Қаз Latقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде

11.1.2018 331
Бүгінгі таңда елімізде Елбасының бастамасымен «Рухани жаңғыруға» байланысты көптеген игілікті шаралар жүзеге асырылып жатыр. Рухани жаңғыру – елдік жаңаруға, күллі рухани құндылықтарды дамытуға негіз болатын маңызды серпіліс. Олай болса, мемлекеттік тіл іргетасының мықты қалануы да – рухани жаңғыруымызға себепкер екені анық. Оқырман назарына ұсынылып отырған мақаламызда ана тіліміздің ой-санамызды толғандырған өзекті мәселелеріне назар аударуды жөн көрдік.

Жалпы адамзат баласының әлемдегі жанды жаратылыстан басты айыр­машылығы оның санасы мен ті­лінде екені бесенеден белгілі. Осы белгілер арқылы олар өзара қарым-қатынасқа түсіп, қауымдасып, әуелі отбасын, соның негізінде қоғамды құрайды. Ал бір қоғамның екіншіден айырмашылығы да, олардың өрке­ниетке жету жолдары да осы сана­лылықтың деңгейімен және тілдік кеңістіктің сапасымен айқын­далады.

Алтайдан Еділге дейінгі алып аймақты алып жатқан Қазақстан ежелден әлемдік адамзат қауымдастығының бір отауы болып келген-ді. Ресейдің отары болып, қарамағына өту мен соның саяси жалғасындай болған Кеңес өкіметі тұсында өз билігінен айрылды. Жергілікті халық «бұратана» аталып, оның ең бірінші тілі, діні мен ділі рухани езгіге ұшырады. Заманында патшалық Ресейдің Қазақстанды отарлау саясатынан туындаған қайшылықтарды ең бірінші Алаштың ардақтылары біліп, қолынан кел­генінше қарсылық көрсетті. Сонау Алаш ұлт-азаттық қозғалысының ­бастауында-ақ, 1905 жылы Мәскеуде өткен қалалық қайраткерлердің съезінде қазақ халқының атынан сөз сөйлегенде Әлихан Бөкейхан ең бірінші – өз халқының ана тіліне бостандық берілуін, ісқағаздары қазақ тілінде жүргізілуін, қазақ мектебінің қудаланатынын айтқан еді. Алаш көсемі тілдің азаттығын ел тәуелсіздігінің ең басты шарты деп ұғынды.
Кеңестік заманда тілімізге деген қиянат Қазақстанның өзінің ең бас­ты құжатынан танылды. 1937 жылғы Конституцияда ежелден осы жердің иесі және мемлекет құрушы ұлттың тілі туралы бір ауыз сөз айтылмады.Сөйтіп, Одақ Конституциясындағы орыс тілінің құқықтық нормалары өктемдікпен мойындаттырылды.
Қазақ қоғамында орыс тілінің үстемдігін арттыра түскен келесі қадам 1938 жылғы 13 наурызда СССР Халық Комиссарлар кеңесі мен БКП(б) Орталық комитеті «Ұлттық республикалар мен облыстардың мектептерінде орыс тілін міндетті оқыту туралы» қаулысынан басталды. Бұл өз елінде азшылық болып қалған халық үшін зор әлеуметтік, саяси-құқықтық қиын­шылықтарға жол ашты.
Мәскеу ондаған жыл отар­лық езгіде болған, кеше ғана бар қаймағы сылынып алынған, содан саяси қырағылығы елеулі төмендеген бұқара халықтың шала сауатты белсенділерінің бұл сая­сатты жалаулатып алып кететініне сенді. Шынында да солай болып шықты. Олар алға шығып, орыс тілінің үстемдігін орнатуға жеңдерін түріп тастап кірісті. Мәскеуде қабылданған қаулыға бір ай да толмай жатып, яғни 5 сәуірде Қазақстан КП(б) ОК және ҚССР Халық комиссариаты кеңесі жоғары органдардың шешіміне сәйкес кешенді іс-шара қабылдады.

