Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Бағы жанбаған бір дыбыс

16.11.2017 809

1-ДӘРІС

Біз қазіргі кезде қазақтың өзіне «қазақтың бар дыбысын бар деп, жоқ дыбысын жоқ» деп сендіре алмайтын кезеңде тұрмыз. Біріне-бірі жалғасқан әліпби ауыстыру мен орынды-орынсыз емле құрастыру осындай жайға алып келді. Оп-оңай көрінген қазақ тілінің дыбыс құрамын түгендей алмай әлек болып жатқанымыз да сондықтан. Кез-келген қазақтан (ересек болсын, бала болсын) «қазақ тілінде қанша дыбыс бар?» деп сұрасаң, бәрінің берер жауабы біреу-ақ, «42 дыбыс бар» дейді. Бұл, әрине, олардың кінәсі емес, мектептен бастап жоғары оқу орнын бітіргенге дейін «42» деп тоқпақтай берсе, кім де болса соған ұйып қалады. Ұйып қалғандардың арасында, өкінішке орай, қазақ тілі пәнінің мұғалім-оқытушылары барын қайтерсің. Олар да «қырық екі» демесе де соған жете жығылып жатады.

Қазақ тілінің дыбыс құрамын анықтау сонау ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталған болатын. Сол дәуірдің өкілі В.Радлов 31 дыбысты атайды, оның құрамындағы бір дыбысты арнайы у таңбасымен белгілейді және ол дыбыстың ағылшын тіліндегі w дыбысымен ұқсас екенін атап, «жартылай дауысты» деп көрсетеді [1]. «Жартылай» деп отырғанының мәні бар: дыбыс жасалым/естілімі жағынан дауыстыға жақын. Келесі кезеңде, ХХ ғасырдың басы, А.Байтұрсынұлы қазақ тілінде 29 дыбыс бар деп көрсетеді. Ахаң анықтаған құрамда да «жартылай дауысты» кездеседі [2]. Қазақ тілінің алғашқы латын әліпбиінде (1929-39) v таңбасымен белгіленіп келді [3]. Бертін келе дуыссыз мәртебесі ескеріліп, ұу/үу тіркестерінің құрамында 1957 жылға дейін у түрінде дербес жазылып келді. Ал акад.І.Кеңесбаев бастаған зерттеушілер 43 дыбысқа тоқтады, 43 болып тұрған себебі у таңбасы дауыстының құрамында бір рет, дауыссыздың құрамында тағы бір рет кездеседі [4]. Ал 1957 жылы «қызыл саясат» қазақ әліпбиі мен оның емле-ережесіне де жетті. Сөйтіп қазақтың төл сөздерінің жазылымына орыс тілінің у дыбыс/таңбасы ендірілді. Сонымен кірме у таңбасы қазақтың төл дауысты дыбыстарының құрамына «дауысты» болып қосыла кетті [5]. Кез-келген ғылыми-теориялық еңбек немесе оқулық бетін ашыңыз, оқу-құралының немесе әртекті мақаланың бетін ашыңыз, алдыңыздан дауысты у шыға келеді. «Сасқан үйректің» кебін киіп, «дауыссыздан кейін дауысты болады, дауыстыдан кейін дауыссыз болады» деп амалдап келе жатырмыз. Қазақ тілінде дауысты барлық уақытта дауысты болатыны, дауыссыз барлық уақытта дауыссыз болатыны санамызға жетпей қойды.

Осы саяси әліпби реформасының жемісін енді «теріп-жеп» отырмыз. Қазіргі ұрпақты қазақ тілінде дауысты у дыбысы жоқ деп сендіре алмай отырғанымыз сондықтан.

Соңғы жылдары жарық көрген академиялық еңбектерде у таңбасымен белгіленіп жүрген дыбыстың ақиқат мазмұны анықталып берілді [6]: «У (w) дауыссыз дыбысы қос ерін арқылы жасалады. Жасалу орнына қарай ерін-ерінді дауыссыз дыбыс болып табылады. У дауыссыз дыбысы қос (астыңғы және үстіңгі) еріннің жуысуы арқылы жасалады. Жасалу тәсіліне қарай жуысыңқы дауыссыз дыбыс болып табылады. У дауыссыз дыбысын айтқанда дауыс желбезегі мол тербеледі, яғни мол қатысады. Дауыс қатысына қарай үнді (тербелімді) дауыссыз дыбыс болып табылады.

