Қаз Latقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Қазақшадағы жат сөздердің өзгерілу заңы

2.11.2017 487
​Баяғы заманнан бері қазақ едік – Тарбағатай, Сырдария – Ертіс арасында жүрген. Жан-жағынан қытай, моңғол, араб-парсы, ауропа (орыс) мәдениеттері қазақтың тіліне, әдетіне, шаруасына тәсір еткен.

Баяғы заманнан бері қазақ едік – Тарбағатай, Сырдария – Ертіс арасында жүрген. Жан-жағынан қытай, моңғол, араб-парсы, ауропа (орыс) мәдениеттері қазақтың тіліне, әдетіне, шаруасына тәсір еткен. Бүгінгі тілді алып қарасаң, араб-парсы мәдениетінің тәсірі күштірек болып келгендігі сезіледі. Қазақтың Түркістенде, араб-парсы мәдениетіне көршілес болып отырған дәуірі историемізде үлкен із қалдырып кеткен. Әрине, араб-парсы мәдениетінің күшті тәсір беруіне жалғыз-ақ «Түркістан дәуірі» емес, соңғы 2-3 жүз жылғы историеде орыс империелизмінің қысуы, қазақтың «мұсылман» жағына пана іздеп қарауы, Түркістеннің керуен, саудасы, Түркістанның молда, медресесі, күн шығыс тәсірінің күшті болуына бірінші себеп болған.

Темеміздегі тіл меселесіне келсек, айтылған сол тәсірдің белгілерін тілімізден іздесек те тағы: «араб-парсы күшті» деген ойға келеміз. Қазақтың баяғыдан келе жатқан мақалалары, ауыз әдебиеті, шешендерінің сөздері, ақындарының өлеңдері... барлығы осы үкімді тура дейді: күн шығыстың тесірі басқадан күштірек болған.

Біздің бұл жазудағы тілегіміз: сол жат тілдерден қазақшаға кірген сөздердің өзгеру заңын табу. Ойламаған кісі айтар: бұл заңның не керегі бар еді? – деп. Сондықтан мәселені ашу алдынан екі ауыз сөз өзгеру заңын табу, әзіргі келесі әдебиетіміз үшін пайдалы да өте керекті бір жұмыс екендігі тақырыпты айтып өтелік, бірінші - әзіргі пайдасы қазақ тілінде шыққан әдебиетті алып қарасаң, тура жазылған бір кітеп, бір жорнал, бір газет жоқ. Біреу әлібба, біреу әліб-би, біреу мәселе, біреу иануар, біреу ғынуар, біреу қазір, біреу кәзір, біреу әзір, біреу қатер, біреу кәтер – деп жазады. Мұндай мысалдар толып жатыр. Мұның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс, ойлаған жан жоқ. Әдебиетті «тіл» көбейтпей-ақ бір түрге салу, бір жоба қою тілдің бұзылмай өсуіне пайдасы бар екендігі анық.

Екінші – тілдің келесіде баюына жол тазалау. Қазақ тілі бұл күнге шейін басқа тілдерден сөз алып келген болса, мұнан былайғы заманда тілімізге тағы жаңа терминдер кірмек. Телегіреп, телепон, радио, темір жол, електр заманында қазақ тілі жаңа тұрмысқа керекті сөздерді тағы алмай тұра алмайды. Тілесең де осылай болады, тілемесең де! Дүниеде жалғыз қазақ тілі осы күйге түсіп отырған болса, онда басқа әңгіме болады. Бірақ бұл күйге түсіп отырған жалғыз қазақ тілі емес. Басқа тілдердің тәсірінен құтылған бір тіл жоқ. Неміс, орыс, пырансоз... барлығы тілде бір-бірінен бұрыштанып отыр, ал енді «табиғат заңы» осылай болған соң қазақ тілі қалай «аман» қалмақ? Басқа мәдениетті елдерден «қашып» тіл болмайды. Бірақ сертсіз, заңсыз жат сөздерді бос қоя беру де жарамайды, опыр-топыр болып тіліміздің негізгі заңдылықтарын бұзып, тас-талқанын шығарып жіберуі де бар.

