Жұмыс топтары іске кірісті

Ербол Тілешов, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының басшысы
Tilalem.kz

Tilalem.kz

11 қаңтар, 2018

Қоғам назарындағы маңызды мәселелердің бірі – латын әліпбиіне көшу жайы. Үміт пен күдік қайшыласқан күндер артта қалып, енді тура жолға шығуға бет алдық. Дегенмен, жұрт әлі де алаң көңіл. Осы орайда латын қарпіне көшуге байланысты нақты атқарылып жатқан жұмыстар туралы елордадағы Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының басшысы Ербол Тілешовпен тілдескен едік.

– Былтырдан бері латын әліпбиіне көшу мәселелері кеңінен талқыланды. Мақсат – айқын, ал бұл бағыттағы жұмыстар көңілге қона ма?
– Өткен жылы 26-қазан күні қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге байланысты Елбасы Жарлыққа қол қойды. Осыдан кейін Үкімет тарапынан елімізде көп мәселелер қолға алынды деуге болады. Қарашаның 16-жұлдызында ­Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен латын әліпбиіне байланысты Ұлттық комиссияның алғашқы отырысы өтті. Ұлттық комиссия құрамын­да отыздан астам мүше бар: олар – министр­ліктердің басшылары, тілге байла­нысты мекемелердің басшылары, тілші ғалымдар, үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері. Комиссия мәжілісінде жұмысты қалай жүргізу керек деген мәселе көтеріліп, жұмыс топтарын құру жағы қарастырылды. Нәтижесінде төрт бірдей бағытта жұмыс істейтін топтар айқындалды.
Бірінші орфографиялық жұмыс тобы құрылды. Оның басшысы –Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Топқа жиырмадан астам адам мүше болды. Салмақтай келсек, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің, өңірлерден Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің мамандары кіргізілді. Орфографикалық жұмыс тобының негізгі мақсаты – Елбасы бекіткен әліпбиді, оның емле-ережесін жетілдіру. Яғни жұмыс барысында емле ережеге, қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сай келмейтін кейбір таңбалар болса, апострофтық әліпбиге өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Екінші – әдістемелік жұмыс тобы. Ол орфографиялық жұмыс тобы әзірлеген пысықталған әліпбидің нұсқасы мен оның емле-ережелерін мектептерде, орта оқу орындарында, институттар мен университеттерде, мемлекеттік қызметтерде, БАҚ мекемелерінде апробациядан өткізеді. Бұл іс қазір басталды. Жұмыстар Ауыл шаруашылығы министрлігінде, Денсаулық сақтау министрлігінде, Әділет министрлігінде, «Егемен Қазақстан» газетінде және «Қазақ­парат» агенттігінде ұйымдастырылды.
Жалпы барлық 16 министрлікте апробация өткізіледі. Мұны Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың респуб­ликалық үйлестіру-әдістемелік орталығы, Білім және ғылым министрлігі қолға алмақ. Бұдан басқа осы шаруаны жүргізетін үш оқу орны анықталды. Олар ЕҰУ, Қазақ қыздар педагогикалық университеті және Тараз педагогикалық университеті. Осы үш университет негізінде апробациялық жұмыстар өткізіледі.
Әдістемелік топқа да аталған мекемелерден ғалымдар, мектеппен, оқушылармен жұмыс істейтін мамандар, оқулықтар авторлары енгізілді. Ол да жиырмадан астам адамды қамтиды. Бұл топтың жетекшісі – Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.
Үшіншісі – терминологиялық топ. Бұл топтың басында да Ерлан Сағадиев тұр. Мұнда да жиырмадан астам ғалым бар. Енді біз терминдерді бұрынғыдай орыс тілінен алмаймыз, тікелей түпнұсқадан аударамыз. Бәлкім, ағылшыннан, бәлкім француздан, бәлкім қытай тілдерінен… Кез келген тілден тікелей алынған термин біздің қандай ережемізге бағынады, тілдік табиғатымыз сақтала ма, осы жағына баса назар аударылады. Бұрын мәселен, орыс тіліндегі «революция» сөзін сол қалпында алып келдік. Енді әліпбидің өзгеруіне байланысты жағдай өзгереді. Бұл топ терминологиялық қағидаттар даярлайды.
