Қаз Latقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Кітап ойлылыққа жетелейді

23.1.2018 558

Шын мәнінде ойлы тұлғаның қалыптасуына орасан зор мүмкіндік сыйлайтын жалғыз нәрсе бар. Ол – кітап. Бірақ соны оқуға уақыт таппай жатамыз. Жұмысбастылықты алға тартып, рухани азық алатын дүниелерден алыста жүреміз. Оны өзіміз байқасақ та, бас қатырып жатқанымыз жоқ. Кез келген саналы азамат үнемі даму үстінде болуы шарт. Оны заманның өзі талап етеді.

Қай уақытта да рухани жетілу үшін әдеби шығармаларды көп оқыған абзал. Себебі әрбір автордың туындысында тарыдай болса да пәлсапа­ның жататыны анық. Түйсінген жанға аз да болса ақыл қосады. Өкінішке қарай, XXI ғасырда әдебиетке деген құлықсыздық кең етек жайды. Әрине, оны қоғамның құбылуына сілтеп, іштей тон пішіп, әлеуметтік желілердің әлегі деуімізге де болады. Алайда мақсаты айқын адамға алынбайтын қамал жоқ.

«Мақсат» дегеннен туындайды. Бірде жақын досым: «Сендер тым қазақисыңдар, қалай осы әдеби сөйлейсіңдер» деп қызығушылық танытпасы бар ма? Әлгі жерде бірнеше кітапты оқуға кеңес бердім. Мемлекеттік қызметкердің қолы босай бермейтінін білсем де, тапсырманы үйіп-төктім. Айтқан әңгімем тым ауыр тисе керек, басы салбырап кеткен-ді. Арада біраз күн өткенде, оқығанын не оқымағанын білейін деп хабарластым. Телефонның ар жағында Қадыр Мырзалиевтің өлеңін жатқа соғып тұр. Екі аптада үш жазушының кітабын оқып тастапты. Міне, ғажап! Әсілі, заң саласының қызметкері әдебиетке әуестенбеуші еді. Мына жігіттің табандылығына расымен де таңғалдым. Жұмыстың қарбаластығына қарамай, күніне 50 бетті парақтайтын көрінеді. Сөйлеу мәдениеті де жөнге келген сыңайлы. Негізінде көп оқитындар қандай кітаптан не оқығанын аса саралап жатпауы мүмкін. Дегенмен, оқып-білгендері санасында там-тұмдап болса да сәулеленіп, жарығын шашып тұрады. Ондағы мәліметтер адамның жадында жүйелі түрде сақталмаса да кейде зердедегі жайттар еркінен тыс адамның көкейіне нөсердей құйылатын кездері болады.
Меніңше, баланы тәрбиелеу үшін адамгершілік үлгісі, ақыл-ой даналығы қажет. Сонымен қатар қарапайым ата-ана рухани асыл мұрамен суарылған жан-жақты білімдар болуы тиіс. Шындығында, оқымысты жанның миына оқыған сайын көп мәлімет құдды таспаға басылғандай жазыла береді. Зердеде сақталған осы құпия таспа мен таспадағы мағлұматтардың пайдаға асуы тікелей көп оқуға байланысты.
Кейде қай кітапты оқудың тиімді екенін біле алмай дал болады. Әр бетін оқта-текте ақтарып, қызық жайтты іздейді. Содан соң еріншектің күйін кешеді. ­Немесе әр нәрсені бір сылтауратады. Ақиқатында шындап кіріссек, мойынға жабысқан кержалқаулықты алысқа қуып, оның орнына кітап құшақтап отырған ізгілікті отырғызып қоюға болады. Әрине, ол әр адамның өз еркіндегі дүние. Тек соған бетбұру керек. Жасампаз оқымысты Жан Мольер жария қылғандай «кітаби даналықтан ақымақтың топастығы екі есе танылады». Бір білетінім, білімсізге парасаттың түсқағазын желімдеп жапсырғанымен бәрібір де жасанды сүлде болып шығады. Қалай болғанда да, біз бәріміз бір заманның ұрпағымыз әрі бір арбаның үстінде келе жатырмыз. Қазақта «көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дейтін тәмсіл бар. Көпті көрген адам қашанда көп оқиды. Сондықтан ақыл сұраған болашақтың алдында қызармаудың орайлы жолын іздеген жөн. Ал ол жолды тек кітаптан ғана таба аламыз.

Тегтер: кітап, бала, білім, жас

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

208 0

ақпарат

Өзімізден бастайық

264 0

ақпарат

Кітапқұмар президент

170 0

ақпарат

Мемлекеттің тіл тағдыры – елдің тағдыры