Біз білген тілдерде жат сөздерге қойылған бөгет емес серт, заңдай қазақ та өз тілінде бір белгілі көше салып қоюы керек. Қазақ тіліне кіретін жат сөз болса, қазақтың тымағын киіп жалпақ қазақ сөзі болып кірсін.

Ал енді «тымақты» қалай пішу керек? – дерсің. Бұл мәселені бірден түгел шешіп болмайды, заманға, тежірибеге байланған бұл меселені шешем деу жаңылыс: сонда да кісінің міндеті: меселені тәртіпке салып, жол-жоба белгілеп, көптің ортасына салу, қолдан келгенше тілдің бұзылмауын ойлау. Әзір белгіленетін жоба соңынан сыналып, түзілмек.

Бұл жобаны қандай материал қарап белгілеу керек? Тілімізге сіңіп кеткен араб-парсы сөздерінен жақсы материал жоқ, осы материалға қарап, меселесінің бір шетін шешсе болар деп шамалаймыз. Араб-парсы сөздеріне елдің баяғы заманда өзінен пішіп қойған үлгісі жалпы жат сөздердің барлығына жарамаса да, бір сыпырасына жарайды. Осының өзі қазақ тілінің пайдасына бірінші адым болып табылады. Сондықтан әңгімені араб-парсы материалынан бастадық. Мәселені тез түсіндіру үшін «жат» сөздерді әліпби тәртібімен тізіп өзгеруін көрсетеміз.

Араб-парсы әліпбилерінде мынау дыбыс таңбалары бар:

ض ص ش س ز ر ذ د خ ح ج ث ت ب ا

گ ژ چ پ ى ھ و ن م ل ك ق ف غ ع ظ ط

Бұлардан ب پ ٿ د ر ز س ش ق ك ل م ن گ қазақшаға өзгермей кіріп отыр. ى و ع ج ا сықылдылары аз болса да өзгертіліп алынған. Әйтпесе: ا орысың о дыбысына тура келеді. ج ингілизшедегі сықылды оқылады, ع таңбасын ғ дыбысына тағып жүрміз: و қазақшадағы ұу сықылды оқылады; ى қазақшадағы и орнына жүреді.

Бұлардың ішінен мынаулары шығарылған:

ٽ ح خ ذ ص ض ظ غ ف ھ چ ژ

Мұнан басқа қазақтың әзіргі жазу системіне кірмеген фахта, гамма, кесре, сөз ішіндегі «хамза» әңгімесі бар, мұны да тексеру керек болады. Бұл мәселені қарап шыққаннан соң ауропа тілдерінен қазақшаға өте бастаған сөздерді қараймыз.

Араб-парсы сөздерді қазақшаға кіргенде, қалай өзгерген? деген сұрауға жауап беру үшін сол сөздерді біртіндеп мысалдарымен тізіп шығамыз.

ٽ араб дыбысы. Қазақ тіліне кіріп, с болған.

ڎابت – Сәбит, اثبات– ыспат, مثلا– меселен,

مثال – мысал, مثقال– мысқал.

ص (араб) – қазақшаға өтіп, с болады.

اصل– асыл, قصاب– қасап,

صندوق– сандық, صلوات– салауат.

ط - (араб) – қазақшада д, т болып жүреді.

طهارات– дәрет, طيار– даяр, طلق– талақ;

طلب– талап, خط– қат, خطر – кәтер.

ض (араб) – қазақшаға өтіп, з болады.

قرض– қарыз, فرض– парыз,ضياع – зайа,

ضرر– зарар, عرض– арыз, قضا– қаза.

ظ (араб) – қазақшада з болып жүреді.

ظالم– залым, ظلم– зұлым,مظلوم – мазлұм, عظمت– азамат.

ذ - (араб) – қазақшада з болып жүреді.

ذاكر– зәкір, نذير– нәзір, اذان– азан,

عذاب– азап, عذر– ғұзыр,لذت – леззет.

ع - (араб) – қазақшада сөздің басында және аяғында түсіп қалады. Сөздің ортасында келсе, ғ-ның міндетін атқарады, иә әйтпесе көбінше мүлде жоғалып кетеді.

