Қаз Latقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы

2.11.2017 1167
​Қазақ-қырғыз жұрты оянғаннан бері мәдениет бәйгісінде ілгері кеткен жұртқа жетудің қамын қылып жатыр.

Қазақ-қырғыз жұрты оянғаннан бері мәдениет бәйгісінде ілгері кеткен жұртқа жетудің қамын қылып жатыр. Мәдениеттің негізі – білім. Білімге тіл арқылы жетіледі. Білімді жұрттардың тілі бай болады.

Оянған жұрт қарқынды келеді. Елестеген мұратқа жету үшін көбіне алды-артына, жан-жағына қарамай екпіндейді. Әдет, заң, тіл секілді өзіндегі барды кемге санап, соларды жылдамырақ көңілдегідей өзгертуге салынады. Жайымен тергеп, ақырындап тексеруге талпынған жүрек сабыр бермейді. Қарқынды жарыста, екпінді жұмыста елдің елдігіне негіз болып тұрған нәрселердің де абайламастан өзгеріп кететіні болады. Мәдениет қуған жұрттың ең алдымен тілі өзгермекші. Шеттен кірген біліммен, әдетпен, заңмен жаңалықтарға ұғым беретін жаңа сөздер келмекші. Білімге кірген жаңа сөздердің көбі үлгіге алынған мәдениетті жұрттың сөздері болмақшы.

Осы күнгі қазақтың әдебиетінде шеттен кірген сөздер өте көбейіп кетті. Төңкерістен соңғы шыққан журнал-гәзеттердің іші толған жат сөз. Білім, оқу әдебиеті де жат сөзге байыды. Заманымыздағы көркем әдебиетіміз де жат сөздерден құр емес.

Оқытушыға да, үйренушіге де, үгіттеушіге де, жазушыға да, білімдіге де, білімсізге де, шешенге де, ақынға да жат сөзсіз күнелте алмайтын заман туды.

Топан суындай қаптап, тілімізді жат сөздер басып бара жатқан мезгілде ескерілмей ұмытылуға айналған тіліміздің бір негізгі заңын еске салғымыз келеді.

Түрік тілі – жалғамалы тіл. Жалғамалы тілдегі сөздердің түбірі өзгермейді. Сөз аяғына жалғанған қосымшалар арқылы өзгереді. Қазақ-қырғыз тілі – түрік тілінің бір тарауы. Сондықтан қазақ-қырғыз сөздері де түбін өзгертпей, аяғына қосылған жалғауменен өзгереді. Бұл заң «Тіл – құралдан» белгілі.

Қазақ-қырғыз сөзінің түбірі не соламайымен жуан айтылады, не соламайымен жіңішке айтылады.

Жалқы сөздің түбіріндегі дыбыстардың біреуі жуан болып, біреуі жіңішке болып еш уақытта естілмейді. Қазақтың негізгі жалқы сөзінің түбірінде жуан дыбыстар мен жіңішке дыбыстар араласып ұшырамайды. Бір сөздің ішіндегі дыбыстардың бәрінің бірдей дауыспен (не жуан, не жіңішке) ұйқасып айтылуын білім тілінде «сингармонизм» дейді. Сингармонизм деген сөз, қазақша айтқанда, үндестік, ұйқастық деген мағанада.

Сингармонизм түрік тілінің айрықша өзіне біткен қасиеті. Түрік тілдерінің көбі (Ыстамбұл түріктері, Қазан ноғайы, сарт-өзбек, тағы талайлар) түрік емес халықтардың сөзін көп алғандықтан, жат жұрттарға көп араласқандықтан, осы айрықша қасиетінен айрылып қалып отыр. Осы күндерде қазақ-қырғыз секілді шет жұрттармен жарытып араласпай, нағыз түріктікті сақтаған елдердің тілдерінде ғана сингармонизм заңы өзгерместен қалып отыр. Бірқатар білгіштердің ойынша, сингармонизм дауысты дыбыстардың үндес болып, ұйқасып, бір дауыспен (не жуан, не жіңішке) айтылуынан шығады. Дауысты дыбыстар қалай айтылса, дауыссыз я жарты дауысты дыбыстар солай айтылмақшы. Бір сөздің ішіндегі дауысты дыбыстар бірігіп, өзге дыбыстарға ән береді, дауыссыз я жарты дауысты дыбыстар өз алдына үн шығара алмайды, дауыстылардың берген әнін ғана ұстайды. Дауыстылар сөздің қалай айтылуын билеп тұрған ұйғарушылар, әншілер. Дауыссыздар мен жарым дауыстылар бұлардың соңына ерген дауыссыз нөкерлері болып шығады.

Сондықтан сингармонизм заңы дауыстылардың гәрмөндесу заңы я дауыстылардың гәрмөние заңы деп те айтылады.

Біздің ойымызша, сөздегі дауысты я жарты дауысты дыбыстар үнсіз, мүлде сақау емес, бұлардың аз да болса дауысы бар. Бұлар қостаушылар, бірақ бұлардың дауысы дауыстылардікіндей ашық емес, саңыраулау естіледі. Сөзді әнге, сөз ішіндегі дыбыстарды қосылып ән айтушы адамдарға балауға болады. Мәселен: бес кісі қосылып ән салса, бір-екеуінің ғана дауысы анық естіледі де, өңгесінің дауыстары дүдәмәл байқалады. Сондықтан біз «дауыстылар гәрмөниесі» дегеннің орнына «дыбыстар гәрмөниесі» деп айтқанды дұрыс көреміз.

Бір сөздің я жуан, я жіңішке болып екі түрлі айтылуы қазақ-қырғыз тіліндегі әр дыбыстың біресе жуан, біресе жіңішке болып қос айтылуы­нан. Дыбыс жуан айтылғанда тілдің түбімен айтылып, тамақтан (көмейден) шыққандай болып сезіледі; сол дыбыс жіңішке айтылғанда тілдің ұшымен сөйлегендей болып, ауыздың алдыңғы жағынан шыққандай болып сезіледі. Дауысты дыбыстарда бұл анық байқалады, дауыссыз я жар­ты дауысты дыбыстарда дүдәмәл сезіледі.

Бұл күнде біздің тілімізде жалғыз «е» дыбысынан басқа барлық дыбыс қос айтылады. Осы күнгі «е» дыбысы «ә»-ден, «і»-ден туса керек. Соңғы екеуі де қос дыбыс. Сөздің қысқасы, қазақ тіліндегі дыбыстарда жұптық я қостық бар. Бұл – ескі түрік тілінің заңы.

Мысал үшін дауысты дыбыстарды тергелік. «Е»-ні шығарғанда, қазақ-қырғыз тілінде сегіз түрлі айтылатын төрт дауысты дыбыс бар. Бұлардың жуан түрі мыналар: а (алым, мас), о (ор, тор), ұ (ұр, тұр), ы (ылғал, сыз). Жіңішке түрлері мыналар: ә (әлім, мәс), ө (өр, төр), ү (үр, түр), і (ілмек, із).

Дауыстылардан басқа қазақ-қырғыз тілінде он бес дауыссыз дыбыс бар, екі жарты дауысты дыбыс бар (у, й). Сонымен қазақ-қырғыз тілінде бес дауысты (бірі жіңішке, төртеуі қос), он бес дауыссыз, екі жарты дауысты дыбыс бар. Дауыссыз, жарты дауысты дыбыстардың бәрі де қос, қазақ-қырғыз дыбыстарын таңбалау үшін кішкене өзгертіп арабтың хәріфтерін алдық. Араб тілінде де шала қос дыбыстық байқалады, әліпбиіндегі кейбір дыбыстардың жуан түрін, жіңішке түрін айырып белгілеген таңбалары бар. Қазақ-қырғызша әліпби түзегенде арабтың әліпбиіндегі қос дыбыстық тұтасымен алынған жоқ, жазудың жеңілденетін жолы байқалды. Қазақ-қырғыз әліпбиінде арабтың қос дыбыстығы екі дыбыс турасында ғана қолданылды. «Қ, ғ» хәріфтері екі дыбыстың жуан түрлерін таңбалау үшін, «к, г» хәріфтері сол екі дыбыстың жіңішке түрлерін таңбалау үшін алынды. Өңге алынған хәріфтер дыбыстардың жуан түрін белгіледі. Дыбыстың жіңішке түрін белгілеу үшін жуан белгілеген таңбаның алдына дәйекші қойылатын болды. Қазақ-қырғыздың сөзіндегі дыбыстар ұйқасып, үндесіп айтылатын болғандықтан, сөздегі әр хәріфтердің алдына дәйекші қоюдың керегі жоқ болды, бүтін сөздің алдына жалғыз дәйекші қойылса да жететін болды. Қолданған дәйекшіміз сингармонизм заңынан туып отыр. Дәйекшінің мағынасы осы. Мұны ұмытпасқа керек.