Жасалым белгілері: ерін-ерінді, жуысыңқы, үнді дауыссыз дыбыс». Дауыссыздың ақиқат анықтамасы осы болып табылады. Оның қазақ тілі дауыссыздарының пішіндемесінде (моделінде) өзінің орны бар.

Пішіндемеден көрініп тұрғандай, у(w) дауыссыз дыбысы құрылымның (модельдің) бір бұрышын ұстап тұр. Егер у(w) дауыссыз дыбысы жоғалатын болса, онда пішіндеме (модель) түгел қаусап түседі. Бұл – тіл дыбыстарының құрамынан бір дыбыс жоғалса бүкіл жүйесі (системасы) бұзылады немесе бір бөгде дыбыс енетін болса, тілдің дыбыс жүйесі (системасы) түгелдей бүлінеді деген сөз.

Алайда академиялық еңбектердің нәтижесі әзірге оқулықтар мен оқу-құралдарына жетпей жатыр. Сондықтан да, көпшілікті шатастырмас үшін у таңбасының іргесіне w таңбасын қосақтап у(w) деп көрсетіп отыруға мәжбүрміз.

Сонымен бұл өзі неғылған дыбыс болып шықты? Оның академиялық мазмұны:

Анықтамасы: ерін-еріндік жуысыңқы үнді

Мәртебесі: жүйеқұрауыш

Қызметі: тұйық рай көрсеткіші

Тіркесімі: тек дауыстыдан кейін келеді

Шеп орналасымы: сөз басында кездеспейді

Жиілігі: жиі кездеседі

Ұқсастығы: Орыс, араб тілдерінде жоқ, ағылшын тілінде бар.

Тағы да ғылыми негізге жүгінетін болсақ, халықаралық фонетикалық әліпби (ХФӘ немесе МФА – международный фонетический алфавит) үлгісі бойынша таңбасы w болуға тиіс. Бұдан әрі қарай осы таңбаны тұрақты пайдаланатын боламыз.

Енді неге «шала дауысты» немесе бірде дауысты, бірде дауыссыз болып жүргеніне тоқталайық. Өйткені: бірінші, оның жасалымы (артикуляциясы) дауыстыға ұқсайды, себебі ауыз қуысында кедергі жоқ; екінші, оның тілдегі қызметі дауыссызға ұқсайды, себебі буын құрай алмайды. Тіл жүйесінде оның екінші қызметі басым болып есептеледі, сондықтан да ол дауыссыз дыбыс болып саналады.

Дауыссыз w дыбысын жоғалтып жүргеніміздің тағы бір себебі «жалған естілім» болып табылады. Қазақ тілінде сөз басында кездеспейтін бес дауыссыз дыбыстың бірі - осы w. Ендеше дыбыс атауына, өзге дыбыстардай бы, ды болып дауысты соңынан қосылмай, дауысты алдынан қосылып, ұу (уұ емес) түрінде айтылады. Сондықтан ұу тіркесінің айтылымы орыс тілінің у дауысты дыбысының естілімін еске түсіреді. Қазақ тілі мамандарын да, өзге зерттеушілерді де шатастырып жүрген осы жайт. Бүлдіршіндер мен бірінші сынып оқушыларына арналған оқу-құралдарынан бастап уық, уыс т.б. «сөздер у дауысты дыбысынан басталып жатыр». Орыстақы у таңбасының машақаты бір мұнымен бітіп жатқан жоқ. Сөздіктер тізбегіндегі ұ, ү әріптерінің құрамында тұратын ондаған-жүздеген сөздер «адасып» у әрпінің соңында жүр. Әзірге тек сөз басындағы буынға қатысты «адасуларды» ғана көріп отырмыз. Ішкі әліпби тізбегіне қатысты «адасуларды» компьютер бағдарламасының көмегі болмаса, көзбен көріп, қолмен түгендеу мүмкін емес,

Ал неге қазақ тілінің төл дауыссыз дыбысы осы бір төркіні бөлек у таңбасына байланып қалды? Өйткені орыс тілінде мұндай дыбыс жоқ, сондықтан кирил құрамында оны белгілейтін арнайы таңба да жоқ. Бірақ «жалған естілімге» себеп болып жүрген дауысты дыбысының у таңбасы бар. Осы әріп оп-оңай қазақ әліпбиіне көшіп, w дауыссызының таңбасына айналып кетті. Сөйтіп қазақ орфографиясының құрамында әбден орнығып алды. Ендігі жерде кирилдің у таңбасы мен дыбысынан құтылу оңай болмай, тіптен, мүмкін болмай отыр.