عمل – амал, عار – ар(ұят), عقل– ақыл,

عذاب– азап, عسكر – әскер, عرض– арыз,

عيال– әйел, عظمت– азамат, عذاب– азап,

ملعون– малғұн,تعيين – дайын, لعنت– ленет,

ضياع– зая, علي– әлі,فعل – бейіл (мінез), متاع– мата.

غ - (араб) – қазақшада қ болып жүреді.

غيرت– қайрат, غضب– қазап (ашу).

ف - (араб-парсы) – қазақшада б,п болып кетеді.

فعل– пейіл,فائدا – пайда,فال – бал,

فرق– парық (айырма),فرزند – перзент,

فيل– біл, піл, فرض– парыз.

ح - (араб) – қазақшада жоғалып кетеді. Оның орнын көбірек а, ұ, е басады.

حاكم– әкім,حكومت – үкімет, حال – әл,

حساب– есеп,حضرت – әзірет, حاكم– мекеме,

حد– әд, حركت– әрекет, حلقه– алқа,

حرام– арам, حلال– алал, حرف– әріп (қаріп),

محمد– Мәмет, (Мұхамбет?), حسن– Асан,

حسين– Үсен (Құсейін?).

خ - (араб-парсы) – қазақшада қ болып жүреді.

تخم– тұқым, خمار– құмар, خط– қат,

خلق– қалық, خانه– қана, تخت – тақ,

بخت– бақ, خزينه – қазына, خور– қор,

خوراز– қораз (әтеш), (اخلاق) خلق – құлық(мінез),

خنا– қына, خنجر – қанжар, مختار– Мұқтар,

اختيار– ықтияр, خدا – Құдай (тәңірі),خبر – қабар

ھ - (араб-парсы) - қазақшада көбінше жоғалып кетеді. Қайсы шақта сөздің ортасында келгенде, ғ, и болып та жүреді. Сөздің аяғында келсе, жоғалады иә е болады.

هارون– Арон, هاشم – Әшім (тәңірі), الله– алда,

هلاك– әлек, هر – әр, بها– баға (бәә),

توبه– тәуба, هزل – әзіл, هنر– өнер,

مهر– мейір, ماهانه – майана (айлық ақша),

ﭽهار– шәр, ﭽهار طرف – шартарап, عهده– үдде,

وعده– уәде, هوس– әуес, هوا– ауа

ى - (араб-парсы)- қазақшада сөз басында келсе, ж болып, басқа жерде өзгермей жүреді.

ياردهم– жәрдем, يكه– жеке (дара),يار – жар,

يامبى– жамбы (қытай сөзі).

ش - (парсы) қазақшада ш болады.

ﭽهار – шәр (шартарап –төрт жақ), ﭽله – шілде,ﭽاى – шай.

گ - (парсы) сөз басында қазақшада к болып кетеді. Басқа жерде өзгермейді. Өзгергенде де қазақшаның өзінде бар г-к (керек-керегін) заңына қарайды.

گز– кез, گوده– кеуде, گفتگو– гәп, кеп (әңгіме),

گدا – кедей, گنده– кенде.

Ал енді мұнда араб-парсы сөздерінің қазақшаға кіргенде жалпы өзгеруі көрсетілді. Әрине, мұнымен меселе бітпейді,

ٽ ص – с, ط – д,т, ظ ض د – з,

ع – о, ғ, غ – қ, ف – б, п,

ح – а, е, ұ, ح– қ, ھ – о,

ی – ж, چ – ш, گ – к дегенімізбен, бұлардың ішінде заңға тура келмейтін бірсыпыра сөздер бар.

Меселен, احمد خليل حرمت محمد معلم сықылдылары әзіргі заманда «заңсыз» өзгеріп жүреді. احمدбіздің жоғарыда көрсеткен жобаға қарағанда Әмет болса керек еді. Бірақ ешкім олай айтпады. Ақмет иә Ахмет дейді.