Сингармонизм заңы тіліміздегі дыбыстардың таңбаларын екі еседей азайтып жазуға көп жеңілдік беріп отыр. Дұрысында «қ» мен «ғ» дыбысының жіңішке түрін дәйекші қойып таңбалау керек еді. «К» мен «г» хәріфтерін тастау керек еді.

«Қ» мен «ғ»-ның жіңішке түрін белгілеуге алған «к» мен «г» бір жағынан хәріфтердің санын көбейтсе де, екінші жағынан дәйекшіні азайтуға себеп болып отыр. Ішінде «к, г, е» таңбаларымен белгіленген дыбыстары бар сөз сингармонизм заңы бойынша әрқашанда жіңішке айтылмақ. Мұндай сөздердің алдына дәйекші қоюдың керегі жоқ. Сондықтан қолданған «к» мен «г» хәріфтерін қолдана беру керек.

Жоғарғы айтылғанның бәрі сөздің түбірі туралы. Қазақ-қырғыз тіліндегі сөздің түбірі сингармонизм заңына бағынатыны анық. Енді жалғауларға, туынды сөздерге келелік.

Қазақ-қырғыз тіліндегі сөздердің түбірі еш уақытта өзгермейді. Қазақ-қырғыз сөзі өзгергенде аяғына жалғанған қосымшалар арқылы өзгереді.

Тіліміздегі қосымшалар: 1) жалғау, 2) жұрнақ, 3) жіктеу болып бөлінеді. Байқап қарасақ, жалғаулар сөздің түбіріне ұйқасады. Сөздің түбірі жуан айтылса, жалғанған жалғау да жуан айтылады. Сөздің түбірі жіңішке айтылса, тіркелген жалғау да жіңішке айтылады. Сондықтан жалғаулар қос болады.

Тіліміздегі жуан айтылатын жалғаулар мыналар: 1) -ның, -дың; 2) -ға, -қа, -а, -на; 3) -ды, -ны, -н; 4) -да, -нда; 5) -дан, -нан; 6) -дар, -лар.

Бұлардың жіңішке айтылатын жұптары мыналар: 1) -нің, -дің; 2) -ке, -ге, -е, -не; 3) -ні, -ді, -ін; 4) -де, -нде; 5) -ден, -нен; 6) -лер, -дер.

Қазақ-қырғыздың өзіне меншікті түпкі сөздерінде бұлардан басқа жалғаулар жоқ. «Тіл – құрал» да осыны айтады.

Шеттен келген сөздерге -дә, -ндә, -дән, -нән, -ләр, -дәр деген жалғаулар бар деушілерге тілімізге кірген жат сөздерді тексергенде жауап береміз.

Жалғаулар айрықша сөз емес, сөздің мүшесі, буыны. Өз алдына айтқанда, бұларда мағына жоқ, сондықтан бөлек айтылмайды.

Қазақ-қырғыз тіліндегі жалғаулардың жалғасқан түбірімен ұйқасып, әндесіп сөйленетіндігі анық.

Жіңішке түбірге жуан жалғау я жуан түбірге жіңішке жалғау еш уақытта қосылмайды.

Жалғыз сингармонизм заңымен жалғасады. Тәуелдіктер де жалғаулардың ізімен жүріп сингармонизм заңына көнеді.

Жіктеудегі жалғаулар өте көп. Әр райдың жалғауы басқа болады.

Әр райдағы жалғауларды алып тексеріп қарасақ, жіктеудің де сингар­монизм заңымен жүретіндігі анық байқалады. Қазақ-қырғыз тіліндегі етістіктің түбірін я тұқылын табу қиын емес.

Етістіктің болымды түрін жекеше жіктегенде билік райдың екінші жағына арналған сөз салт һәм сабақты етістіктердің түбірі болады, өңге етістіктердің тұқылы болады.

Үлгі үшін мынаны келтіреміз: сал, тұр, жарыс, таран, тұрғыз, алдыр, жеңіл, соғыстыр, жұлқыла, ұйықтатыңқыра.

Етістіктің әр райдағы болымды, болымсыз түрін үш жақ, екі айырыс, үш шақ бойынша жіктегенде етістіктегі жалғаулардың түбірі тұқылымен әндес екендігі анық байқалады.

Жіңішке түбірге я тұқылға жіңішке жалғау, жуан түбірге я тұқылға жуан жалғау арналған жіктеуде еш уақытта жуан түбірге (тұқылға) жіңішке жалғау я жіңішке түбірге (тұқылға) жуан жалғау қосылмайды.

Жіктеуде сингармонизм соншама мықты, түбір мен жалғаудың арасындағы дәнекер дыбыс та түбірге әндес келеді. Үлгі үшін жаз, жүз деген сөздерді алайық: жазайын – жүзейін, жазамын – жүземін, жазасың – жүзесің, жазады – жүзеді.

Мұндай үлгінің талайларын келтіруге болады.

Сингармонизм заңы көсемше, есімше етістіктерде айқын байқалады.

Түбірдің жуан, жіңішке айтылуына қарай үнемді көсемшедегі жалғаулар «-а» я «-е» болады (жаза бердім, жүре бердім). Ниетті көсемшедегі жалғаулар «-ғалы» я «-гелі» болады: жазғалы тұрмын, жұргелі тұрмын.

Өткен шақтық есімшедегі «-ған» (-қан) я «-ген» (-кен) деген жалғауларда сингармонизм толық байқалады: жазған, айтқан, жүрген, көрген, кеткен.

Ұйғарынды есімшедегі «-атұн» (жазатұн), «-етұн» (көретұн) деген жалғаулар да сингармонизмге бағынған. Ұйғарынды есімшедегі «-атұн», «-етұн» жалғаулардың нағыз дұрыс қалпы «-тұғын», жаза-тұғын, бара-тұғын, жүре-тұғын, көре-тұғын, тағы талайлар.

Ұйғарынды есімше негізінде екі сөзден құралған. Тіл шеберленген уақытта есімшедегі екі сөз қосылып, бір сөз болуға бейімделген. «Тұғын» деген сөз өнемейін қатты айтылады. Алдындағы жуан сөзбен біріктіріп айтуға болса да, алдындағы жіңішке сөзбен біріктіріп айтуға болмайды. Екі сөзден бір сөз туғызғанда сингармонизм заңына хилап келмес үшін «-тұғын» деген сөз «-тұң» күйінен өзгеріп, құйқылжымалы «-түн» деген жалғау болған.

Сингармонизм тіліміздің негізгі заңы екендігіне «тұғын» өзгеріп «тұн»-ға я «түн»-ге айналғаны анық дәлел. Мұның жайында алдымызда әлі сөйлерміз.

Көсемше мен есімше етістіктердің болымды түрлері де, болымсыз түрлері де сингармонизм заңына анық бағынады.

Енді жұрнақтарға келсек, мұнда да жалғаулар туралы айтқанға жолығамыз.

Қазақ-қырғыз тіліндегі жұрнақтар екі түрлі: бірі – шын жұрнақ, екіншісі – шала жұрнақ. Шын жұрнақ сөз емес, айрықша айтылғанда мағынасыз болады, сондықтан бұлар өз алдына бөлек айтылмайды. Шын жұрнақ сөздің буыны, мүшесі.

Қазақ-қырғыз тілінде шын жұрнақтар өте көп, бұлар сөздің мағынасын өзгертіп, туынды сөздер тудырады.

Шын жұрнақтың бәрі қос болады. Жуан түбірге я тұқылға жуан түрінде жалғанады, жіңішке түбірге я тұқылға жіңішке түрінде жалғанады. Бұл туралы сыпаттың керегі жоқ.

