Әліпби еріккеннің ермегі емес

Tilalem.kz

Tilalem.kz

18 қаңтар, 2018

Елбасының жарлығымен латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі нұсқасы бекітіліп, осы маңызды шараны жүзеге асыру мақсатында ұлттық комиссия құрылғаннан бері біраз уақыт өтсе де бұл тақырып төңірегінде қоғамда әліде әрқилы пікір айтылып келеді. Бұл түсінікті де. Өйткені келешек ұрпақ үшін, ана тіліміздің болашағы үшін шешуші сәтте мұндай маңызды мәселені белгілі бір ықпалды топтар, немесе қандай да бір партия үстірт «шеше салса» үлкен қателікке ұрынарымыз анық. Ал әліпби саяси тұрғыдан да, қаржылық тұрғыдан да жыл өткен сайын өзгерте беретін жеңіл желпі дүние емес. Парламент Сенатының төрағасы, лингвистикалық білімі терең көреген дипломат Қасымжомарт Тоқаевтің 5 қарашада латын әліпбиін енгізбес бұрын жұртшылықтың пікірі ескерілуі керек деп ескертуі де тегін емес. Елбасы да жұмыс тобына осындай тапсырма берген болатын.

Латын әліпбиін енгізуге байланысты талқылауларға мемлекет қызметкерлері де, депутаттар да, қоғам өкілдері де, өнеркәсіп саласының мамандары да белсене қатысып жүргендеріне қуануға да болар, алайда ғылыми тұрғыдан саралауды қажет ететін бұл мәселеде тіл мамандарының пікіріне сүйенген дұрыс. Қазақ тіліне тән дыбыстарды орфографиялық таңбалау үшін диграфтарды пайдалану туралы ұсыныстың сәтсіздігі де алғашқы жобаны асығыс ұсынушылардың ұшқары пікірлерінің салдары дер едім.

Сондай-ақ, диграфтарды апострофпен алмастыра салу керек деген ұсыныс та үстірт қабылданған. Әйтпесе апострофтың дыбыстардың сөз тіркестеріндегі элизиясын (түсіп қалуын) бейнелейтін орфографиялық белгі екенін, оны ешқандай да әріптік немесе диактритикалық таңба ретінде қолдану мүмкін емес екенін мектеп оқушысы да біледі ғой. Ағылшын тілінде ирландиялық адам есімдері мен аздаған сөз тіркестерінде ғана, француз тілінде дауысты дыбыстан басталатын сөздердің алдында le, la артикльдері немесе de препозитивтік жұрнағы келгенде қолданылатын апостроф қазақ тіліне мүлдем жат графикалық таңба. Қазақ тілінде ғана емес, европа тілдерінің ешқайсысында да ол умляутты немесе басқа да фонетикалық қызмет атқаратын диакритикалық таңбаларды алмастыру үшін қолданылмайды. Арбаға бесінші доңғалақты қосақтасақ ол тек бөгет болатыны сияқты, барлық латын әріптеріне негізделген тілдерде ежелден қолданылып келе жатқан диакритикалық белгілер тұрғанда апострофты әріпке қосақтау графикалық эстетика тұрғысынан да, орфографиялық тұрғыдан да тіл заңдылығына мүлдем қайшы.

Кезінде диграфтардан бас тарту қажеттігі туралы пікір айтқандар бір дыбысты таңбалау үшін қос әріпті қолдансақ мәтіннің көлемі шамадын тыс ұлғайып кетеді деп орынды дәлел келтірген еді. Апостроф туралы да соны айтуға болады. Өйткені ол әріптің үстіне емес, үтір түрінде оң жақ шекесіне, яғни жанына жазылады. Енді апострофты қолданып «шаңғы» деген бір ғана сөзді жазып көрейікші (s’an’g’y). Сонда көлемі екі есеге жуық ұлғайған, жартысы жыпырлаған үтірден тұратын мектеп оқулықтары, іс қағаздары, құжаттар мен мерзімдік басылымдар ертең тағы да дау-дамай туғызбай ма? Кейбір баспасөз беттерінде апострофты «апокриф» деп шатасып жүрген «ғалымдарға» күлерсің бе, жыларсың ба?

Соңғы уақытта баспасөз бетінде «апострофты әріптің жанына емес, үстіне қондыра салсақ бұл мәселе шешіле қояды» деп әлемде жоқ «жаңалық» ашушылар да кездесіп жүр. Мұндай тайыз ой да сауатсыздықтан туады.