Келесі жұмыс тобы сараптамалық-техникалық топ деп аталады. Оның төрағасы – Ақпарат және коммуникация­лар министрі Дәурен Абаев. Бұлар жаңа әліпбидің ІТ технологияға, компьютерлік технологияға сәйкестігін қарайды. Мәселен, қазір апострофтың проблемалары туралы көп айтылып жүр. Осы мәселелердің тігісін жатқызып, ыңғайлап, заманауи тұрғыда қиындықсыз қолдану үшін мүмкіндіктерді зерттеп, іске асырады. Бір сөзбен, орфографиялық топ пен әдістемелік топ жасаған жұмысты техни­ка­лық жағынан сараптап, іске қосатын болады.
– Жұмыс топтары тағы да қандай шаралар атқаруда?
– Бүгінгі күні осы төрт топ қарбалас жұмыс үстінде. Олардың әрқайсысының бірнеше отырыстары болды. Мәселен, таяуда ғана Тіл комитетінің басшысы Қуат Бораштың басшылығымен сараптамалық, орфогра­фиялық және әдістемелік топтар­дың жұмыстарын үйлестіру мәселесі ортаға салынды. Әліпби, оны тиянақтау жағдайлары жан-жақты айтылды. Осыған байланысты Ш.Шаяхметов атындағы тіл орталығынан мен өзім және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек баяндама жасады. Айта кетейік, ұлттық комиссияның екі мәжілісі өтті. Оның біріншісі 16-қарашада, екінші отырысы 7-желтоқсанда болды. Енді үшіншісі қаңтардың 18-күні болады. Біз Премьер-Министр Б.Сағынтаев бастаған Ұлттық комиссия алдында атқарып жатқан жұмыстарымыз жөнінде, жаңа әліпби туралы атқарылған істер төңірегінде есеп береміз. Сонда төрт жұмыс тобының не тындырып, не қойғаны белгілі болмақ.
– Әліпби қазір қандай деңгейде деп ойлайыз?
– Басты мәселе осы. Бұл әліпбидің таңбасы өзгере ме, өзгермей ме, атқарылған жұмыстардың қорытындысы көрсетеді. Әліпбиге байланысты, апробацияға байланысты қандай ыңғайсыздықтар туындады, әліпбидің тиімді, тиімсіз жақтары қандай, осының бәрін Премьер-Министрдің алдына даярлап апарамыз.
– Әліпбидің жаңа нұсқасындағы ­апострофтар жайында айтылып жүрген пікірлер бар. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Иә, апострофты әліпбиде белгілі бір жетілдіретін тұстар баршылық. Осы тұрғыда комиссиялар жұмыс істеп жатыр. Бұл орайда олардың құрамына көптеген сын-пікірлер айтқан азаматтар да кіргізілді.
Қазір әліпбиді дайындаған бұрынғы жұмыс тобы жоқ. Енді жаңа құрамдағы жаңа топ іске кірісті. Осы топтарда тоқсанға жуық ғалым жұмыс істейді. Жаңа әліпбиге қатысты ғылыми еңбек жазып жүрген азаматтардан ешкім де шет қалған жоқ.
Мұны былай қойғанда, желтоқсанның бас кезінде Премьер-Министр сарап­тамалық-техникалық жұмыс тобының ішінен тағы бір топ құрылсын деп тапсырма берді. Оның құрамына мемлекеттік емес ұйымдардың мүшелері Дос Көшім, Ерлан Сайыров, Айдос Сарым сияқты азаматтар қосылды. Әліпбиді Қазақстан халқына жеткізу, түсіндіру, насихаттау жұмыстары кезінде сараптамалық-техникалық топтың екі функциясы болады. Біріншісі – ІТ технологиясы бойынша сараптау, екіншісі – насихаттау. Бүгінде осы жұмыс топтарының құрамы бекітілді. Бір жылға жұмыс жоспары бекітілді. Оның үстіне латын әліпбиіне көшуге байланысты «Тіл – қазына» деген арнайы республикалық мемлекеттік-қазыналық кәсіпорын ашу қарастырылуда. Өзінің штаты болады, яғни бір мекеме осы латын әліпбиіне жауап береді. Бұған даярлық жұмыстарымен Мәдениет және спорт министрлігі айналысып жатыр. Осы министрлік тіл саясаты бойынша өкілетті орган ретінде барлық жұмыс тобының ісін үйлестіріп отырады.



Баға беріңіз