Онда 1938-1939 оқу жылында бастауыш мектептің екінші сыныбының екінші жартысынан, толық емес орта және орта мектептердің үшінші сыныбынан бастап орыс тілін оқытуды қамтамасыз ету республика халық ағарту комиссариатына тапсырылды. Бұл сыныптарда орыс тіліне бөлінген апталық сағаттар нақты көрсетілді. Осымен бас­тауыш сынып 5 жылдық болсын, оның алғашқы үш жылында ұл-қыздарымыз өз ана тілінде еркін оқып, жаза және сөйлей алсын, сонан соң 4 сыныптан орыс тілін оқытайық деген баланың жас ерекшеліктерін жете білетін тамаша педагог әрі психолог, Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда, «оқыған азаматтардың тұңғыш көсемі» Ахмет Байтұрсынұлының өсиеті келмеске кетті.
Шынына келгенде, ол кезде қазақ мектептерінің жағдайының өзі тіпті мәз емес еді. 1937/1938 оқу жылында республикадағы барлық 292 мектептің 157-і орыс мектептері, 10 аралас, 89-ы ғана таза қазақ және т.б. мектептер болды. Бірақ бұл біздің басшыларды да, қосшыларды да ойландырмады. Қайта орыс мектебін, орысша оқытуды өршелене көбейтуге ұмтылды. Ұлы Отан соғысы аяқталысымен Орталықтың саясаты жадыларында жатталып қалған республиканың билік органдары орыс тілін оқыту мәселесіне қайта оралды. 1948 жылдың 2-3 тамызында Қазақстан КП(б) ОК «Қазақ мектептерінде орыс тілін оқыту туралы» қаулы қабылдады. Онда қазақ мектептерінде, әсіресе ауылдық жерлерде орыс тілінің қанағаттанғысыз оқытылып жатқаны атап көрсетіледі. Сонымен қатар қазақ мектептері өздерінің алдында тұрған негізгі міндеті болып саналатын ұлттық кадр­ларды ғылыммен қаруландыру және оның ары қарай өсуі үшін қазақ жас­тары марксизм-ленинизмнің негізін салушылардың өшпес еңбектері, кеңес ғылымы мен мәдениеті баяндалған орыс тілін ана тілімен бір деңгейде оқытылса ғана шешуге болады деген қорытынды жасалды…
Қазақ тілінің жағдайын, әсіресе солтүстік облыстарда аса күрделендіріп жіберген кейбіреулер әлі аңсап жүрген тың және тыңайған жерлерді игеру болды. Бұл Қазақстанның осы аймағын Ресейге қосуды ойлаған ертеден келе жатқан кешенді саясаттың маңызды саласы болатын. Миллиондап келген тың игерушілер ең бірінші жергілікті халықтың жерін иеленді, құрамын барынша азайтты, сонан соң тілін кейінге ысырды. Енді ата-аналар санасында болашақта қазақша оқыған баланың күнін көруі қиынға соғады деген теріс ұғым берік қалыптасты да, олар балаларын орыс мектептеріне жаппай бере бастады. Соның салдарынан республикада жүздеген қазақ мектебі жабылып, аралас мектептер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Содан орыс-қазақ аралас мектептерінде оқу-тәрбие жұмысындағы қос тілділік бірте-бірте біртілділікке, орыс тіліне ауысты. Сөйтіп, 1980-жылдардың аяғында Қазақстанда барлық оқушылардың 67 пайызы орыс тілінде оқыды. Осындай себептерге байланысты қазақ тілінің беделі күрт төмендеді, қолданылу аясы тарылды. Өз елінде, өз жерінде ол екінші қатардағы, кейде аударма тілге айналды.