Жүрген жерімізің бәрінде «әліпби сауатымызды ашып алудан бастайық» дегенді босқа айтып жүрген жоқпыз. Және «әліпби сауатты» алдымен оқулық авторлары мен әдістеме илері бастау керек. Ал бастауыш сыныптан бастау алса, жас ұрпақ өсе келе, бүгінгідей «олай емес, бұлай емес» деп арпалысқан ересектердің «әліпби» дертіне ұшырамайтын болады.

Тіліміздегі w дауыссызының ақиқатына көз жеткізу үшін бір-біріне орайлас тіркестерді пайдалануға болады. Мысалы, ау тіркесінің екі дыбыстан құралатынына ешкімнің шүбәсі жоқ, ал дәл сол үлгідегі ұу тіркесінің дыбыс құрамын бір у дыбысына айналдырып жіберіп отырмыз. Сонда бізге жетпей тұрғаны - оқу-әдістемелік дайындық пен психологиялық шеберлік. Алғашқы ау тіркесінің бірінші сыңары ашық дауысты а айқын естіледі де, екінші сыңары w дауыссызынан оңай ажыратылады. Ал екінші ұу тіркесінің бірінші сыңары еріндік қысаң ұ мен тағы еріндік w дауыссызының артикуляциясы өзара тығыз кірігіп кетеді. Cөйтіп орыс тілінің у дауыстысы тәрізді естілім әсер қалдырады. Орыс тілінің у дыбысы нығыз айтылады, ал қазақы тіркес босаң айтылады. Дегенмен тіркестің екі сыңарын ажырата алмай жатқанымыз мектептен қазақы түйсінімнен айрылып қалғанымыздан (немесе айырыла жаздағанымыздан) болып отыр.

Егер w дауыссыз дыбысының жазылым емле-ережесі дұрыс құрастырылса, онда сөздің үндесім әуезі, морфем және буын құрамы, тасымал реті мен сөйлем ырғағы бұзылмайтын болады.

Жуан әуезді сөздер құрамында:

-жуан әуезді қысаң Ұ[u] мен үнді жуысыңқы У[w] дауыссызының тіркесі ҰУ[uw] болып жазылады;

-сөз басында [w] кездеспейді, сондықтан сөз ұ[u] дауыстысынан басталады:
у (ұу) [uw], уық (ұ-уық) [u-wuq], уыс (ұ-уыс) [u-wus], уақыт (ұ-уа-қыт)

[u-wa-qɪt];

-сөз ортасында: туыс (тұ-уыс) [tu-wus], суық (сұ-уық) [su-wuq], жуан (жұ-уан) [ju-wan], шаруа (ша-рұ-уа) [şa-ru-wa], оқушы (о-құу-шы) [o-quw-şɪ];

-сөз соңында: ту (тұу) [tuw], су (сұу) [suw], бу (бұу) [buw], алу (а-лұу)

[a-luw], толу (то-лұу) [to-luw], оқу (о-құу) [o-quw], қару (қа-рұу) [qa-ruw];

Жіңішке әуезді сөздер құрамында:

-жіңшке әуезді қысаң Ү[ü] мен үнді (жуысыңқы) У[w] дауыссызының тіркесі ҮУ[üw] болып жазылады::

-сөз басында [w] кездеспейді, сондықтан сөз ү[ü] дауыстысынан басталады: уіл (ү-уіл) [ü-wül], уәде (ү-уә-де) [ü-wә-de], ү-уәж (ү-уәж) [ü-wәj], уәли (ү-уә-лій) [ü-wә-liy], уәзір (ү-уә-зір) [ü-wә-zir];

-сөз ортасында: сурет (сүу-рет) [süw-ret], келуші (ке-ліу-ші) [ke-lüw-şi], сенумен (се-нүу-мен) [se-nüw-men], секіруге (се-кі-рүу-ге) [se-ki-rüw-ge], келуі (ке-лү-уі) [ke-lü-wi];

-сөз соңында: елу (е-лүу) [e-lüw], білу (бі-лүу) [bi-lüw], ескеру (ес-ке-рүу)

[es-ke-rüw], кешіру (ке-ші-рүу) [ke-şi-rüw].