«Тіл – құралда» мынадай шын жұрнақтар көрсетілген. Есімдерде: -шы (-ші), -лық, -дық, -тық (-лік, -дік, -тік), -шылық (-шілік), -шыл (-шіл), -шық (-шік), -ша (-ше), -құй (-күй, -гүй), -лы, -ды, -ты (-лі, -ді, -ті), -сыз (-сіз), -лас, -дас, -тас (-лес, -дес, -тес), шаң (-шең), -а (-е), -ла, -да, -та (-ле, -де, -те), -ғар, -қар (-кер), -сын (-сін), -шыла (-шіле), -дай (-дей), -дағы (-дегі), -ар (-ер), -ғыл (-гіл), -лау, -дау, -тау (-леу, -деу, -теу).

Етістіктерде: -с, -н, -дыр (-тыр), -л, -т, -тыйтыр, -сыйтыр, -қыз, -ғыз (-кіз, -гіз), -қыйла, -ғыйла (-кійле, -гійле), -ңқыра (-ңкіре), -у, -м, -с, -ш, -қыш, -ғыш (-кіш, -гіш), -уыш, -ғый (-гій), -қ (-к), -қын, -ғын (-кім, -гін), -ма (-ме), -ба (-бе), -мал, -бақыл (-бекіл), -мақыл (-мекіл), -ақ (-ек), -н, -лық (-лік), -ұул (-үул), -ман (-мен). Бұлардың бәрі қос айтылады, сингармонизмге толық көнеді.

Етістіктегі алғашқы он жұрнақ – тұқылдағы етіс жұрнақтары. Тұқылдың өзі де сингармонизм заңына толық бағынады.

«Тіл – құралға» кірмеген шын жұрнақтар көп:

1) -лдырық, -лдірік (табалдырық, сағалдырық, тұмылдырық, көзілдірік, өмілдірік);

2) -ңғы, -ңгі, -ңқы, -ңкі (салбыраңқы, астыңғы, болдырыңқы, еңкейіңкі, үстіңгі, ауысыңқы);

3) -қақ, -кек, -ғақ, -гек (жарғақ, құрғақ, шорқақ, піскек, ілгек, үркек, іскек);

4) -қай, -кей, -ғай, -гей (балақай, қарағай, еңсегей, әшекей, өңкей, найзағай, жөнегей);

5) -қам, -кем (қалқам, салқам, жөргем, көркем, икем, желкем);

6) -ау, -еу, (қинау, жинау, көрнеу, ернеу, кернеу);

7) -маң, -мең (қылмаң, күлмең);

8) тағы талайлар.

Жұрнақтың бәрін тізіп жату бұл жерде орын емес. Бірақ жұрнақтардың бәрін толық қылып жинау кезекті жұмыстың бірі болуы керек.

Шала жұрнақ деп мағыналы сөзден өзгеріп жұрнақ қалыпқа түскен сөзді я жұрнақтықтың шын қасиетінен айырылып, қосалқы сөздің қалыбына аударылған жұрнақты айтамыз.

Шала жұрнақтар қазақ-қырғыз тілінде аз:

1) -еке деген шала жұрнақ «әке» деген сөзден өзгерген, жуан түрі бүгінде жоқ, алғашқы жуан түрі -аға (-ақа) болса керек.

2) -нікі (-дікі, -тікі) деген құрама жұрнақ. Бұл «нің» (дің) деген жалғау мен «кі» деген жұрнақтың қосылуынан туған. -ніңкі (-діңкі) өзгеріп -нікі (-дікі) болған.

-нікі – жұрнақтың жіңішке түрі, жуан түрі нықы. Біздің тілімізде жуан түрі бүгінде жойылған, айтылмайды, ноғай тілінде бұл жұрнақтың екі түрі (-нықы, -нікі) осы күнде де айтылады.

«-нікі» қазақ тілінде жұрнақтың шын қасиетінен айрылып, қосалқы сөзге жақындаған.

3) -ғана бұрын шын жұрнақ еді, жіңішке түрі -гене (-ғана, -гене) еді. -гене бұл күнде қазақ тілінде айтылмайды, жойылған. -ғана жұбынан айрылған соң, шын жұрнақтықтан да айрылған. Бұл күнде қосалқы сөз ретінде айтылады.

4) -күнем (пайда-күнем, мас-күнем, қас-күнем). -күнемнің жуан түрі жоқ, сондықтан шала жұрнақ я қосалқы сөз ретінде сөйленеді.

Тілімізге жат тілдерден (парсыдан) кірген жұрнақтар бар: 1) -кер

(-гер), 2) -хор, 3) -паз. Жат тілден кірген жұрнақтар шала жұрнақтарға қосылады, бұларда қостық жоқ.

-кер (-гер) өнемейін жіңішке айтылады. Алдындағы қосылатын түбір сөзі жіңішке болса, дұп-дұрыс болып сингармонизм заңымен жүре береді (іс-кер – іскер).

Алдындағы қосылатын түбірі жуан айтылатын сөз болса, бұл сөзді «-кер» жіңішкертіп алып қосылады: сауда-гер – сәудегер, хайла-кер – хәйлекер, яғни айла-кер – әйлекер, жұмыс-гер – жұмыс-кер – жұмыс-кер, тағы талай үлгі келтіруге болады.

-кер (-гер) жұрнақ жат тілден келген шала жұрнақ болса да бұ күнде шын жұрнаққа айналып барады.

-паз (әсем-паз, өнер-паз) өнеймейін жуан айтылады, түбір сөзбен әндеспейді.

-хор (пара-хор, алым-хор, жем-хор) өнемейін жуан айтылады. Бұ да алдындағы сөзбен әндеспейді.

Жұрнақтар туралы әңгімені қорытқанда мынадай жазу қағидасы туады:

1) Шын жұрнақтар сөзге қосылып жазылуы керек. Шала жұрнақтар түбір сөзге жалғаспай сызықшамен бөлініп жазылуға керек.

-Кер (-гер) жұрнақ шын жұрнаққа есептелінеді, сондықтан түбірімен бірге жазылуы керек.

Жазудың осындай қағидасы сингармонизм заңынан шығып отыр.

Демеулерде де сингармонизм заңы анық байқалады. Сұрау демеудік жуан түрлері: ма, ба, да; жіңішке түрлері: ме, бе, де.

Демеу алдыңғы сөзбен үндеседі. Алдыңғы сөз жуан болса, демеу де жуан айтылады; алдыңғы сөз жіңішке болса, демеу де жіңішке түрде айтылады. Үлгі үшін: ұрыстым-ба, сөктім-бе, оқи-ма, жүр-ме.

«Да» деген демеу жуан айтылатын сөздің соңынан қойылады. Мәселен: мал да, құс та, адам да сүт емушілер тобына кіреді. «Де» деген демеу жіңішке айтылатын сөздің соңынан қойылады. Мәселен: мен де, сен де адамбыз; көз де, бүйрек те, жүрек те, ішек те денедегі мүшелер.

Біздің кейбір жазушыларымыз «да» менен «де»-нің қай орында қалай қойылатынын шатастыра береді. «Қазақ тілі»-нің талай сандарында ретсіз «да» мен «де»-нің шатысып жүргенін байқадық.

Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін бастырғанда басқарған Бернияз Күлеев «Бастырушыдан» деген сөзде мынаны жазады: «Өлеңдердің қолжазбасында көпшіліктің сөйлеп жүрген тіліне, емлеге дұрыс келмейтін кейбір сөздер жергілікті түрде жазылғандары бар еді. Мәселен: мен де, сен де, өзім де, көзім де, өлім де, мені де деген сөздердегі демеулер көпшіліктің сөйлеп жүрген тілінде емледе орнымен «де» де, «да» да айтылып жазылады. Қолжазбада барлық сөздерде деп айтарлық «да» демеуі жазылған жоғарғы сөздер менда, сенда, өзімда, көзімда, өлімда менімда [болып] жазылған. Бұлардың талас еместерін «де» қылып түзетсем де, өлеңнің ұйқастарын бұзатын орындарда һәм дүдәмал естілетін орындарда түзетуге тәуекелім жетпеді».

Бернияздың түзетуі дұрыс-ақ, бірақ түзетуді аяқтамағаны сингармо­низм заңымен таныс болмағандығы.

Ақындық – табиғаттың саннан таңдап бірен-саран адамдарға беретін артық өнері. «Көп берілгеннен көп сұранады» деген нақылды ескеріп аяғына дейін түзету керек еді. Тілді бұзбай ұстарту, шеберлету, байыту – ақындардың мойындарына артылған зор борыш.