خليل– Қалел,محمد – Мұхамбет, حرمت– құрмет, معلم – мұғаллым делініп жүреді. Біз мұнда айтып өтуіміз керек: Адам аттарынан басқа жерде ереженің бұзылуына ешбір жол жоқ. احمد – Ақмет сықылды екінші түрмен айтылмайтын аттар, әрине, қала берді.خليل – Қалел, Қален күйінші қала берсін. Бірақ - محمدдың Мұғамбет болуына жөн жоқ. Мәмет деуге болғанда Мұхамбеті аномалия болып қала берсін.

Бұл мысалдардан жалпы нәтиже мынау: әріптердің (қаріптердің деу жаңылыс) өзгеріп, қазақшада әрбір белгілі «тымақ» киюін көрсеткенмен, мәселе бітпейді екен. Жалғыз-ақ әріп ауыстыру мен жат сөз қазақ сөзі болмайды. Қазақ сөзі болып әбден сіңуі үшін сөздің жалпы құрылысы қазақша болуы керек. Мысал үшін بركة – (б фатха, р фатха, к фатха), كرامت ملا تخت حكومت– сықылды сөздерді тексеріп қара. بركة كرامت– сөздерінде өзгеретін әріптер мүлде жоқ. Бірақ қазақшаға кіргенде танып болмайтын дережеде өзгеріп айтылады: береке, керемет. Тахыт تخت сөзінде х орнына қ қойып тақыт жазумен бұл қазақ сөзі болып кетпейді.

Хукімет (حكومت) деген сөзде х әрпінің орнына ү қойғанмен ғана меселе шешілмейді. Арабшасында біздің ұу-дай оқылатын о орнына ү қойғаннан соң қазақша үкімет жасап біздің тымақты кигізген боласың.

Үстіп жат сөзді алғанда әріп ауыстырумен ғана тоқтамай, жалпы түрінде қазақшаға келтіріп өзгерту керек. Араб-парсы сөздерін алып қарағанда көбірек жіңішке сөздердің мықты өзгергенін көреміз.

حاكم كمال كاسه محكمه بركة كرامت كان

هوس هلاك خكم сықылды түбінде жіңішке айтылатын сөздердің қазақшасы араб-парсы мың жол ойласа да танымас.

Бірақ خانه خط تخم حمار خلق طرف طلب خدا خنجر (خضمه) خلق сықылды айтылуы жуан я жуанға жақын сөздерді тану жеп-жеңіл, бұлар анау жіңішкелеріне қарағанда аз өзгерген. Әлектің هلاك екенін, кереметтің كرامت екенін байқамай қалу мүмкін. Бірақ талаптың طلبтан алынғаны, қалықтың خلق – тан туғаны айдан анық. Бізге жіңішке сөздердің өзгеру заңын көбірек тексеру сауап болар. Өйткені бұл тексерудің қорытындысын ауропадан келетін сөздерге де пішу керек болады. Ауропа тілдерінде арабтың қ, ғ сықылды әріптері жоқ. Сондықтан ауропа сөздерін де бір заң белгілеп қою үшін қазақ тіліндегі баяғыдан келе жатқан жіңішке жат сөздерді тексеру мәселесі туады. Ал жіңішке жат сөздерді қарамаймын десең, араб-парсы сөздерінен басқа материал жоқ. Бұл материалды қарап шығып біз мынадай ойға келеміз:

Жіңішке иә жіңішке болып кіретін сөздерде фатхе көбінше е болып өтеді. Сөздің ішіндегі әліп ى әсіресе аяғындағы фатхе көбінше е болып өтеді. Сөздің ішіндегі әліп әсіресе аяғындағы әліп мүлде жоғалып, сөздің жалпы құрылысына қарай е болып кетеді.

Мысал: محكمه– мекеме, كرامت– керемет,

كان– кен (!), كسب – кесіп, كليم– кілем,

كمال– кемел, كاسه– кәсе, кесе, كم– кем,

هلاك– әлек,فلاكت – белекет, ﮔز– кез, ﮔوده– кеуде,

سلام– сәлем, دنيا– дүние,شئرك – серік,

نكاح– неке (!), آهنﮕران – ангрен, سيل– сейіл,

ميل– мейіл, مهر– мейір, سله– селде,

كريم– керім, فعل– бейіл, محمد– Мәмет

محمود– Мамыт болады, حسين– Үсен, حساب– есеп....