Ендеше латын әліпбиіне қазіргі кирил орфографиямыздың үлгісімен өтуге болмайды. Онда кирилдегі тілбұзар ережелерімізді сол күйінде қайталаған болып шығамыз. Сондықтан алдымен қазақ мәтініне «әліпби транскрипция» жасап алуымыз керек. Сонан соң барып қазақ тілінің төл дыбыстарын латын әліпбиіне көшіреміз. Осындай реформаның нәтижесінде қазақ тілінің:

-төл дыбыс құрамы кірме таңбаларсыз таза анықталады;

-төл дыбыс құрылымы (жүйесі) сақталады;

-морфем құрамы бұзылмайды;

-буын тұрқы жаңсақ жіктелмейді;

-тасымал реті сетінемейді;

-сөйлем ырғағы сақталады.

Латын әліпбиіне өту үстіндегі жазу реформасының басты нәтижесі осы болмақ.

Өкінішке орай, бұл дыбыстың ақиқат [w] таңбасына латын негізіндегі жаңа апостроф әліпбиімізден де орын табылмады, қайтадан сол орыс тілінің созылыңқы у[u:] дыбысының y’ деген таңбасының кебін киіп қалды. Енді қашан және қай ұрпақ оны осы бір шала жансар әліпби тамұғынан аршып ала алар екен, әлде біздің көз алдымызда өшіп құрдымға кете береді ме? Келер ұрпаққа аманат етіп қалдыруға да шамамыз келмегені ғой.

ҚОСЫМША

Апостроф мәтін үлгісі (ерін үндестігінің қазіргі емлесі сақталды)

Жуан әуезді сөздер құрамында:

-жуан әуезді қысаң Ұ[u] мен үнді жуысыңқы У[y’] дауыссызының тіркесі ҰУ[uy’] болып жазылады;

-сөз басында [y’] кездеспейді, сондықтан сөз ұ[u] дауыстысынан басталады:

у (ұу) [uy’], уық (ұ-уық) [u-y’yq], уыс (ұ-уыс) [u-y’ys], уақыт (ұ-уа-қыт)

[u-y’a-qyt];

-сөз ортасында: туыс (тұ-уыс) [tu-y’ys], суық (сұ-уық) [su-y’yq], жуан (жұ-уан) [ju-y’an], шаруа (ша-рұ-уа) [s’a-ru-y’a], оқушы (о-құу-шы) [o-quy’-s’y];

-сөз соңында: ту (тұу) [tuy’], су (сұу) [suy’], бу (бұу) [buy’], алу (а-лұу)

[a-luy’], толу (то-лұу) [to-luy’], оқу (о-құу) [o-quy’], қару (қа-рұу) [qa-ruy’];

Жіңішке әуезді сөздер құрамында:

-жіңшке әуезді қысаң Ү[u’] мен үнді (жуысыңқы) У[y’] дауыссызының тіркесі ҮУ[u’y’] болып жазылады::

-сөз басында [y’] кездеспейді, сондықтан сөз ү[u’] дауыстысынан басталады: уіл (ү-уіл) [u’-y’il], уәде (ү-уә-де) [u’-y’a’-de], ү-уәж (ү-уәж) [u’-y’a’j], уәли (ү-уә-лій) [u’-y’a’-lii’], уәзір (ү-уә-зір) [u’-ya’-zir];

-сөз ортасында: сурет (сүу-рет) [su’y’-ret], келуші (ке-ліу-ші) [ke-lu’y’-s’i], сенумен (се-нүу-мен) [se-nu’y’-men], секіруге (се-кі-рүу-ге) [se-ki-ru’y’-ge], келуі (ке-лү-уі) [ke-lu’-y’i];

-сөз соңында: елу (е-лүу) [e-lu’y’], білу (бі-лүу) [bi-lu’y’], ескеру (ес-ке-рүу) [es-ke-ru’y’], кешіру (ке-ші-рүу) [ke-s’i-ru’y’].

Апостроф әліпбиіміз үшін де осы емле-ереженің ұсынылғаны жөн болады.

Тегтер: у, у дыбысы, латын графикасы, қазақ әліпбиі

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

242

ақпарат

Терминдер төңірегіндегі толғаныс

281

ақпарат

Жат сөздерді қалай жақын тарта аламыз?

348

ақпарат

«И» мен «У»-дан дауысты жасауға неге үйірміз?