Сұрау демеулік соңында екен деген сөз келсе, қатар тұрған екі дауысты дыбыс бірігіп айтылады, сондықтан мекен, бекен деген сөз туады. Мәселен: барама-екен, жүреме-екен деген сөздер барамекен, жүремекен болып айтылады. Мекен, бекен болып айтылса да барама-екен, жүреме-екен деп жазу керек. Сингармонизм заңы осылай қылып айырып жазуды дұрыстайды.

Туынды демеулердің кейбіреулерінде сырттан қарағанда сингармонизм заңы дүдәмәл байқалғандай болады. Шындығында туынды демеулер­де сингармонизм заңы анық. Туынды демеулер мыналар: үйткенде сүйткенде, бүйткенде, әйткенде, қайткенде, немесе (бір түрі ғана алынды).

Бұлардың алдыңғы бесеуі екі сөзден, соңғысы үш сөзден құралған. Үй-еткенде, сүй-еткенде, әй-еткенде, қай-еткенде, не-емес-болса.

Үй, бүй, сүй, әй, қай деген сөздердің бәрі осы күнде де қазақ арасында айтылады. (Қобыланды батыр бүй деді, Ер Тарғын сонда сүй деді, қай жерде, тағы талайлар).

Үй – ұлайдан, бүй – бұлайдан, сүй – солайдан, қай – қалайдан қысқарған. Алдындағы сөзбенен мықтап бірігу үшін бұларға сингармонизм заңына көну керек болған. Сондықтан бұлар бұрынғы қалыбынан, тұлғасынан айырылып, тілдің негізгі заңына ылайықталған.

Немеседе алдыңғы сөздер өзгеріп, артқы сөзге ұйқасқан.

Қай-еткенде деген сөзден басқаның бәрін бір жазса да болады, қай-еткендені сызықша арқылы жазу керек. Қайткенде деп біріктіріп жазған қата болады, «ма-екен»-ді «ба-екен»-ді мекен, бекен деп жазғандай сингармонизм заңына қиянат келеді.

Бірқатар қара қазақтар қай-еткенденің орнына қайткенде деп сөйлейді. Бұлай болғанда бірге жазудан кемшілік жоқ.

Қазақ тілінде кей нәрселердің аты екі сөзбен айтылады. Мәселен: бай-шешек, Бай-келді, Жан-келді, Орын-басар, Қызыл-жар, Ақ-жар.

Қос сөздердің бірқатарлары бірігіп бітіп, бір сөз болуға айналған. Осындай сөзді тексеріп қарасақ, бұлар сингармонизм заңымен өзгеріп барып бірігеді.

Бір жуан сөз, бір жіңішке сөз екеуі бірігіп қосылғанда сингармонизм заңы айқын байқалады. Көбінде жуан сөз өзгеріп, жіңішкеріп келіп қосарымен бірігеді: 1) бай-шешек – бәй-шешек – бәйшешек; 2) тұра келмек – түре-келмек – түрегелмек; 3) ала-өкпе – әле-өкпе – әлөкпе; 4) гүл-айым – гүл-әйім – Гүләйім; 5) бай-келді – бәй-келді – Бәйгелді; 6) тас-темір – Тәстемір.

Мұндай үлгілердің талайын келтіруге болады. Екі сөз бірігіп бір сөз болса, ішіндегі сөздер қазақ-қырғыз тілінде сингармонизм заңымен өзгереді. Бұл жалпы заң ұйғарынды есімшедегі «тұғын»-ның «тұн» болуы, туынды демеулердегі солай, бұлай секілділердің өзгеріп сүй, бүй секілді түрлерге айналуы, қос сөзден бір сөз тууы – бәрі бір жол, бір із, сингар­монизм заңымен жүру.

Мұнан жазудың тағы бір қағидасы туып отыр: қос сөздер сызықша арқылы жазылуы керек (Қызыл-жар, Көк-жар, Әулие-ата, ешкі-емер, оқ-жылан, Бай-тұрсын, Сәрсен-бай, Кене-сары, тағы талайлар). Қос сөзден сингармонизм заңымен бірігіп бір сөз болып туған сөздер бірге жазылуы керек (Тәшкент, Шімкент, Жауғашар, жарғанат, тағы талайлар).

Жоғарғы айтқанның бәрін сарыққанда қазақ-қырғыз тілінің өзіне меншікті түпкі сөздерінің қайсысын алсаң да, түбір сөз болсын, туынды сөз болсын, сөздердің ішіндегі көп өзгерістерден қай қалағаныңды алсаң да, бәрінің сингармонизм заңымен жүріп, осы заңды қолданып, бұ заңнан титтей шетке кетпейтінін көресің.

Қазақ-қырғыз тілінде сингармонизм заңына көнбейтін сөз, сөз өзгерісі жоқ.

Сингармонизм тілімізді үйренуге, үйретуге жеңілдетіп тұр, жаңа сөздер тудырып, сөздер қосып, тілімізді байытқанда ылақтырмайтын, адастырмайтын қарақшылы даңғыл қара жол болып тұр.

Жоғарғы айтқанның бәрі түпкі қазақ сөздері туралы еді. Енді шеттен келген жат сөздерге келелік.

Қазақ-қырғыз тіліне сіңіп кеткен жат сөздер көп: қала, молда, шілде, амал, айып, әділ, әлім, әдет, ылаж, өмір, ар, құрбан, әкім, аспан, дүспан, заңғар, құн, береке, патса, дастарқан, сабын, бедеу, Асан, Үсен, Сәмеке, Шайбақ, Сидақ, Мәмбет, Мәделі, әзіл, масқара, дәулет, апат, есеп, шынжыр, несібе, серт, әсет, ақырап, жеді, дүйсенбі секілді тағы талай сөздің бәрі қазақ тіліне жат тілдерден кірген сөздер.

Бұл сөздер біздің тілімізге соншама сіңіп кеткен, қазақ-қырғыз халқы бұлардың жат екендігін сезбейді. Байқап қарасақ, жоғарғы сөздердің бәрі де қазақ тілінің қай заңына да көнеді; қазақтың түбір сөздерімен бірдей болып өзгеріп, бірдей құбылады.

Қай жағынан қарағанда да бұларды жат сөздер деп айтуға болмайды, бұларды жат сөздер десек ел көнбейді. Бұларды жат деген адамның өзін ел өзіне жат санайды. Сондықтан бұл сөздердің бәрі қазақ-қырғыз сөзі деп айтуға тура келеді. Шет тілдерден келіп сіңіп, қазақ-қырғыз сөзі бо­лып кеткен сөздердің ата тегін қуып түбіне жете тексерсек, бұлардың асыл қалыбы біздің тіліміздегі қалыбына көбіне ұқсас емес.

Қазақ-қырғыз тіліне сіңу үшін бұлар танымастай болып өзгерген. Өзгергенде бұлар қазақ-қырғыз тілінің заңдарына бағынатын болып, алдымен сингармонизм заңына көніп өзгерген.

Өзінің заңымен өзгертпей қазақ тілі ішіне ешбір жат сөзді алмайды, кіргізбейді. Бұл – ақиқат нәрсе. Мұндай заң жат тілдерден кірген сөздерде, әсіресе қос сөздерде айқын байқалады. Мәделі деген сөз Махмудали деген сөздерден, бейсенбі деген сөз пажшанбе деген сөздерден, Абдолда деген сөз Ғабдолла деген сөздерден шыққан; осы сықылды көп үлгілер келтіруге болады.

Өз сөзі қылып сіңіру үшін қазақ-қырғыз тілі жат сөздердің бірнешеуін қосып біріктіріп, сингармонизм заңына бағындырып, бір сөз қылып жібергені бар. Мәселен: «жапа тармағай» деген сөз арабтың «жамхан-туран-мағхан» (бәрі бірге ұмтылу) деген сөздерінен шыққан. Осы секілді үлгілер аз болмаса керек.

Орыс тілінен қазақ тіліне кірген сөздерді тексеріп қарасақ, бұлардың да сингармонизм заңымен өзгеріп тілге сіңгені байқалады. Самауар (самаурын), Бәселей, Шодыр, Гәбрөшке, жәшенке, лампы, корпыс секілді сөздерде сингармонизм анық байқалады. Осы сөздердің орыс тіліндегі асыл нұсқаларында сингармонизм жоқ.

Орыстың қалаларының я жерлерінің атақтарына келсек, оны да қазақ не өз сөзіне аударады, не сингармонизм жолымен өзгертіп айтады. Топайлы (Тополевский), Өрлік (Орловский), Кірімшік (Гребенщиковский), Сарытау (Саратов), Самар (Самара), Мәскеу (Москва), Хәркеу (Харьков), Орынбор (Оренбург) деген сөздерде сингармонизм анық байқалады.

