Қазقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Ана тілі

2.11.2017 611
​Мектепте оқылатын пәндердің біріне бірдей керекті бәрін қаусырып, орын алатын пән ана тілі екендігіне дау жоқ. Ана тілін жақсы меңгеріп алмай, өзге пәндерге түсіну мүмкін емес

Мектепте оқылатын пәндердің біріне бірдей керекті бәрін қаусырып, орын алатын пән ана тілі екендігіне дау жоқ. Ана тілін жақсы меңгеріп алмай, өзге пәндерге түсіну мүмкін емес. Ана тілі – халық болып жасағаннан бергі жан дүниесінің айнасы; һаман өсіп, өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын басынан кешірген дәуірлерін, дүниеге көзқарасын, нанымын – айманын, қайғысын, қуанышын, қысқасы жанының барлық толқындарын тұқымынан тұқымға жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы – сол халықтың тілі.

Ана тілін меңгеру – сөздерді жаттау, олардың жүйесін, өзгеру заңдарын білу ғана емес, тіл үйренумен бірге бала тілдің сансыз көп ұғымдарын, ойларын, сезімдерін, сұлу үлгілерін, ойлау жүйесін, ой фәлсәфасін де меңгереді.

Бала оқытуды тілден бастайды. Бастауыш мектептің көбінесе, айналдыратын оқуы – тілдің мүшелерін нық білдіріп, баланың тілін байыту. Орта дәрежелі мектепте үнемі тілді жаттықтыру, дағдыландыру керек. Әр сабақ, әр пән бір жағынан өзіне хас мақсұтын көздесе, екінші жағынан тіл түзетуге, тіл сабағының міндетін атқаруға тырысу керек. Бала сөйлегенде, жазғанда, тілді дұрыс қолдандыруға - әр оқытушының, әр мектептің міндеті. Осы соңғы пікір туралы бұл кезде хатта мынадай мәселе қозғалып отыр. Баланы тілге жаттықтырудың мағынасы: баланы сөйлеуге, басқалардың сөзін ұғуға, өз бетімен жазуға, оқуға төселдіру. Бірақ бұл мағынасыз әдеттендіру, құрғақ төселдіру емес, тілге жаттығумен бірге адам ойлауға да жаттығады. Сөз, сөйлем, әңгіме дегенміз – жазуша, не ауызша кісінің өзі айтқан ойы, не басқалардың сөзі арқылы жасайтын ақылымыздағы жасырын ой. Сөз бен ой бірінен-бірі айырылмайтын қайнаса біткен нәрсе. Сөз – ойдың айнасы. Ойсыз сөз – сөз болмайды. Ой жетілу мен тіл жетілу қатар жүреді. Тілді ойдан бөлек жетілту мүмкін емес. Олай болса, тілді жеке пән ретінде оқыту дұрыс емес. Дұрыс еместігі мынадан тағы байқалады.

Мұғалім тіл сабағында сөйлеуге, жазуға, оқуға, қысқасы, әңгімеге жаттықтырады екен. Ал басқа пәндерді оқытқанда не істемек? Физиканы, жағрафияны, тарихты оқыту дегеніміз осы пәндердің құбылысы туралы әңгіме ету емес пе? Ендеше, тілге төселдіру ғой. Есеп үйрету – сан туралы ойлау ғана емес, есеппен айтылған ойды ұғу, ұққанын айта білу ғой. Тереңірек қарасақ, әр пәннің ісі баланың ойын қозғау, ойлағанын ауызша, иә жазумен сыртқа шығару. Олай болса, тілсіз оқылатын, ұғылатын пән жоқ екені анық.

Біреудің ойын ұқпай, өз ойын айта білмей, ешбір білім табу мүмкін емес. Бұл даусыз. Ендеше, ойға төселмеген жас баланың тіл ережелерін дағдыландыру, машықтандыру жұмыстарын ұғуы да қиын.

Тіл оқытушы мұғалім өз міндеті тілге машықтандыру деп ұғады, тіл үйретуге керекті ойдың әр тарауын қозғайтын мағлұматтар іздеумен оның жұмысы жоқ. Жаратылыс пәнін оқытушы мұғалім міндетін балаға білім беру деп ойлайды, тілге төсілдіру оның жұмысы емес. Мұнан шығатын нәтиже: тілге жаттығатын бар мағлұмат тіл оқытуында болмайды. Жаратылыс оқушы, мағлұматтары көп болса да, ұқтыра алмайды, үйткені тілге төсілдіре алмайды. Сөйтіп, екеуі де көздеген мақсатына жете алмайды. Тілді өзге пәннен бөлек оқыту баланың тілін де, білімін де жетілдіре алмайтындығын сезіп, бұрынғы мектептер басқа пәндерді көбейтуге тырысқан. Ондай шаражүкті бұрынғыдан да ауырлатқаннан басқа түк пайда берген жоқ.

Бұдан шығатын қорытынды мынау: білім тану жолы мен тіл үйрену жолын айыру дұрыс емес. Сондықтан ана тілін өз алдына пән ретінде оқыту ақылға да, табиғатқа да жанаспайды. Жоғарғы айтылғандардан қорытып, іс жүзінде қолдануға мынаны ұсынамыз:

1. Басқа пәндерден тіл оқыту айырым болмасын, қайта өзге пәндер тіл үйренуге керек етсін.

2. Жан дүниесінде тіл үйрену басты жұмыс емес, жанама жұмыс болғандықтан, бала әуелі тәжірибеге талпынып, нәрсемен танысып, сонан кейін сол нәрсе туралы сөйлесін, тыңдасын, жазсын, оқысын, тілге үйренсін.

3. Баланы тілдің әр түріне машықтандырғанда белгілі жүйе қолданылсын. Жазу, оқу тыңдаудан, сөйлеуден соң келеді. Сондықтан әуелі баланың көрген-білгені туралы әңгіме құрып, сонан кейін оқуға, жазуға үйретілсін.

4. Бала әуелі өз бетімен сөйлеуге, жазуға төселіп, сонан кейін үлгілі сөздерге еліктеуге мүмкіндік берілсін.

5. Әңгіме үшін берілетін мағлұмат кітаптағы даяр заттар бола бермей, баланың тәжірибесінен, көрген-білгенінен алынсын. Кітаптан өмірге емес, өмірден кітапқа қарай жылжысын.

Тегтер: Мектеп, Жүсіпбек, ана тілі, тіл меңгеру

Сондай-ақ, оқи отырыңыз