Тіл тәуелсіздігі – ел тәуелсіздігі

Егемендіктің елең алаңында Алаш­тың көшбасшыларының тәуелсіз­дікті тілден бастау керек деген дәстүрін еліміздің ұлтшыл азаматтары алғы шепке шығарды. Өйткені бұл туған тіл азаттықтың әліпбиіндей, қазақтың табиғи құқығы, тәуелсіздігіміздің туы да, тұғыры да деген түсініктің нәтижесі болатын. Сөйтіп, еліміздегі демографиялық жағдайдың аса бір күрделі кезінде, яғни 1989 жылдың 22 қыркүйегінде өткен он бірінші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің кезектен тыс он төртінші сессиясында «Қазақ ССР-інің Тіл туралы» Заң қабылданып, қазақ тілі аса зор қиыншылықпен мемлекеттік мәртебеге ие болды. Шындығында, бұл еліміз үшін аса бір сындарлы кезең болатын. 1989 жылы республикада барлық 16,5 миллиондай халықтың 6 534 616-сы қазақ, 6 227 549-сы орыстар-тұғын.Осындай жағдайда тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болғаны, шын мәнісінде, айтарлықтай һәм айрықша оқиға еді. Алайда көп ұзамай «Қазақ ССР-інің Тіл туралы» Заңынан бізге тіліміздің негізінен қағаз жүзіндегі мемлекеттік мәртебесі ғана қалды. Заңның «Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Ұлттық мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты» деген жолдар ұмытылды.
Мемлекетіміздің Тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан асты. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болғанына отыз жылдай болды. Еліміздегі мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп конституциялық шешім жасал­ғанына жиырма жыл толды. 1997 жылы «Тіл туралы» Заң қабылдан­ды. 2001 жылдан бері әр он жылға арналған тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламалары жұмыс істеп келеді. Осының барлығы сан ғасыр сіресіп келген қалың сеңді бұзды. Оған дау жоқ. Алайда ұлттық қайта түлеуге бетбұрыс егемендікке жету мен тәуелсіздікті алу идеяларынан ары аса алмады. Сан ғасыр арман болып келген саяси азаттық, асқақ идея дәстүрлі ұлттық рухани бұлақтан суарылмады, жаңа жағдайдағы мұраттарымызды шешуге бағытталмады. Кеңестік социалистік интернационализммен уланған сана тәуелсіздік идея­сымен жаңғыртылмады. Кешегі ұлтсыздық, құлдық санамен күрес батыл жүргізілмеді. Мысалы, өзгелердің саны өз халықтарынан кем болмаса да Балтық теңізі жағалауындағы елдер аз уақытта өз тілдерін шынайы мемлекеттік мәртебеге көтеріп алды. Өйткені оларда ең негізгісі ұлттық рух пен ұлттық намыс күшті болды. Саяси санасы сергек елдер жаңа жағдайда тез есін жиып алды.
1993 жылғы Конституцияда «Орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі болып табылады» деген тақиямызға тар болып, 1995 жылы қабылданған Ата заңның 7-бабының бірінші тармағындағы «Қазақстан Респуб­ликасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген конституциялық шешімге қайшы екінші тармақта «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген құқықтық норма қабылданды.Біріншіден, өз болашағын ойлаған ел мұндай бірінші тармақтағы норманы жоққа шығаратын конституциялық норма қабылдамас еді. Екіншіден, бұл конституциялық қағиданың орындалуын қатаң бақылайтын тиісті орган да болмады. Біресе құрылып, біресе жойылып отырған орталық тіл комитеті мұнымен айналыса алмады. Тіпті оған ондай құқық та берілмеді. Ал 1997 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы тіл ­туралы» Заңда қазақ тілі республикадағы өзге тілдердің қатарынан көтеріле алмады, Ата заңымыздың 7-бабының 1-тармағындағы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеретіндей құқықтық нормалар қабылданбады. Сол себепті Заңның 4-бабындағы «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және ісқағаздарын жүргізу тілі» деген қағида осы кезге дейін барлығымыз үшін тиісті нормаға айналмай, жай қағаздағы сөз болып қалып отыр. Сондай-ақ Заңдағы «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» дей салған қауқарсыз қағида да ешкімді ештеңеге міндеттей алмады. Ал «Тілді мемлекеттік қорғау» деген 23-бап «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл және барлық басқа тілдер мемлекеттің қорғауында болады» деген жалпы сөздермен шектелді. Сөйтіп, мемлекеттік мәртебеге ие болған тілдің басқа тілдерге қарағанда үстем болуы деген әлемдік тәжірибе Конституцияда да, Заңда да ескерілмеді. 27 баптан тұратын Заңның 10 шақты бабы тек орыс тілінің қамын қарастырды. Тіпті Заңда Конституцияның 7-бабының 1-ші және тіпті 2-тармақтарына қайшы нормалар қабылданды. Мысалы, Заңның «Деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлi» деген 21-бабынан бастап ары қарай көптеген баптарында орыс тілі мемлекеттік тілмен қосақталып кете берді.
Ащы да болса ашығын айтайық, қазір де қазақ тілі туралы мемлекеттік саясат толық тұғырына қонған жоқ. Сондықтан мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілі әлі мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының төріне шыға алмай отыр. Басқа билік органдарына қарағанда ұлттық сипаты басымырақ болуға тиісті Парламентте де қазақ тілі аударма тіл дәрежесінен аса алатын емес.
Қазір қазақ тілінің жағдайы күрделене түспесе оңалатын түрі жоқ. Елбасының 2006 жылғы қазанда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХII сессиясында жарияланған ­«триединство языков» деген сөз тіркесін құқықтық сауаты төмен аудармашылар «үш тұғырлы тіл» деп аударып, үш тілді бір деңгейге қойып, қазіргі жұртты да, министрліктердегілерді де шатастырып қойды. Орыс тілді қаракөз ғылым докторы «Сбалансированная языковая политика: триединство языков» деп жиындарда баяндама жасап жүр. Кейбір газеттер тілдің үш қырлылығы туралы жазып, тілімізді үш қырлы егеуге теңеуде. Балабақшаларда өз ана тілін еркін біле бермейтін 4-5 жасар ұл қыздарымызға үш тілді, бірінші сыныптан бастап жүйелі ағылшын тілін оқытып жатырмыз. Мұндай шаралар ұлттық ойлау жүйесі қалыптаса қоймаған ұрпақтарымыз үшін аса қауіпті. Осыларды көріп біліп отырған халқымыздың елеулі бөлігі өз тілін мойындайтын емес. Әсіресе отбасын жаңа құрған жастар өздері қазақ тілін еркін білмегеннен кейін өз ұрпақтарын орыс мектептеріне беріп жатыр. Ал аралас мектептер бүгінгі республикадағы барлық мектептердің 20 пайыздайынан кемитін емес. Қазір орыс мектептеріндегі оқушылардың елеулі бөлігін қазақтың ұл-қыздары құрап отыр. Орта арнаулы және жоғары оқу орындарында да орыс топтарындағы студенттердің дені қазақтың ұл-қыздары. Қазіргі еліміздегі қазақ тілдік кеңістіктегі жағдай осындай. Ең негізгісі – белгілі әлеуметтік әрекет пен құқықтық нормалардың жетімсіздігінен қоғамда ана тілімізге деген тәуелсіз сана өте баяу қалыптасып келеді.