Губірнетір, үйез (ойаз), болыс, жандарал (боласнай), ауылнай, ыстаршина (ыстаршын), пәмөшнік, нәшәндік, содиа, пірістөп, өрендік, пірпеске, әткез, шербій, сиаз, пірсетіл, перебөтшік, шөтшік, песір, үшетіл, мұжық секілді сөздердің көбін орынды ма, орынсыз ба тексермей, ел ішіне ықтиярсыз біздің оқығандар, әсіресе тілмаштар кіргізді. Оқығандар мұндай сөздерді нағыз орысшасынан бұлжытпай сөйледі, қазаққа бұлжытпай сөйлетуге тырысты. Қара халық оған көнбеді, өзінше аударып сөйледі. Жоғарыдағы жазылған сөздердің бәрі де нағыз қара қазақтың айтуынша жазылған. Сингармонизм бұларда анық.

Қара халық өте сақ болады. Тұрмысына, салтына, елдігіне зиянды нәрселерді қабылдамайды. «Қара қарын ел бұзады» деп жат рулардың адамдарын арасына өте сақтықпен кіргізгеніндей, шет сөздерді де сынап, тергеп, тексеріп, екшеп, өзгертіп, өз тілінің әдетіне ылайықтап кіргізеді.

Сондықтан оңаша жүрген елдің өз еркінде тұрғанда тілі бұзылмайды. Елдің тілін бұзатын – көршілес елдердің мәдениетін үлгіге алған мәдениетті елдердің әсері.

Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгеруге жол басшы болады.

Оқығандар өзіне ылайық әдебиет тілі деген тіл түзейді. Түзеген жаңа тілін ел ішінде жая бастайды, көбіне зорлап кіргізеді.

Әдебиет тілі дұрыстап түзелмесе, қара тілдің заңымен жүрмесе, әдебиет тілі көп бұқараға түсініксіз жат тіл болады, елге сіңбейді; сондықтан жер жүзіндегі жұрттың көбі әдебиет тілін қара тілге жақын қылып елге түсінікті қылуға тырысады. Әдебиет тілінің қаруы – баспа мен мектеп. Баспа мен мектеп деген – адам шошынарлық өте қайратты қару. Баспа мен мектепте қолданған тіл елге ақырында сіңбей қалмайды.

Мектеп пен баспаның тілі дұрыс тіл болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді; мектеп пен баспада қолданған тіл шатасқан тіл болса, ол ел – сорлы ел, мұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды.

Қазақтың әдебиет тілі жаңадан басталды. Елдің қара тілі әдебиет тілімізге негіздікке алынды. Әдебиет тіліміздің табаны дұрыс салынды деуге болады.

Табаны дұрыс салынғанмен, үйді көркем болып түзеледі деп айтуға болмайды. Үйдің керегесі (дуалы), төбесі, есік-терезелері, түрлі әшекейлері көп болады. Осылардың бәрі дұрысталып салынғанда ғана, әр қайсысы өз орнына қойылғанда ғана үйді түзеліп бітті деуге болады.

Осы күні әдебиет тіліміз өте қарқындап өсіп барады. Бір жағынан, өз сөзінен сөз тудырып байыса, екінші жағынан, жат сөздерді кіргізіп байып баратыр.

Тілдің өз сөздерінен туған сөз тілдің негізгі заңымен тууы керек, тілдің нағыз өз баласы болуы керек. Бұған ешкім таласпас та, таласпайды да.

Жат сөзді қолдаушылар екі түрлі. Жат сөздерді туғандағы айтылуынан өзгертпей кіргізу керек, жат сөздерді өзгерту күнә деп жат сөздерді тілімізге әдейі, жорта, қалыбынан бұлжытпай, кіргізіп отырғандар бар. Бұл – бір. Екінші – не себепті екенін өзі білмей, ойламай, бір сөзді бір жерден қалай естісе я оқыса, сол сөзді сол күйінше бұлжытпай тілге кіргізіп, қолданып отырғандар бар.

«Қаскүнемдердің» саны аз, бірақ аз да болса қолында дәлелі бар. «Мәлімшілдердің» саны көп, сапасы жоқ: бір сөзді бүгін былай жазады, ертең олай жазады, ұстаған жолы жоқ, әйтеуір есі-дерті жат сөзді қолдану.

Бір тілге кірген жат сөз – бейне адамның қарнына түскен тағам. Адамның денесі ішкен-жеген тамақтан түзеледі. Адамның денесі ет, сүйек, қан секілді нәрселерден түзелген. Сырттан қарағанда бұлардың ішкен сүтке, жеген нанға тіпті ұқсасы жоқ. Ауыздан кірген, ішкен-жеген тамағымыз ішек-қарында уытталып, сіңімді халге келеді. Сонан соң қанға сіңіп, тұла бойға тарап, ет, май, сүйек, шеміршек болады. Құсықты, жынды, нәжісті адамның бәрі де біледі.

Ауызға салған қазы мен қартаның ішек-қарындағы көжеге не ұқсасы бар?! Ауызға салған қып-қызыл алманың құсыққа не ұқсасы бар?! Құсықты, жынды жемек түгіл адам көре алмайды. Көргеннен-ақ жүрегі айниды.

Шындығыңда құсық, жын, нәжіс ауыздан кірген тамақтан пайда болған. Микроскоппен қарағанда я химия ретімен тексергенде бұл анық болып шығады.

Ауыздан кірген тамақ сіңу үшін, денеге «өзімдік» болу үшін дене заңымен өзгеруі керек. Дене заңымен өзгермеген тамақ, дене заңына

көнбеген тамақ денеге сіңбейді, «бұратана», «қара қарын» болып, денеге зиян береді. Тілге кірген жат сөздер де сіңу үшін, тілге «өзілік» болуы үшін сол тілдің заңымен өзгеріп, танымастай хәлге келуі керек. Бүйтпесе жат сөздер бұралқы болып, тілдің шырқын бұзады, тілге зиян береді.

Тілдің қорықшысы қара халық мұны жақсы біледі. «Жапа-тармағайдың» арабтың үш сөзіне қандай ұқсасы бар?!

Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге ылайықтап алу керек. Жат сөзді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады. Бұл туралы Аурупа тілдерінен алдымызда үлгі келтіреміз.

Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалыбымен тілге сіңіреміз дегендік – шатасқандық. Бұ жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зиян келтіреді.

Жат сөздерді өзгертпейінше жүргіземіз деп қазақтың тілін бұрағандар да, «мәдениетке үйретеміз, өнер шашамыз» деп арақ пен шылым, жұқпалы ауру таратқандар да бір есеп. Арақ, шылым, аурулар адам денесін бұзса, зорлықпен кіргізген жат сөздер елдің түп қазығы болған тілді бұзады.

Қайсысының күнәсі көп?!

Тілімізге жат сөздер екі жақтан кіріп жатыр. Бірі – араб, парсы сөздері, молдаға оқығандар арқылы. Екіншілері – Аурупа сөздері, ордаға оқығандар арқылы.

Араб-парсы сөздері тілімізге дінмен бірге кіре бастады. Молдалар қаншама дін сөздерін дұрыс айтқызамыз деп, [тіл] бұраса да ел болмады. Жат сөздерді өзінше айтып, тілінің заңына ылайықтап қолданатын болды. Дін тілімізді бұза алмады. Бұған себеп – көшпелі салтымыз һәм елге тым кәдірлі болған орасан бай ауыз әдебиетіміз. Көшпелі елге жазу-сызу оңайлықпен таралмады. Жазба әдебиет жоқтық бізді сақтады.

Жазба сөз қазақ арасына он тоғызыншы әсірдің екінші бөлімінде пайда болды десе болады. Онан бұрынғы есепке алынбайды. Жазба сөз бізге, бір жағынан, Қазаннан, бір жағынан, Бұхардан келді. Араб-парсы сөздерінің де көбі осы көршілер арқылы келді.

Қазақтың балалары ноғай, сарт мектеп-медіреселерінде оқитын болды. Медіреселерде араб-парсы сөздерін өзгертіп айту зор күнәге есептелінетін еді. Молдалар қазақ арасына араб-парсы сөздерін бұлжытпай айтуды жазу арқылы үйрете бастады, ана тілін бұзып, ноғайшылап, сартшылап сөйлеуді, жазуды шығарды.

