Уәкілетті органдардың ресми сайттарына мониторинг жасалды

Қазақстан Республикасында тілдік ахуалды талдау және оған мониторинг жүргізу бойынша қорытынды шара өтті.
Tilalem.kz

Tilalem.kz

29 қараша, 2017

Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің ұйымдастыруымен өткен ауқымды шарада интернет-ресурстарда мемлекеттік тілдің қолданылым деңгейі сарапталды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасымен «Дегдар» қоғамдық келісімді қолдау» қоры жыл бойы орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұлттық компаниялар мен агенттіктердің ресми интернет-ресурстарында мемлекеттік тілдің қолданылымы мен қателіктеріне мониторинг жүргізді. Нәтижесі мен атқарылған істің салмағын саралау үшін бүгін «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалында министрлік өкілдірінің басын қосты.

- Қазақстанда мемлекеттік тіл - тек бір ғана қазақ тілі. Бұл ел Конституциясында нақты көрсетілген. Демек орталық және жергілікті органдардың ресми сайттары ең алдымен аударма емес, таза қазақша ақпарат таратуы тиіс. Кез келген мемлекеттік бағдарлама, есеп, жоба ресми органның айнасы болып саналатын сайт бетінде мемлекеттік тілде жариялану керек. Біз осы дүниені қолға алуымыз керек. Рухани жаңғырудың басын біз өзімізден бастауымыз керек,- деді басқосуды ашқан ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғ.Мелдешов.

Жиын барысында Til-audit.kz сайтының тілшісі Жасұлан Наурызалиев уәкілетті органдардың ресми сайттарының тілдік мазмұнына тоқталды.

- Жыл басынан бері 704 мекемеге ескерту хат жазылды. Соның 626-сы жауапхат жазып, қателіктерді түзетті. Алайда 76 мекеме харекетсіз отыр. Орталық атқарушы органдардың мемлекеттік тілді өз деңгейінде қолданбау рейтингі бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі көш бастайды. Екінші орында Денсаулық сақтау министрлігі тұрса, халыққа ең қажетті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үшінші орында. Енді қараңыздар, қазақ тіліндігі ақпарат кім үшін қажет? Әрине, ауылда ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа үшін, мемлекеттік бағдарлама мен қолдаулар дала қазағы үшін маңызды. Себебі олар сіздер секілді билікке жақын отырған жоқ. Мемлекеттік бағдарламалар мен қолдаулардың түпнұсқасын олар мемлекеттік тілде алуға құқылы,- деді ол.

Тіл жанашыры, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Оразкүл Асанғазы қорытынды сөз сөйледі. Ол ең алдымен кез келген министрлік сайтын интернеттен іздесең, орыс тілінде шығатын атауын өзгерту қажеттігін қатаң ескертті.

- Он алты министрліктің тек екеуінің ғана домендік атауы қазақ тілінде. Қалғаны орыс не ағылшын тілінде. Ресми сайт біздің мемлекеттігіміздің айғағы емес пе? Сонда біздің уәкілетті органдар кім үшін жұмыс жасап отыр. Қазір кез келген министрліктің құрамы 80 пайыздан жоғары қазақтардан құралған. Ал елдің 72 пайызы қазақ. Біз енді кімнің жоғын жоқтап, жыртығын жамап отырмыз? Жиырма алты жыл өтті. Осы олқылықтарды түзейтін кез әлдеқашан жетті. Сайтты іздесең, алдымен орыс тілінде шығады. Оған кіріп тіл таңдайсың. Бұл не масқара? Қытайдан, Моңғолиядан келген қандастарымыз орыс тілін мүлде білмейді. Сонда олар ақпарат алмай ма? Халық үшін қызмет ететіндігімізді ұмытпауымыз керек,- деді Оразкүл Асанғазы.

Еркін форматта өткен басқосу барысында уәкілетті органдардың жауапты қызметкерлері мен баспасөз хатшылары да өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Салалық терминдерді бір жүйеге келтіру, сайттарға аудармашы емес, қазақтілді редактор алу мәселесін көтерді. Жиынды модератор Ғ.Мелдешов ұсыныстардың ескерілетіндігін және осы бағытта жұмыстар жасалатындығын айтып қорытындылады.


Баға беріңіз