Ақтөбеде Алаш ардақтыларына құрмет көрсетілді

Жуырда Ақтөбе қаласында «Алаш идеясы – Мәңгілік елдің ұстанымы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Tilalem.kz

Tilalem.kz

13 желтоқсан, 2017

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында Ақтөбе қаласының әкімдігі мен Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен үстіміздегі жылғы 7 желтоқсанда Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған «Алаш идеясы – Мәңгілік елдің ұстанымы» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияны өткізудегі негізгі мақсат – азаттықты аңсаған Алаш ардақтыларының негізгі ұстанымдарын, идеяларын халыққа насихаттау, тарихымызды көпшілікке дәріптеу, патриот қоғамды қалыптастыру.

Аталған шараға Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова, Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек қатысып, «Алаш ғылымы және Мәңгілік Ел идеясы», «Алаш және қазақ тіл білімінің мәселелері»,«Рухани кодтың түп тамыры – мемлекеттік тіл», «Алаштың Біртұтас идеясы», «Алашорда: Тәуелсіздік идеясы», «1921-1922 жылдардағы ашаршылық және Алаш қайраткерлерінің іс-әрекеті», «Ахмет Байтұрсынұлының грамматикалық категорияларды жіктеудегі ұстанымдары» тақырыптарында мазмұнды баяндамалар оқыды.

Конференцияда Алашорда үкіметінің жаңару мен жаңғыру бағытындағы саяси-қоғамдық қызметі, елдік мұраттағы ұлы мақсатқа жетуде Алаш ардақтыларына жүктелген үлкен жауапкершілік, біртұтас Алаш идеясының негізгі ұстанымдары – ұлттық демократиялық ел құру, тіл, жер мәселесі және тәуелсіздік алған жылдардағы тіл саласында қол жеткізілген елеулі жетістіктер, оның ішінде бүгінгі күннің тарихи маңызды қадамы – латын қарпіне көшу мәселелері сөз болды.

Басқосуда «Қазақ елі рухани жаңғырмай, дамымайды» деген ойды алғаш айтқан Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш қайраткерлерінің идеялары қайта жаңғырды. Тұшымды ой-пікірлерді ортаға салған ғалымдар ғасыр салып жаңғырған идеяны жүзеге асырудың артында қазақты сақтап қалудың басты принциптерінің тұрғанын жеткізді.

- Алаш арыстары – өздерінің перзенттік парыздарын, азаматтық қарыздарын өтеп өткен асыл жандар. Алаш идеясы – қазақ идеясы, Алаш идеясы – Тәуелсіздігіміздің басты идеясы, осындай қазақ елінің рухани тұтастығын қамтамасыз ететін, тұтас тарихымызды, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін шаралар қазақтың азаматтық және рухани тарихындағы ең үлкен басты оқиғалары болып қала бермек. Бұл қадам – біз үшін, ел үшін бірегей қадам. Саналы ғұмыры мен қайраткерлік болмысын ұлт тағдырына арнаған Алаш ардақтыларына лайықты баға беру, құрмет көрсету – біздің тарих алдындағы борышымыз,- деді Амангелді Айталы.


Сонымен қатар шара барысында Ақтөбе өңірінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде, тіл саясатын жүзеге асыруға үлес қосып жүрген тіл жанашырлары, ұлт мүддесіне қызмет жасап жүрген азаматтар – Амангелді Айталы, Қартбай Нұқы, Еркін Құрманбек, Жаңғабыл Қабақбаев және Рысжан Ілиясовалар Ақтөбе қаласының әкімі І.Испановтың алғыс хатымен марапатталды және конференцияның секциялық жұмысынан соң барлық қатысушыларға сертификат табысталды.




Баға беріңіз