«Хұрметлу ғизатлу қадырменде зияда көргуші ағамызға көп-көп саламлар бағыдунда біз тарафтан хал-ахуал сұрасаңыз алхамдилла сағ саламат тұрадырмыз» секілді әдебиет тілі болған шатақ тіл пайда болды. Бұл тілді күні кешеге дейін молдалардан басқа да ел ішіндегі сөз жазған кісілердің бәрі қолданып жүрді. Хүкүмет тілі де осындай болды.

Он тоғызыншы әсірдің екінші бөлімінде қазақ елі отырықшы бола бас­тады да өзара араласуы кеміді. Көршілес отырған «адабияты» бар ноғай-сарттардың тілі отырықшы елдің арасына жайыла бастады. Осы ағайындар арқылы бірқатар парсы-араб сөздері өзгермейінше тілімізге кіре бастады.

Көп қазаққа «шатақ» тілдің әсері жарытып тиген жоқ. Шатақ тілден сақтаған: 1) көшпелі салтымыз, 2) бай, ауызша айтылып жүрген ел әдебиеті, 3) Ыбырай Алтынсарыұлы һәм Абай Құнанбайұлы сияқты шын тіл қамқоры болған нағыз әдебиет тіліне жол салған оқымысты жігіттеріміз.

Дегенмен «ноғай-сарт дәуірі» босқа кеткен жоқ. Қазақтың шын әдебиет тілі түзелгенде де ноғайдың, сарттың мектеп-медіреселерінде оқыған жігіттеріміздің көбі араб-парсы сөздерін өздері үйренген жалған жолмен жүргізе берді.

Басқа оқығандарымыз бұлардың соңына ере бастады. Сондықтан соңғы заманда пайда болған қазақтың ұлт мектеп-медіреселері үшін жазылған құралдарда, оқу үшін жазылған кітаптарда, көркем һәм білім әдебиеттерінде сингармонизм заңына ылайықсыз болып жаңылыс жазылған жат сөздер өте көп ұшырай бастады. Газет-журналдарымыздың беттерін қарасақ, жаңылыс жазылған жат сөздермен толулы.

Кімнің қай орында қата жазғанын түстеп жатудың керегі жоқ. Мұндай қаталар жазушылардың бәрінде де бар.

Үлгі үшін осы күнде жаңылыс жазылып жүрген араб, парсы сөздерін сингармонизм жолымен дұрыс жазып көрсетеміз. Хүрмет (үрмет), хәсірет, Хамид, Ахымет, рахымет, хажет (әжет), хатер, хәзірет (әзірет), Мұхамбет, бетпақ, хадыс (хәдіс), Әли, пәрмен, Орымбет (Ор-мәмбет), көрек (хөрек), хәсте, миірман (мейірмен), миман (меймен), ытипақ, тағдыр, құдыс, мирас, мұғалым.

Көрсеткен сөздерді жақшаның ішіне қойылған түрлеріндей қылып жазса да қата болмайды.

Жіңішке айтылған сөздердің жалғаулары да жіңішке, жуан айтылған сөздердің жалғаулары да жуан болып қосылуы керек.

Тағдырге, мұғалымге, мейменға деп айту-сызу жаңылыс. Кейбір араб, парсы сөздерін екі түрлі айтуға болады. Ғылым – ғылымға, ілім – ілімге, ғалым – ғалымға, әлім – әлімге, ғұмыр – ғұмырға, өмір – өмірге. Бұлай айтылудан тілімізге келетін зиян жоқ. Қостық – тіліміздің заңы. Тек жалғауларын ұйқастыру керек.

Сингармонизм заңына келмейтін болып тұрған кейбір сөздер бар. Арабтың Махмуд деген сөзін қазақ Мәмбет, Мұхамбет, Махамбет, Мағамбет деп өзгертеді. Мәмбет сингармонизмге толық көнеді. Мұхамбет сингармонизмге шалалау көнеді. Мағамбет сингармонизмге қарсы. Қазақ тіліне кірген араб-парсы сөздерін тергеп қарасақ, бір бөлек сингармонизмге шалалау көнген я көнбейтін сөздер ұшырайды. Бұлар тілге ықтиярсыз кіргізілген, бұзып айтылуына қарсылықты көп көрген, тілді бұрап алғашқы қалыбында сөйленуіне, жазылуына көп еңбек сіңірілген сөздер. Бұларды қазақ тіліне толық сіңіп болды деуге болмайды. Бұлар шала сіңген сөздер. Жаттығын білдіртпей бұларды тілге әбден сіңіріп жіберу – әдебиет тілінің міндеті.

Арабтың Махмуд деген сөзіне қазақ тілінде сәйкес сөз Мәмбет. Бөтен түріктерде Мәмед, Мемед деп айтады. Мұхамбед, Мұғамбет деген молдалардың, оқығандардың қолданған, елге ықтиярсыз сөйлеткен сөздері. Бұлар шала қазақ сөздері. Махамбет, Мағамбет осы шала сөздердің түзетілген түрлері. Жат сөздерді қазақ сөйлегенде өз сөзіне жақындастырып, ұйқастырып айтуды жаратады, Мағамбет деген сөз жалқы айтылмайды. Алдында қосымша қосылып айтылады. (Қос-мағамбет, Қос-махамбет).

Махамбет деген сөзді қазақ екіге бөліп айтады: біреуі Махам – Махан – Мақан. Екіншісі – бет. Сондықтан Махамбет деп айтылу пайда болады.

Ханибет, Ханден деген сөздерді де қазақ Қани-бет, Қан-ден деп екі бөліп айтады. Қани-бет секілді айтылуына ыңғайлы келетін, тағы талай сөздер бар. Осындай орындардың бәрінде де жат сөздер қазақ тілінде екі бөлініп айтылады. Шындығында бұл дұрыс болса да әдебиет тілімізге Махам-бет, Қани-бет, Қан-ден деп алу керек емес, Махамбет, Ханибет, Ханден деп алу керек.

Түрік тілінде түбір сөздер қысқа келеді. Түрік тілі ұзын сөзді жаратпайды. Мұндай қасиет қазақ-қырғыз тілінде анық байқалады. Сондықтан шет тілдерден келген сөздерді қазақ тілі екіге, үшке бөліп айтуға тырысады. Махмудтың Махамбет (Махам – Махан – Мақан һәм бет) болуы да осыдан. Қос – махмуд деген сөз Қос – бағам – бет болып қазақтың тіркелген үш сөзіндей айтылады, сондықтан қазақтың айтуынша, сингармонизмнің заңынша жүрсек, Қосмахмудты Қос-бағам-бет деп жазу керек.

Қос Бағам-бет деп жазуды өте ерсі көрсек, онда ережеден тыс қалып, Махмудтың Мағамбет болуына көніп, Мағамбет секілді сөзді бір жазамыз. Бірақ мұндай болып жазылудың айрықша тыс нәрсе екендігін өнемейін ұмытпай, жалпы ережеге аудармасқа керек. Бұлай болғанда Қос-махмуд, Дос-махмуд деген сөздерді Қос-бағамбет, Дос-бағамбет деп екі бөліп жазу керек. Алдыңғы сөз жуан болады да, соңғы сөз жіңішке сөзге баланады.

Ұзын сөздің қысқасы, арабша, парсыша сөздерді арабша, парсыша айту керек емес, қазақша айту керек, қазақ тілінің заңына көндіріп қолдану керек. Нағыз түрік сөзінің ішінде жуан, жіңішке айтылатын дыбыстар аралас келмейді. Сондықтан бір сөздің ішінде бір жағынан «қ», «ғ», екінші жағынан «к», «г», «е» дыбыстар кірмесін. Жуан сөздерге жіңішке жалғаулар, жіңішке сөздерге жуан жалғаулар жалғанбасын.

Жат сөздерді қалай қолданудың ұлы бағытына түсінген соң әрбір сөзді дұрыстап жазу қиын емес.

Тілімізді байытайын деп тұрған екінші түрлі жат сөздер Аурупа сөздері, бұ сөздердің жаңғыз-жарымы болмаса, елге сіңгені жоқ. Бұларды қолданып, елге ықтиярсыз кіргізейін деп тұрған – әдебиет тіліміз. Аурупа сөздері соңғы заманда әдебиет тілімізге жапа-тармағай кіріп жатыр. Соңдықтан бұлар туралы да біраз ғана сөз айтпақшымыз.

