​Оң шешімдер – олжаның бастауы

Tilalem.kz

Tilalem.kz

09 қараша, 2017

Биыл Қарағанды облысында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің 2016 жылғы 20 шілдедегі №6-1 тапсырмасына сәйкес, өңірлердегі идеологиялық ескірген атауларды тарихи жер-су атаулары және ұлттық танымға сай келетін дәстүрлі атаулармен алмастыру мақсатында республикалық ономастика комиссиясынан қолдау тапқан Приозерск, Сәтбаев қалаларының құрамдас бөліктерінің (көшелер, шағын аудан) және облыстық ономастика комиссиясының оң қорытындысын алған Нұра, Осакаров аудандарының бірқатар елді мекендерінің (кент, ауыл) атауларын ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысымен бекітілген Қағидаға сәйкес, Приозерск қаласының 7 көшесі мен 1 бульварын, атап айтсақ, Центральная – Тәуелсіздік, Пионерская – Ақмамық, Нагорная – Көкжиек, Приморская – Бәйтерек, Приозерная – Көктеңіз, Новая – Қоржынтүбек, Песчанная – Наурыз көшелері болып, Совет Армиясы бульвары – Жеңіс бульвары деген дәстүрлі, ұлттық танымға жақын атаумен қайта атау жұмыстары заңнама аясында жүзеге асырылды.

Тиісті аумақ халқының пікірі 2016 жылғы 28 қазанда қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясымен өткізілген көпшілік тыңдау негізінде ескеріліп, хаттамамен ресімделді. Көпшілік тыңдауға қатысқан 191 адамның әр көше бойынша ең азы – 183, ең көбі 191 адам қолдап дауыс берді.

Көшелерді қайта атауға Приозерск қаласының жергілікті бюджетінен 772468 теңге қарастырылған. Сондай-ақ, Сәтбаев қаласының жаңадан құрылған 6-шағын ауданын – «Нұрлы мекен» деп атау бойынша барлық жұмыстар заңнамаға сәйкес жүргізілді. Тиісті аумақ халқының пікірі 2016 жылғы 26 тамыздағы қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясымен өткізілген көпшілік тыңдау негізінде ескеріліп, хаттамамен ресімделді. Көпшілік тыңдауға қатысқан 60 адамның барлығы бірауыздан ұсынылған атауды қолдап дауыс берді. Қалалық әкімдік пен қалалық мәслихаттың бірлескен қаулы-шешімімен аталған көшені қайта атау бойынша республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсыныс енгізіліп, ұсынысқа оң қорытынды берілді. Шағын ауданға атау беру бойынша Сәтбаев қаласының жергілікті бюджетінен 200 000 теңге қарастырылған.

Ал, Нұра ауданының Щербаковское ауылын – Қайнар ауылы, Киевка кентін – Нұра кенті деп қайта атау бойынша тиісті жұмыстар заңнамаға сәйкес жүргізілді. Тиісті аумақ халқының пікірі 2014 жылғы 15 шілдеде және 2017 жылғы 10 мамырда өткізілген жергілікті қоғамдастық жиналыстар негізінде ескеріліп, хаттамамен ресімделді. Жиналыстарда Щербаковское ауылын – Қайнар ауылы деп қайта атау бойынша қатысқан 180 адам бірауыздан, Киевка кентін – Нұра кенті деп қайта атау бойынша қатысқан қоғамдастық мүшелері 20 адам бірауыздан қолдап дауыс берді. Аудандық әкімдік пен аудандық мәслихаттың бірлескен қаулы-шешімімен Щербаковское ауылы мен Киевка кентіне тарихи атауларын қайтару бойынша облыстық ономастика комиссиясының қарауына ұсыныстар енгізіліп, ұсыныстарға оң қорытындылар берілді. Нұра ауданының жергілікті бюджетінен Щербаковское ауылын қайта атауға – 25 426 теңге, Киевка кентін қайта атауға 50 235 теңге қарастырылған.

Тарихқа үңілсек, «Қайнар» атауы – Щербаковское ауылының бұрынғы тарихи-географиялық атауы. Жердің сулы, бұлақты болуына байланысты қойылған атау. «Нұра» атауы – Киевка кентін басып өтетін өзен атауы. Бұған қоса, Осакаров ауданы Жансары ауылдық округінің Дальнее ауылын – Аманқоңыр ауылы деп қайта атау бойынша барлық жұмыстар заңнамаға сәйкес жүргізілді. Тиісті аумақ халқының пікірі 2016 жылғы 14 қыркүйекте өткізілген жергілікті қоғамдастық жиналысы негізінде ескеріліп, хаттамамен ресімделді. Жиналысқа қатысқан 115 адам бірауыздан Дальнее ауылын – Аманқоңыр ауылы деп қайта атау туралы ұсынысты қолдап дауыс берді. Аудандық әкімдік пен аудандық мәслихаттың бірлескен қаулы-шешімімен Дальнее ауылына Аманқоңыр тарихи атауын қайтару бойынша облыстық ономастика комиссиясының қарауына ұсыныстар енгізіліп, ұсыныстарға оң қорытындылар берілді. Осакаров ауданының жергілікті бюджетінен Дальнее ауылын қайта атауға 100160 теңге қарастырылған.

Оқырман білер, «Аманқоңыр» атауы – Дальнее ауылының оңтүстік-шығысына қарай орналасқан тау атауы.

Осыған орай, «Қарағанды облысының кейбір елді мекендері мен елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау туралы» Қарағанды облысы әкімдігінің және Қарағанды облыстық мәслихатының бірлескен қаулысы және шешімі жобасы әзірленді.

Жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын ескере отырып, Приозерск қаласының көшелерін, Сәтбаев қаласының бір шағын ауданын, сондай-ақ, Нұра, Осакаров аудандарының елді мекендерін қайта атау ұсынылды.

Қазақстан Республикасының ономастика саласындағы заңнамаларына сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың ұсынысымен Балқаш қаласының №15 мектеп-лицейіне – Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың, Нұра көпсалалы колледжіне – ғалым-педагог, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Болат Әбдікәрімовтің, Жаңаарқа ауданы Атасу кентіндегі №132 орта мектепке – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор Еламан Шахановтың есімін беру жөнінде тиісті құжаттар қабылданды. Аталған мәселені Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясының қарауына енгізу үшін облыстық әкімдік пен облыстық мәслихаттың «Қарағанды облысының кейбір білім мекемелерін қайта атау туралы» бірлескен қаулысы мен шешімі жобасы әзірленген.

Нысандарға атау беру, сондай-ақ, оларды қайта атау, жеке адамдардың есімін беру Комиссия қорытындысының негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен жүзеге асырылады.


Баға беріңіз