​Мемлекеттік тілде диктант жазды

Tilalem.kz

Tilalem.kz

29 қараша, 2017

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Павлодар облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы «Ана тілі» орталығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында мемлекеттік тілде диктант жазу шарасын ұйымдастырды.

Диктант жұмысына қазақ жазушысы Міржақып Дулатовтың адамгершілік, мейірімділік және қайырымдылық қасиеттерді насихаттауға арналған «Байлық» әңгімесі таңдалып алынды.

Мемлекеттік тілдегі сауаттарын байқауға және білімін одан әрі жетілдіруге бағытталған шараға этномәдени бірлестіктерінің мүшелері, қазақ тілі курсының тыңдаушылары және жастар қатысты.

Шара облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы С.Османованың құттықтау сөзімен ашылды. Ол қатысушыларды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, «тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, сондай-ақ ұлттардың ынтымағы мен бірлігін жарастыратын да, Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белестерге шығаратын да осы мемлекеттік тіліміз» екендігін айта кетті.

Айта кетейік, жазба жұмысының қорытындысы бойынша үздік танылғандар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне арналған дөңгелек үстел шарасында дипломдармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталатын болады.


Баға беріңіз