Қазақ тілі құқықтық қолдауды қажет етеді

Бұл жағдайдан шығудың жолдары жоқ емес. Бар және көп. Елбасы 2006 жылы 11 мамырда «Ана тілі» газетіне берген «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты сұхбатында қазақ тілінің тағдыры, оның дамуы мен болашағы туралы айта келіп, Тілдер туралы Заңды қайта қарап, қажет болса замана талабына сай өзгерістер енгізу керек дегенді жайдан-жай айтпаған болатын. Елбасымыздың «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы да ең алдымен рухани тұғырымыз – тіліміздің мәңгілігіне де тікелей қатысты. Сол сияқты өмірімізге ендіріле бастаған латын әліпбиі де қазағымыздың рухани тұтастығын, тілдік бірлігін қажет етіп отыр.
1997 жылдан бері еліміздегі демографиялық жағдай жақсарды. Қазақтар барлық халықтың 65 пайы­зынан астамын құрап отыр. Өзге этнос өкілдерінің санасында да мемлекеттік тілге деген оң өзгерістер орын алып, жер, ел иесінің ана тіліне деген ізгілікті түсінік жай да болса қалыптасып келеді. Осының барлығы қабылданғанына жиырма жыл болған, кейбір баптар алға жылжуымызға тұсау бола бастағанын ескеріп, алға жылжуымызды қамтамасыз ететін күрделі құқықтық нормалар қажет болып отыр. Біздіңше, біріншіден, Ата заңның 7-бабының 1-тармағындағы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейте түсуді қолдайтын құқықтық амалдарды жан-жақты ойластыру қажет. Мұның бір жолы қолданыстағы Заңнан Конституцияның 7-бабының 1-тармағына қайшы нормаларды алып тастау керек. Біріншіден, Ата заңның екінші тармағындағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген құқықтық норманы мүмкіндігі болса алып тастап, болмаса оның орындалуын, бұл норманың басқа тілдік кеңістікке жайылмауына қатаң құқықтық бақылау орнататындай арнайы норма қажет. Екіншіден, Заңның «Деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлi» деген 21-бабында «Мемлекеттiк органдардың мөрлерi мен мөр-таңбаларының мәтiнiнде олардың атау­лары мемлекеттiк тiлде жазылады» деп айқын көрсетіліп, одан кейін «Меншiк нысанына қарамастан, ұйымдардың мөрлерiнiң, мөртаңбаларының мәтiнi мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жазылады», сондай-ақ көрнекi ақпаратты екі тілде жазу қажет тағы осы сияқты мемлекеттік органдарға қатысы жоқ заңдық нормалардың «мемлекеттік тілде және орыс тілінде» деп қосақтаудан арылуымыз қажет. Үшіншіден, Қазақстан Республикасындағы тіл туралы Заңды орындамағаны үшін бақылауды күшейтетін, әсіресе ұжымдардың бірінші басшыларының жеке жауапкершілігін қатайтуға байланысты құқықтық нормалардың болғаны жөн. Қазақ ежелгі дәстүр бойынша, жасы үлкенге де, қызметі жоғарыға да қарап, сыйлап, тыңдап қалған ізгі жанды, ізетшіл халық. Депутаттар мемлекеттік тілді қорғайтын басқа да жайларды ойластырып жатса, дұрыс болар еді.
Мұндай өзгерістер мемлекеттік тілге деген жаңа бетбұрысты танытар еді. Бұл еліміздегі қазақ тіліне деген ұжымдық сананың қалыптасуына да оң ықпал етіп, халқымыздың тұтастығын арттыра түсер еді. Сөйтіп біз «Қазақ елі» деген қастерлі де қасиетті қоғамға жақындай түсер едік.
Елбасы 2008 жылғы 29 мамырда қазақ тілді ақпарат құралдарының жетекшілерімен кездесуінде «үш тілдің бірлігін» («триединство языков»), әсте «үш тұғырлы тіл» емес, дұрыс түсінбегендерге: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» деп қадап айтқан болатын. Осылай айтылғанымен және мазмұны жағынан да, құқықтық ­сипаты жағынан да қате аудармадан алдымен мемлекеттік қызметкерлер айрылатын емес. Біздің байқағанымыз, Білім және ғылым министрлігіндегі шенеуніктерде жас балалар тілге бейім деген түсінік қатаң орнаған. Олар «компьютерлік базасы» мол жас бала өз жадына сөз суретін түсіріп қана алатынын, алайда оны сканерлеп (талдап) ұғына алмайтынын білгендері дұрыс болар еді.