Аурупа тілдері бірнеше топқа бөлінеді. Бізге керегі мына үшеуі: 1) роман тілдері, 2) гермен тілдері, 3) ислабиан тілдері. Бірінші топқа франсоз, ителиен, портуғалиа, һіспаниа, романиа, тағы басқалар тілі кіреді.

Гермен тобына: неміс, норбегие, шибетсие, даниа тілі кіреді. Ағылшын тілі неміс тіліне жақын, гермен тілі мен франсоз тілінің араласуынан пайда болған.

Ислабиан тобына: орыс, хахол, пәлек, былғар, серб тілі кіреді. Әр топтың ішіндегі тілдің бір-біріне жақындығы біздің түрік тілдерінің (ноғай, қазақ, қырғыз, өзбек, түрікпен, оспан) жақындығындай.

Әр топтың бір-бірінен айырмасы түрік тілінің манғул я фин тілінен айырмасындай.

Аурупа жұрттарының ғылым тілі қылып алған тілі – латын тілі. Латын тілінде бұл күнде сөйлейтін ел жоқ. Латын тілінде бұрынғы заманда рум халқы сөйлеген. Румдардың тұқымы бұл күндегі ителиендер мен романдар.

Латын тілінде сөйлеу я кітап жазу бірден-бірге қалып баратса да, сонда да Аурупа ғылымындағы атаулардың (терминдердің) бәрі латынша.

Латын тіліндегі терминдерді ешкім қалдыруға ниет қылған жоқ, қалдыруға қолдан да келмейді. Ғылым ұлғайған сайын латын терминдері де ұлғайып барады.

Аурупа жұрты латын сөздерін термин қылып қолданғанда бұлжытпай алып отырған жоқ, әр сөзді әркім өз тіліне бейімдеп өзгертіп қолданып жүр, сөзді өзгерткендер әрқайсысы өз тілдерінің заңымен өзгертеді. Мысал үшін бір азғана үлгі келтірелік.

Латынның портсио (порцио) деген сөзін неміс портсион (порцион), орыс портсиа (порция) деп қолданады.

Латынның пилантатсио (плантацио) деген сөзін франсоз пылантаж (плантаж), орыс пилантатсиа (плантация) деп қолданады.

Латынның пробиеденсиа (провиденция) деген сөзін неміс пробидент (провидент), франсоз пробиданс (провиданс), орыс пробидениа (провидения) деп қолданады.

Осындай көп үлгілер келтіруге болады.

Роман (латын), гермен тілдерінде шолақ «у», «һ», «е» дыбыстары бар, орыс тілінде мұндай дыбыстар жоқ, сондықтан орыстар шолақ «у» дыбысын «в» дыбысымен, «һ» деген дыбысты «г» я «и» деген дыбыстармен сөйлейді.

Біздің қазақ-қырғыздардың ішінде Аурупа тілдерін жақсы білетініміз аз, көбіміз білмейміз. Аурупа тілдері бізге орыс арқылы жалғасады.

Сондықтан Аурупа сөздерін орыстың айтуынша қолданып жүрміз. Бұл дұрыс емес. Аурупа сөзін асыл нұсқасынан алып, өзгертіп қолдану керек.

Орыстың айтуы Аурупаның айтуынан қандай айырылатынын төменгі үлгілерден байқауға болады. Латын сөздерін қазақша жазып, орыстың айтуын орысша жазып көрсетеміз.

Аудииториұм (аудитория), аутор (автор), аурора (аврора), аутономиа (автономия), аутомобилиұс (автомобиль), Данаус (Данай), Һиспание (Испания), һистория (история), Һелена (Елена), кууадратус (квадрат), һипнозис (гипноз), һуанитұус (гуманный), һоризонт (горизонт), һигиена (гигиена), һиимн (гимн), Һолланд (Голландия), Уилһелм (Вилъгельм), Гермен (Герман), Уиена (Вена), тағы талайлар. Аурупа сөздерін ала қалсақ, біздің білуімізше, мынадай жолмен алу керек:

1) Аурупа сөздерін алғанда, сөзді қазақ-қырғыз тілінің заңымен өзгертіп, сіңуге қолайлап алу керек. Аурупа тілінен бізге әсері көп тиетін тіл – орыс тілі, орыс сөздері ықтиярсыз қолдануға керек болатын дәуірде тұрмыз. Сондықтан орыс сөздерін қолданғанда өте сақтық керек.

2) Күнбатыс Аурупа сөздерін алғанда түбін тексеріп, шамадан келгенше сөзді түпкі иесінің сөйлеуіне жақындатып алу керек. Сөз франсоздікі болса, франсоздың айтуына, немістікі болса, немістің айтуына жақындатып алу керек. Көпке дейін Аурупамен біздің арамызға орыс тілі дәнекер болады. Орыстар Аурупа сөздерін өзінше өзгертіп алады. Мұны үнемі ұмытпасқа керек. Аурупа сөздерін орыс арқылы алғанда өте сақтық керек. Аурупа сөзін орыс өзгертіп, орыстың өзгерткенін біз тағы өзгертсек, ақырында Аурупа сөзі орынсыз танымастай болып кетіп, аурупаша да болмай, орысша да болмай шатақ болуы мүмкін. Копенгаген дұрыс емес, Көпен-һаген я Көпенһаген болуы керек. Гелсингфорс дұрыс емес, һелсинк-Форс болуы керек. Мұндай үлгілер көп.

3) Роман, гермен сөздері жалпы айтқанда жуан айтудан гөрі жіңішке айтуды сүйеді. «Л» деген дыбыс бұ тілдерде өнемейін жіңішке айтылады. Сондықтан ішінде «л» дыбысы бар Аурупа сөздерін жіңішкертіп айтқан сөздің түбіне жақын, қолайлырақ болады. Немістің «Ләнд» деген сөзі кірген сөздерді жіңішкертіп айтқан тіпті артық.

Мәселен һолландиа дегеннен һәлләндие деген сөздің асыл нұсқасына жақынырақ болады.

4) Франсоз тілінде сөздің басуы (ударение) соңғы буынының ішіндегі дауысты дыбыстарда болады. Қазақ-қырғыз тілінде де осындай қасиет бар.

Сондықтан Аурупа сөздерін өзгерткенде, франсоз тілін үлгіге алсақ, көп жеңілдік көреміз. Мәселен, латынша механикус деген сөз орысша механишески (механический), франсозша механик (механик) болады. Бұл сөзді қазақша мехенік деп алуға болады.

5) Аурупа сөзін алғанда түбірін сингармонизмге көндіріп алған соң, жалғаулардың да бәрін сингармонизм заңымен жалғау керек. Алған түбірден туынды сөздерді өз тіліміздің заңымен тудыру керек.

Мехенікші, мехеніктемек, химие, химиеші, химиемек, химиелеу, гүлейттемек, гүлейттеймін (гүлайт етемін деген дұрыс емес). Анатомиа, анатомиамақ, анатомиаламақ, анатомиашы. Үлгі үшін жиі ұшырайтын бірқатар Аурупа сөздерін сингармонизм бойынша жазып көрсетеміз.

Гермение (Германиа), Туркие, Һыспаниа (Һіспение), Әнгілие, Һәлләндие (Һолландие), (Тюлландиа), Бірәзилие, Ірләндие (Ирландиа), Финләндие, кәмесие, кәнференсие, сексие, реперетсие, Ителие (Италиа), һындиа (Ындық), Аурупа (Еуропе), химие, фійзиелөгие, пәтөлөгие, һигиене, мәтеметике, әріфметике, бійелөгие, резөлитсие, Әмерике (Әміркен – Амырқан), Әфірике, Азиа, Ауыстыралиа, Нөрбегие, Шібетсие, Шібетсерие, Сербие, Романиа, Пөлше, фіренік, маркы, Дәние, кәмесер, Түркістен, ыспалком (ыспалқом), гүбкөм (ғубқом), губірне (ғобырна), әренде.

Қазақ-қырғыздың негізгі түбір сөзінде бас буыннан басқа орында сөздің ішінде «і» дыбысы естілмейді, бөтен түрік тілдеріндегі «і» біздің тілде «е» болып кетеді. Сондықтан бөтен тілдерде бар де, дән, нән, ләр (дәр) біздің тілде: да, деп, нен, лер болып айтылады.

