​Тарихи атаулар да жаңғыртуды қажет етеді

Tilalem.kz

Tilalem.kz

20 қараша, 2017

Рухани жаңғыру дегенде туған тіліміз, ежелден келе жатқан салт-дәстүріміз бен мәдениетіміз, тарихымыз бен әдебиетіміз, яғни ұлтымызға ғана тән рухани құндылықтарымыз ойға оралатыны анық. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі күні жаңғыртуды қажет ететін тағы бір мәселе бұл ұмытыла бастаған географиялық тарихи көне атаулар деп ойлаймын. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев ұлттық құндылықтарымызды дәріптеумен тікелей байланысты «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынған болатын. «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс. «Туған жер» бағдарламасы ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді» делінген мақалада. Қазіргі таңда өңірлерде «Туған жер» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан ауқымды шаралармен қатар, тарихи атауларымызды қалпына келтіру жұмыстарын да қолға алсақ жақсы емес пе?!

Ұлтымыздың өткенінен сыр шертетін жер-су атаулары кешегі тарих болса, ертеңгі келер ұрпаққа мұра. Осы орайда жер-су атауларының табиғатын қазақтың тарихымен, ұлттық санасымен, дүниетанымымен, өмір сүрген табиғи ортасымен, ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылығымен байланыстыра қарастыруға үлкен мүмкіндік туып отыр. Қазақ жерінің әрбір тау-тасы мен өзен-көлі халқымыздың көші-қонынан, салт-дәстүрі мен тілі-дінінен хабар беріп қана қоймай, оларда әр түрлі дәуірдің тарихи оқиғалары, көрнекті тұлғалардың, батырлардың есімдері, халықтың мәдени және рухани құндылықтары бейнеленген.

Қазақ топонимиясы ғасырлар бойы басынан түрлі тарих талқысын өткерді. Қазіргі таңда елді-мекендерімізде кездесетін славян текті атаулар Патшалы Ресей мен кеңестік дәуірдің тарихымызға салған таңбасы іспетті. Зерттеуші М.Мырзахметов Ресей патшалығы отарлау саясатының қазақ топонимдеріндегі көрінісін былайша үш топқа бөліп көрсеткен болатын:

1) 1731-1822 жылдар аралығында патша үкіметі қазақ хандықтарын сырттан билеп, протекторат есебінде ұстанған кезі. Бұл кезде жер атауларын өзгертуді өте сақтықпен, қазақ даласының қас-қабағына қарай жүргізді.

2) 1822-1867 жылдар аралығында хандық билік жойылып, аға сұлтандық ел билеу жүйесі енген соң, қазақ жерін «бөлшекте де билей бер» дейтін отаршылдық принцип негізінде көптеген әкімшілік территорияларға жіктеді. Бұл тұста да ру басыларын бір-біріне қарсы қойып, отаршылдық саясатын оңай жолмен жүзеге асыру кезеңінде жер атауларын өзгерту әрекеті жиілей түсті.

3) 1868 жылғы «Жаңа низам» ережесі мен 1917 жыл аралығында отарланған қазақ жері мемлекет меншігі ретінде ресми түрде жарияланған соң, отаршылдық мазмұндағы географиялық жер атаулары мүлде көбейе түсті. Қазақтардың ұлан-асыр өлкесіндегі ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи атауларын отаршыл үкімет саналы түрде өзгертуді шындап қолға алды дейді.

Ғалымның бұл пікірінен еліміздегі орыстанған географиялық атаулардың қалыптасу кезеңдері мен өзгеру себептерін айқын аңғаруға болады.

Қазақ жерінде орыс тіліндегі топонимдердің пайда бола бастауы XVIII ғ. I жартысынан басталып, XIX ғ. аяғына дейін орыс шаруаларының қазақ жеріне қоныс аударуымен тікелей байланысты болғаны белгілі. Э.М.Мурзаев славян (орыс және украин) географиялық атауларының Орта Азия және Қазақстан топонимиясының құрамына ену жолдарын жіктегенде алғашқы топқа отаршылдық саясаттың ықпалымен әкімшілік түрде қойылған атауларды жатқызады. Мұндай атаулар негізінен теміржол станцияларына, қалаларға берілген. Екінші топқа Ресей және Украина жерлерінен шаруалардың көшіп келуіне байланысты қойылған атауларды жатқызса, соңғысы табиғат пен географиялық объектілерді зерттеу кезінде қойылған атаулар деп көрсетеді.

Қазақ жеріне қоныс аударушылардың ағыла келуі салдарынан жүздеген, мыңдаған тарихи ұлттық атаулар жойылып, олардың орындарын өзге тілдегі атаулар басып алды. Арысы патшалы Ресей тарапынан, берісі Кеңестік дәуірде кеңінен етек алған бұл үрдіс 1954 жылғы тың және тыңайған жерлерді игеру саясатына жалғасты. Бұл кезеңдерде Ресей жерінен көшіп келген миллиондаған орыс ұлттылар өздері қоныстанып, мекендеген жерлерге жаңадан ат беріп, оларды өздері көшіп келген елді-мекендер мен қалалардың аттарымен немесе осы өңірге алғаш қоныстанушылар есімдерімен, фамилиясымен атай бастады. Алысқа бармай-ақ, бас қаламыз орнаған Арқа өңірінің картасына қарайтын болсақ, Донецкое, Астраханка, Самарка немесе Павловка, Алексеевка, Николаевка аталатын елді мекендердің көптеп кездесуі осының айғағы. Сондай-ақ бұрын өздері көшіп кеткен қоныс атауы алдына «ново» сөзін қосу арқылы Новокиевка, Новодонецк, Новочеркасское аталса, жер бедеріне қарай Приречное, Приозерное, Степное деп аталды. Келесі бір топтағы атаулар селениелер орналасқан өңірдің белгілі бір ерекшелігін бейнелейтін Камышенка, Сосновка, Журавлевка, Щучье деген сияқты атаулар тобын құрайды. Отарлау саясатына сәйкес кейбір жер-су атауларының калькалау тәсілі арқылы қойыла бастауы да осы кезеңнен байқалады: Шөптікөл – Сенакосное, Ақжар – Белый Яр, Қызылжар – Красный яр т.б.

Славян текті атаулар келіп қана қоймай, тарихи атауларымызды ығыстырып, ресми түрде атала бастады. Ал өзінің ресми мәртебесінен айырылған топонимдеріміз негізінен халықтың аузында ғана сақталды. Ол туралы білетін бірен-саран көне көз қариялар күн санап арамыздан азаюда. Атауларды жинау ісі арнайы қолға алынып, кешенді түрде жүргізілмесе, жоғалтатынымыз мұнан да көбейе түсері анық. Сондықтан кеше мен бүгініміздің арасын жалғастырып тұрған ұлттық құндылықтарымызды ұрпағымызға үлгі етеміз десек, байырғы тарихи атауларымызды қайта қалпына келтіру жұмыстарынқазірден қолға алуымыз керек. Тіл мен тарихты жаңғырту Рухани жаңғырудың басты негізі. Бүгінгі күні ұлттық құндылықтарымызды құнттап, жоғымызды түгендеуге мүмкіндік беріп отырған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихи атауларымызды да жаңғыртсақ, бұл да ұлтымыз үшін атқарылған пайдалы іс болары еді.


Баға беріңіз