​Латынға көшу – келешек үшін керек

Tilalem.kz

Tilalem.kz

28 қараша, 2017

Жаңғыру жолына көш бастаған еліміз үшін латын әліпбиіне көшу ұтымды бастама екенін ғалымдарымыз қолдауда. Сондықтан да қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы даярланып, қоғам назарына ұсынылды. Жаңа жазу төңірегінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Рухани жаңғыру – ұлтты ұйыстыратын ұлы құндылық» тақырыбында кездесу өтті. «Жамбыл облысы ҮЕҰ қауымдастығы» ЗТБ және қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімі мұрындық болған шараға А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты жетекшісінің орынбасары филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүнісбек пен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру- әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов қатысты.

– Көптен айтып жүргенімдей, латын әліпбиіне көшуді жұрттың кейбірі бір таңбадан екінші таңбаға ауыстыра салу деп ұғып жүрген секілді. Бұл кәдімгі күрделі әрі іргелі жазу реформасы екенін естен шығармау керек. Әлемдегі әрбір мемлекет өзінің жазуын оқтын-оқтын реттеп, пысықтап отырады. Сол сәт бізге де келді. Өткен ғасырда орыс тілінің әліпбиі мен емле ережесі мүлде бөлек қазақ тілінің әліпбиін қосып жібердік. Қазіргі қолданыстағы әліпбиімізді «қазақ әліпбиі» деп атауға болмайды. Елбасының Жарлығымен жаңа әліпбидің нұсқасы бекітіліп, әлеуметке жол тартты. Көшбасшымыз қолға алған бұл бастама – келешек ұрпағымыз үшін жасалынып жатқан игі қадам. Бізге тек осы бекітілген әліпбимен жұмыс жасап, қолдайтын уақыт келді. Әуелі мектептен бастап үйретудің қандай жолы барын қарастыру керек. Алғашқы үлгі қолдарыңызда. Қоғам келешегі үшін жасалған бұл қадамды іске асыруда барлығыңызға атқарар тиісті жұмыс бар. 2025 жылы еліміз түгелдей осы әліпбимен сауат ашуы қажет. Бүгінге дейін 42 әріп бар деп орыстардың әліпбиімен күн кешіп келдік. Тіпті көп азаматтар қазақ тілінде неше дыбыс барын нақты біле алмай келеді. Кірме таңбалар арқылы біз тілімізді де ластап алғандаймыз. Қазақ тілінде барлығы 28 дыбыс бар. Біз осы дыбыстардың өзіне ие болуымыз керек. Кезінде «Джамбул», «Джабаев» деп таңбаласақ, «Көкшетау» деген сөзіміз «Көкшетав» деп жазылып, солай оқылып та келді. Ал бүгінгі әліпби халықаралық үлгіге енді, – деді профессор Ә.Жүнісбек.

Сондай-ақ тіл жанашыры 28 дыбысымызға үйлесімді латын әліпбиін қабылдағанда ғана ұлттық әліпбидің ұлттық емле-ережесі қалыптасатынын айтады.

– Дүние жүзінің 56 пайызы латын жазуын қолданады. Небәрі 3 пайызы ғана кириллицаға көшкен. Орыстың саяси ықпалымен жүріп «экономика», «роман», «эпопея» деген сөздердегі таңбаланған «о» дыбысының оқылуын түрлендіріп, «а» деп оқып жүрміз. Міне, біздің даңғаза әліпбиден тапқанымыз. Біз әуелі рухани жаңғыру үшін дәстүрімізді түзетіп алғанымыз абзал. 22 наурызда ғана қазақ екені есіне түсетін халық болып барамыз. Мәселен, той-жиындарға барып қолына стақан толы шарап ұстап, тілек айтқан адамның қай ниеті қабыл болады? Сол себепті алдымен ұлттық кодымызды тауып алайық. Біз жаңғыру арқылы ұлттың барын бекемдеп, жоғын түгендей аламыз. Осы секілді латын әліпбиіне көшсек, қоғамға жаңаша көзбен қарайтын боламыз. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі күйімізде моңғолдардың түрімен, түркілердің тілімен жүрміз, – деді Ербол Ердембекұлы.



Баға беріңіз