Деңгейлі оқытуға арналған "Сарыарқа 2" оқу-әдістемелік кешені шығарылды

Tilalem.kz

Tilalem.kz

13 желтоқсан, 2017

Қарағанды қаласында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, мемлекеттік тілді оқыту әдістемесін жетілдіру және «Сарыарқа 2» оқу-әдістемелік кешенімен таныстыру мақсатында «Сарыарқа-2 оқу-әдістемелік кешенінің оқытуды біріздендірудегі рөлі» тақырыбында облыстық тұсаукесер-семинар өтті.

Шарада «Сарыарқа 2» оқу-әдістемелік кешенінің тұсауы кесілді. Мазмұнды басқосуға ЖОО-ның тіл мамандары, лингвист ғалымдар, басқармалардың тілге жауапты мамандары, аудандардағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен тілге жауапты мамандары, облыстық тіл орталықтарының директорлары мен әдіскерлері, оқытушылары, жалпы орта білім беретін мектептердегі қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдері және әдістемелік бірлестік жетекшілері, БАҚ өкілдері қатысты.

Тұсаукесер-семинарда басқарма басшысы Қаңтарбекова Гүлнәрайым Хасенқызы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессорлары, филология ғылымдарының докторлары Мәжітаева Шара Мәжітайқызы мен Әділова Алма Советқызы сөз сөйлеп, «Сарыарқа – 2» оқу-әдістемелік кешені туралы пікір білдірді. Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Лиза Қожаққызы оқу-әдістемелік кешен авторларына орталық Алғысхатын табыстады. Сондай-ақ семинар барысында Қарағанды облысы тілдерді оқыту орталығының әдіскер, оқытушылары А1, А2, В2 деңгейлері бойынша тренинг-сабақ үлгілерін көрсетті.

Айта кетейік, «Сарыарқа – 2» оқу-әдістемелік кешенінің А1-Қарапайым және А2 – Базалық деңгейге арналған оқу құралдары ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының қолдауымен баспадан шығарылып, республикаға таратылды.


Баға беріңіз