгерту – мемлекеттік маңызы бар көкейкесті мәселе. Бұл бағыттағы жұмысты тоқтатпай әрі қарай жалғастыру баршамыздың міндетіміз.

Тарихи атаулардың ұрпақ игілігі, атадан балаға жалғасып келе жатқан асыл мұра, қайталанбас құндылық екенін ескеріп, оны жаңа мазмұнмен байыта түсуді мемлекеттілікті нығайтудың басым бағыттарының бірі ретінде қарастыруымыз керек. Ономастика саясаты мемлекет тәуелсіздігіне, ел мен жерді ұлықтау идеясына қызмет етуі тиіс. Сонда ғана ата-баба мұрасы жаңғырып, жеріміздің сәні кіреді, халқымыздың рухы күшейеді.


Баға беріңіз