Мен тілге қатысты билік органда­рының барлығына дерлік хат жаздым. Олардың айтатыны – сұралған қазақтардың 300 мыңдайы балалары­ның ағылшын тілін білгендерін қалайды екен. Қазіргі күні баласының ағылшын тілін білгеніне қарсы ата-ананы қолға шырақ алып жүріп табу қиын шығар. Әңгіме ағылшын тілін қашан, қалай оқытуда болып отыр. Ағылшын тілі туралы сұрақпен босқа уақыттарын өткізгенше Білім және ғылым министрлігі оқу орындары жүйесіндегі қазақ тілінің жағдайын неге зерделемеген. Өйткені ондай зерттеулердің қорытындылары олардың зәресін алулары мүмкін.
Бүгінгі ағылшын тілін күндіз-түні насихаттаушылардың ойынша, ағылшын тілін еркін меңгерген халықтың табысы мол, жастар арасында жұмыссыздық аз, бизнес-климат жоғары деңгейде көрінетін сияқты. Олай болса, кезінде ағылшындардың отары болған Африка құрлығының оннан астам елдері, Азиядағы Филиппин, Камбоджа, Индонезия сияқты елдер, ағылшын тілі екінші мемлекеттік тіл саналатын Үндістан неге осы күнге дейін кедейшіліктің құрсауынан шыға алмай отыр? Әсілі, байлық елдің табиғи артықшылығынан және меншіктеудің нысанынан құралып, басқарудың әдіс-тәсілдері мен халықтың еңбекке деген ынта-ықылысымен жасалатын шығар.
Шындыққа бетпе-бет қарасақ, орыс тілінен көп пайда таптық, тауып та отырмыз. Ежелгі солтүстік көршіміздің мәдениеті мен әдебиетіне қол жеткіздік, осы тіл арқылы әлемдік мәдениеттен сусындадық, т.б. дегендей. Бірақ Абай өзінің «Жиырма бесінші сөзінде»: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр» дей отырып, оның зарарынан қашық болу керек деген өсиетін қатаң ұстай алмадық. Содан рухани жағынан жоғалтқанымыз молырақ болып кетті. Өйткені орыс тілін орыс халқының білім-ғылымын, өнерін үйренуге арналған тіл деп, оны біліп қана қойғанымыз жоқ, осы тілде тәрбиелендік, осы арқылы кейбір ұлтымыздың табиғатына жат дүниелерді бойымызға сіңірдік, қазір де солай етіп келеміз.
Бүгінгі ағылшын тілін үйрену де орыс тілін меңгергеніміздей болып кетпесе екен. Өмір Батыс тәрбиесін алған азаматтарымыздың рухани жағынан өз ұлтына өгей болып келетініне толып жатқан мысалдар ұсынып келеді. Олар Батыс білімі мен тәрбиесін ұлтымыздың тарихи және ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып, қабылдауды біле бермейді. Сондықтан Батыстан алынған жаңалықтардың қоғамымызға кіріге алмай жатқан фактілері жетерлік.
Кейде мәселені тиісті дәрежеде шешу дегенге ұлттық рухымыз әлсіздік көрсетіп жатады. Мұстафа Шоқай тәуелсіздік үшін күресте азат сана, саяси сергектік пен ұлттық рухымызды жеткілікті қалыптастырудың маңызына ерекше көңіл бөлген болатын. Осы орайда оның: «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жеміс береді» деген сөзін айта кетсек артық болмас. Және ұлттық рухтың шынайы ұлтшылдық үдерісінде қалыптасатынын атап көрсете отырып, Мұстафа Шоқай халқымыздың мәдени және рухани саладағы жетістіктерінің барлығы ұлтшылдық қозғалысқа тән деген еді.
Осы жайларды ескере отырып, жоғары билік органдарына осы қоғамның мүшесі, халықтың бірі өкілі ретінде мынандай нақты ұсыныс жасаған болатынбыз. Ұсынысымыз кез келген балабақшада ағылшын тілін оқытуды тыйып, қазақ тілін жүйелі түрде үйретуге көшу қажет. Бұл үшін балабақша тәрбиешілерінің мамандығын қосымша қазақ тілі пәнімен толықтыру керек. Бұл бүгінгі күнкөріс қамымен көбіне жұмыста болатын жас ата-аналардың отбасындағы қиындықтарды жеңілдетуге көмектесер еді. Екінші жағынан, бұл ұл-қыздарымызды мектепке дайындау да болады. Сонан соң бастауыш мектептің алғашқы сыныптарында қаракөз оқушылардың қазақша жаза, оқи және сөйлей алуына, олардың ұлттық ойлау жүйесінің қалыптасуына ерекше мән берген жөн. Бар мүмкіндік, бар күш-жігер балабақша мен бастауыш мектептердің алғашқы жылдарында мемлекеттік тілді дамытуға бағытталғаны жөн. Білім мен тәрбиені қазақ тілінде және ежелден келе жатқан еш халықтан кем емес ұлттық құндылықтар негізінде, ­замана талаптарын тарихи және ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып қабылдаған дұрыс болар еді. Ал орыс және ағылшын тілдерін әлемдік білім ғылымның биігін игеру құралы ретінде ғана ескерген жөн.