Бұл мысалдардың ішінде бірінші әрпі кісрелі болғандары да бар. Бірақ көбінің бірінші әрпі фатхемен келген. Әсіресе ешбірінің аяғында жіңішке әліп келмегеніне назар салу керек. Көбінде сөздің ішінде келгенде «әріп» те о болып кеткен كرامت سلام. Бірақ мұны әр уақыт осылай келер екен деп түсінбеу керек. Жіңішке сөздің аяғында еш уақыт әліп (әлібба деп болмайды) келмесе де сөздің басында болуы мүмкін, әсіресе бір-екі буынды сөздерде هلاك– әлек, سلام– сәлем, حركت– әрекет, حاكم– әкім, تن– тән, شان– сән ... сықылды сөздерге қара. Бірінші буында әліптің болуы мүмкін حلال سلام сөздерінде ортада әліп бар. Бұл әліп жылжып сөздің бірінші буынына өтіп кетіп отыр. حركت تن сықылды сөздерде әліп болмаса да тән әрекет деп қазақ әліп қосып отыр...

شان حال– сықылды сөздердегі әліп жоғалмай, орнында қалып отыр. Дамма, кесренің өзгеруі жеңіл: дамма ұ, ү, о болып өзгереді.

حكومت– үкімет, حكم– үкім, عهده– үдде,

حسين– Үсен, خلق– құлық,تخم – тұқым, هنر– өнер.

Кесре е, ы, і болып өзгереді.

حساب– есеп,فعل – бейіл, اختيار– ықтияр,

مهر– мейір, عزت– іззет, عبرت– ібрет,

مثال– мысал, مثقال– мысқал, صفت– сыпат...

Тәшдид мәселесі де жеңіл л, м, н әріптері қабат келмейді. Қабат келіп қалғанда л, н-ның екіншісі д болып кетеді. منت سله ملا الله – сықылды сөздер қазақшада алда, молда, селде, міндет болып айтылады. м-ның екіншісі б болады. حمال– амбал болады. Басқасының қабат келуі мүмкін болса да қабаттанудан қашу артық болар. Не болғанда да бұл заң л әрпіне қатты қарайды.

Басқа жерде қазақшаға қайшы келетін араб-парсы әріптері, заңдары болмағаннан, сөздің қорытындысына келеміз. Біздің тілімізге соңғы заманда кірген я енді кірейін деген араб-парсы сөздері толып жатыр. Бұл сөздер көбінше «тымақ» кимей кіріп барады. Мұның себептері де бар. Ең бірінші себебі: Арқадағы прессе, Арқада қазақ араб-парсы сөзін көбірек татардан үйренеді. Ғылым ғибрат, ғиззат, Құсейін, Ғазыза, ғараб, әлібба... әдабиат, мәданиет деп қазақ тілін бұзу әдеті татардан Арқа қазағына өтіп жалпы қазақ әдебиетіне күйедей жұғып барады.

Бұл әдетті жою керек. Бұл жараны күйдіріп тастау керек. Татарда араб-парсы сөздерін бұзбай алу, бұзбай айту мінезі бар. Бұл мінез қазаққа жарамайды. Басқаның сөзін бұзбай айтам деп тіліңді бұрып жүргенде, өз тіліңнен айрылып қаларсың. Орынбордың көшесінде есіткен «араб» сөзіне сенбей түбің, затын тексеріп қарастыру керек.