Латын әліпбиін енгізгенде осы бағытта алғашқы қадам жасаған бауырлас түрік, әзірбайжан, өзбек, түркімен ағайындардың тәжірибесіндегі ұтымды тұстарды да, қателіктерді де ескеру қажет. Әлем тәжірибесінде, әсіресе Еуропа елдерінде, қандай да болмасын тілдің дыбысталу ерекшеліктерін графикалық түрде белгілеу үшін апостроф емес, әріптің үстіне жазылатын диакритикалық таңбалар қолданылады. Мысалы неміс, түрік, түркімен тілдерінде қазақ тіліндегі ө, ү әріптерімен белгіленетін дыбыстарына ұқсас дауыстылар умляут таңбасымен Öö, Üü әріптері түрінде жазылады. Бұл ретте «жаңа» әріп ойлап шығарудың қажеті жоқ. Әрі түркі халықтарына ортақ латын әліпбиі 1994 жылы қабылданғанын ескерген жөн. Ол «Жас Түркістан» журналының 2002 жылғы бірінші санында жарияланған болатын. Сол әліпбимен танысқанда апострофты қолданудың еш негізі жоқ екеніне бірден көз жеткізуге болады.

Алайда түркі тілдеріндегі кейбір дыбыстарды таңбалауда бірізділік жоқ. Мысалы, түркімендер «балық» деген сөзді balyk деп жазса, түріктер balık деп ноқатсыз Ii әрпін қолданады. Дегенмен, ы дыбысының ағылшын тілінде y әрпі арқылы жазылатынын ескерген жөн. Түрік тіліндегі қазіргі әліпбиде жоқ болса да араб, парсы тілдерінен енген сөздерде кедесетін қазақтың ә, і дыбыстарына жақын Â â Î î таңбаларын қолданған ұтымды болар еді.

Болашақ латын әріптеріне негізделдген қазақ әліпбиі Еуропа және түркі тілдеріне неғұрлым жақындастыра түсуі керек. Осы қағиданы ескерсек қазақ әріптерін төмендегідей таңбалау дұрыс сияқты (кейбір әріптердің балама түрлері жақша ішінде көрсетілген) :

Аа – Aa, Әә – Ää (Â â), Бб – Bb, Вв – Vv, Гг – Gg, Ғғ – Ğğ, Дд – Dd, Ее – Ee, Жж – Jj (Žž), Зз - Zz, Ии – Ii, Ii - Î î, Кк – Kk, Ққ – Qq, Лл – Ll, Мм – Mm, Нн – Nn, Ңң – Ññ (Ňň),Оо – Oo, Өө – Öö, Пп – Pp, Рр – Rr, Сс – Ss, Тт – Tt, Уу – Uu, Үү – Üü, Ұұ – Ũũ (Ú ú), Фф – Ff, Һһ – Hh, Цц – С, Чч – Çç, Шш – Şş, Ыы - Ýý.

Қазақ тілінің төл сөздерінде кездеспейтін ц, ч, щ дыбыстарын ts, tş, şş қосарланған дауыссыздардың көмегімен, ал орыс тіліндегі я, ю әріптерін йотациялық жолмен (ia, iu) бейнелеуге болады.

Кейбіреулер айтып жүрген әріп санын жиырма беске дейін қысқартпасақ қазақ тілін компьютерлендіру қиын болады деген пікірдің еш негізі жоқ. Мысалы, қазіргі түркімен әліпбиі отыз әріптен тұрады. Бұл Интернет кеңістігінде, компьютер жұйесінде ешқандай қиындық туғызып отырған жоқ.

Осыдан біраз уақыт бұрын КТК телеарнасынан көрсетілгендей Ақтауды жергілікті әкімдіктегілер AQTAY’ деп жазғаны ешбір тіл ережесіне үйлеспейді. Өйткені кез келген шет елдік бұл сөзді «өлтірем» десең де латын графикасының ережесіне сәйкес АҚТАЙ деп оқиды, «Ақтау» демейді.. Ал ағылшын тілді басылымдарда Abay деп жазылып жүрген ұлттық поэзиямыздың мақтанышы Абайдың есімін оқушылар латын графикасымен қалай оқымақ? Егер біз қазақ тілі әлемдік деңгейде лайықты орынын алсын десек ойдан шығарылған ережелерге емес, әлемдік тәжірибеге, тіл заңдылығына сүйенуіміз керек.

Мәскеу мемлекеттік университетінің ағылшын филологиясы кафедрасында оқыған жылдары өзіме дәріс берген профессор Рубен Александрович Будагов: «Тіл жасанды ережеге, бұйрық-жарлыққа көнбейді. Ол өз заңдылығымен дамиды» деген еді. Латын әліпбиін енгізгенде де ойдан «ереже» шығармай, әлемдік тәжірибеге, тіл біліміне сүйенсек қана Елбасы алға қойған ізгі мақсатқа жетеміз.



Баға беріңіз