Сөз соңы

Жарты жылдан астам бұқаралық ақпарат құралдарында қызу талқыла­нып келе жатқан Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы бүгінгімізді жинақтап, келе­шегімізге кемел ұсыныстар беруімен құнды. Шынына келгенде, рухани жаңаруды біздер ұлттық тілге деген көзқарастан бастауымыз керек. Өйткені соңғы ғасырлар ең қайшылықты қарым қатынас ана тілдік кеңістікте болды. Сол қордаланған аса күрделі қоғамдық құбылыстарды оңалтпайынша, өз ана тіліміздің құдіретін барынша терең түсінбей, оған толыққанды ие бола алмай, рухани жаңару туралы айтқан жалынды сөздеріміз ешкімнің жүрегін жылыта қоймас. Сол себепті тағы да Елбасымыздың «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген қарапайым ғана сөз тіркесі әркімнің көкірек төрінде ұялауы керек-ақ.

Тегтер: қазақ тілі, мемлекеттік тіл, Әбдіжәлел Бәкір, тіл
Авторы: ​Әбдіжәлел БӘКІР, саяси ғылым докторы, профессор, "Ана тілі" газеті

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

8 0

ақпарат

​Қостанайда «Тіл – парасат» атты облыстық байқау өтті

43 0

ақпарат

​Тіл ғылымының негіздеріне жаңаша көзқарас қажет

81 0

ақпарат

Сирек қолжазба – құнды мұра