Меселенің араб-парсы бөлімін бітіру үшін соңғы заманда кіре бастаған түрлі-түрлі жаңа тума сөздерді әңгіме қылу керек. Аяғы стан, паз, кер... келетін жаңа сөздер көбейіп барады. Бұл сөздердің көбі білім ордасы маңайынан таралады. Жұмыскер, білімпаз, өнерпаз, Қазақыстан, Татарыстан, әсемпаз сықылды сөздер қазақ тіліне сіңейін деп отыр. Бұл сөздердің қазақ тіліне алынбауы керек. Мұндай сөздер тілді бұзады. Өнерпаз, әсемпаз... сықылды сөздерді түрінен жаңылыс құрылғанын таныса болады. Жіңішке айтылатын сөздердің аяғында әліп болуы қазақшада жарамайды. Ленинграттагы, әдебиатқа, әнерпазға, өнерпаздағы... деп айту үндестік заңын ойран қылады. Паз – парсы «يوختن» деген сөзінен алынған. Пісіру деген сөз. Түбірі - «ﭘز (ﭙه ز)» болады. Сонан «هنرﭘز» өнерпаз - өнер жасап шығарушы жасалған. Әзіргі күнде түрік елдері сол қосымшаны өз сөзіне қосып білім-паз, әсем-паз.. жасап жүр. Енді сарбаз, дарбаз сықылды сөздерге келсек, бұлар да парсы сөздері. Баз парсының «باختن» деген сөзінен алынған. Ойнаушы деген сөз. Түбірі баз болады. Сонан парсы сарбаз жасаған. Басы мен ойнаушы; солдат деген сөз. Дарбаз-
дар ағашында ойнаушы деген сөз. Білімпаз, білімпаздар,
білімпаздарға, білімпаздардағы ... деп үндестік заңын ойран
қылғанша қазақтың жалпақ бір сөзімен айтқан артық болмай ма?!
Білімпаз дегеннің орнына білім иесі, білгіш деп; білімпаздар
жиылысы дегеннің орнына білгіштер жиылысы иә білім иелерінің
жиылы деп айтқан «салмақты» да, тура да болмай ма?! Былай
айту арабшада да бар; білім иесі – тіл білгіштері бұл меселені қарастырғанда «иесі» дегеннен де жақсырақ сөз табар. Біздің мұнда ұсанғанымыз көп ұсыныстың тек бірі болар. Біздің айтайын дегеніміз: «паз» қосып сөз жасаудың бұрыс екенін көрсету.

«Кер» де парсының «кар»-дан алынған. Кар – іс, жұмыс, еңбек дегені. «مردكار» («мәрдікәр» делініп оқылады) дегені іс адамы ( مرد– адам, كار – іс). Енді парсының сөзін орынсыз, мәнсіз жұмыскер, іскер... деп сөз сайын қыстыруда жаңылыс: бізде, жалғыз бізде емес, барлық түрік тілдерінде біреудің кесібін жолын білдірейін дегенде алдыңғы сөзге – жы, шы, шыл қосып сөз жасайды. دميرجي - تيمئرﭽﯽ– темірші,ﺘﻳﮕرﻤﻧﭽﯽ - دكرﻤﻧﭽﯽ – тиірменші, كتاﺒﭽﯽ - كتابجى– кітапшы.... болып келеді. Қазақшадағы шы, шыл кер-дің орнын басуға әбден жарайды. Өстіп тіл тазалығын сақтау керек деген ойды ойлап, жұмыскер... сықылды сөздерді жұмысшы деп қазақ сөздеріне жақын келтіру керек деймін.

Басқасы даулы болса да, иә басқасын білгіштер қарастыру керек десе де парсының «ыстаны» түкке жарамайды. Қазақстан, Татарыстан... дегеннің орнына қазақ татар ... иә қазақ елі, татар елі десе не кетеді? Қазақыстан республикесі деп жасама сөз шығару орнына қазақ республикесі десе әр бір жылқышыға да түсүніктірек болмай ма? Қашаннан бері сөзді қиын қылып парсының ыстанын тағу әсем болған? Былай қазақ елі, татар елі деп айтқанда өлке мәнісін бермей ме? Біздіңше, әдебиет тілі қалың елде бар сөзден пайдаланып елге жақын болса, тілдің өсуіне, өршуіне тура жол тапқан боламыз. Бар байлықтан пайдаланбау үлкен жаңылыс, бар байлықтан пайдалана білу үлкен өнер.

Тегтер: Міржақып, Тарбағатай, Сырдария, Ертіс, қазақ тілі

Сондай-ақ, оқи отырыңыз