Жат сөздерді қолданғанда ішіндегі бас буыннан басқа орында ұшырайтын «ә» дыбысын да «е» қылып қолдану керек.

Сонда бізге «елеген» жалғаулардың үстіне «әлеген» жалғаулардың керегі жоқ болады.

Жәмиле, Мәлике, кәлендер, фебірел, декебір, сентебір, кәмесие, кемисер, Лейле, кітеб деп айту да керек, жазу да керек. Бірқатар азаматтарымыз ел Жамила, Ләйлә, Хамила, фебирал деп сөйлейді деуі мүмкін. Бұлай айтушыларға мынадай жауап береміз, шын қазақтың өзіне салсақ календар деп тіпті айтпайды, не кәлендер, не қаландар деп айтады. Бұлай қылып айтуды түрік тілінің заңы бұйырады. Өңге сөздер де кәлендер сықылды сөйленеді.

Елді ықтиярына жібермей шатастырып отырған әуелі молдалар, сонан соң біз – оқығандар. Жолтоспай болып біздер жат сөздің әбден сіңіп кетуіне кедергі болып жүрміз.

Жамила, Ләйлә, календар, фебірал деп оңды-солды елдің құлағына құйып, балаларға үйретіп, тіл бұзуға себеп болып жүрміз.

Оқығаңдарға енді мұны қою керек. Тілді бұзу емес, тілді ұстарту жолына түсу керек.

Сингармонизм заңымен байланысқан қазақ-қырғыз тілінде мынадай заңдар бар: 1) Қазақ-қырғыздың түбір сөзінде бір дыбыс екіленіп (тәштиденіп) келмейді. Сондықтан жат сөздердегі екіленіп айтылатын дыбысты қазақ-қырғыз не бір дыбыс қылып айтады, не соңғысын бөтен дыбысқа аударады.

Молла – молда, үммет – үмбет, алла – алда, аууал – әуел, жиннат – жендет, суннат – сундет.

Тіліміздің заңы осылай болған соң, жат сөздерді алғанда ішіндегі бір дыбысты екілетіп айту, жазу керек емес.

Мұғалым, қуат, қодыс, мүһзін, зәре, мытал (метел), хылор, үпіл деп жазу керек. Осы заңның бойынша сұу, тұу, бұу секілді сөздерде бұрынғы ұұ жазуымыз дұрыс емес еді. Бүгінде хатамызды тузеттік; екі «ұ»-ны қатар қоймай, ұұ-ның орнына ұу жазатын болдық. Бұлай қылғанымыз жоғарғы айтылған заңнан шығып отыр.

2) Қазақтың түбір сөзінде екі дауыссыз дыбыс көршілес қатар тұрмайды, өнемейін арасында дауысты дыбыс тұрмақшы. Қазақ сөзінде екі дауыссыз дыбыс көршілес қатар тұрса, онда сөздің екі сөзден құралғанын я сөздің ішінде жалғаудың барлығын көрсетеді. Бүркіт, көгершін, шекпен, кеткен, тышқан, іркіт, бөктергі, борсық, жылқы деген сөздердің түбірі: бүр, көгер, шек, кет, тыш, ір, бөк, бор, жыл болуы керек те, қалған бөлімдері жұрнақ болуы керек.

Олай болмаса, бүрікіт, көгерішін, шекібен, кетібен, тышықан, ірікіт, борысық, жылықы болуы керек. Осы айтылғанды тіл білгіштер өте тексеріп қарауы керек. Бұл заң деп айтқанымыз нағыз заң ба, жоқ тек ұйғарынды ма?

«Сананың» бірінші нөмірінде емле туралы жазғанда Ф. Ғ. ұлт (ел), ұлт (итті), жылт (көріну), жылт (ысыту) секілді үлгілер көрсетіп, бұлардың әрқайсысын әр түрлі айтылады, бұларды жазғанда мағынасын айыру қиын, сондықтан бітеу буында «ы» дыбысын қалдырмай жазу керек дейді. Жоғарғы көрсетілген сөздердің бәрінде де «ы» дыбысы бар, бірақ бір сөзде бұл дыбыс ұзындау айтылады, біреулерінде қысқалау айтылатыны тіл болған жерде болмай қалмайды. Сондықтан мұндай ұсақ айырмаларды жоюға таңбалар шығара берсек, тіліміздің қағидаларын өте қиындатып жібереміз; бұлай қылудың керегі жоқ.

Бір қатар сөздерде дауыссыз дыбыстың арасындағы дауысты дыбыс жоқ секілді болып көрінуі де «ы» дыбысының өте шолақтанып, қысқа айтылуынан болса керек.

Сингармонизм заңы – жаңғыз қазақ тілінің емес, түрік тілінің заңы, тек түрік тілінің емес, орал-алтай тобына кіретін тілдердің заңы.

Орал-алтай тобы мынадай тілдерге бөлінеді: 1) фин тілі, мадиар-оңғар, фин (суами), есті, мордба тағы талайлар; 2) самойет (қасуами); 3) түрік; 4) манғол (қалмақ, бурлат); 5) тоңғыз. Түріктің бұрынғы тарихы қытай, араб, парсы тілдерінде жазылған. Бұлар түрік-манғол сөздерін орасан өзгертіп жіберген.

Тарихтағы жаңылыс сөздерді түзетіп алуға сингармонизм заңы жол көрсетіп отыр. Ноғай тарихында Селенх деп жазылған, бұл дұрыс емес, сингармонизм заңынша Селенге я Сыланғы болуы керек, шындығында Сылаңғы. Селжық дұрыс емес, не селжік, селшік болуы керек, не салжық, сылшық болуы керек.

Қазақ-қырғыздың руларының, адам аттарының арасында бұрыңғы түрік-манғол аттары көп ұшырайды, сондықтан тарихтағы адамның, жердің аттарын алғанда осы күнгі қазақтағы адамдардың, рулардың, жердің аттарымен салыстыру керек; Құбылайды Көбілей, һулагуді Әлеке деу керек; Шыңғыздың атын Темөшін деу дұрыс емес, Теміршін я Темірші болуы керек.

Түрік, манғол тілдерінің тұқымдас, тумалас екендігін, қытай тілінде «р» дыбысының жоқтығын ескерсек, Шыңғыздың аты Теміршін болуға қолайлы бола қалады.

Оспан түріктерінде сингармонизм болғандығы жаулап алған Аурупа жерлерін атауларынан айқын көрініп тұр. Ыстанбол – Константино-поль, Әдірне – Адрианополь, Йәнине – Янина, Азмыр – Смирна, Марыш – Марица, Бакрж – Бухарест, Олах – Волахия, Бағдан – Молдавия, Росшық – Рущук, Шетиние – Цетинье, тағы талайлар.

Рұсиада орысша жақсы, ең таза сөйлейтіңдер түріктердің оқығандары, әсіресе ноғайлар мен біздің қазақ-қырғыздар; кірмелі кірузиндер, немістер, латыштар, финдер орысша жаман сөйлейді. Бұлардың тілінде өнемейін әксент деген нәрсе білініп тұрады.

Мұның себебі мынау: соңғы уақытқа дейін біздің Рұсиадағы түріктерде мұсылманша оқыту, оқу бар еді, ұлт оқытуы жоқ еді.

Орыс мектептеріне кірген балалар ана тілін оқып әбден жаттығып кірмей, ана тілімен таныс болмай тұрып, орысша оқи бастайтын еді. Орыс мектептеріне кіргендердің ес-дерті орыс тілін жақсы білу, орысша жақсы сөйлеу болатын еді. Орыс мектептеріндегі оқытулардың да бар тілегі жас өспірімге орыс тілін жақсы білдіріп, орыс тілін ана тіліндей қылып жіберу еді.

Осылай болған соң, бірнеше жыл орысша оқыған балалар орысша орасан шебер болып кететін еді. Ана тілінің заңын, әдетін ұмытып кететін еді. Ана тілінің нақуы, сарфы жоқтығы, орыс тілінің астамдығы, болашақтағы пайдасы адамды қызықтыратын еді.

Жасында ұлт мектебінде дұрыстап оқыған адам ана тілінің заңын ұмытпайды, бөтен тілдің сөздерін ана тілінің заңымен айтамын деп шатасады. Әксент туады, бөтенше сөйлеуге, бөтен елдің адамынан айырылмастай болып сөйлеу бұларға өте қиын болады. Бұлардың жат тілде сөйлегенде жаттығы білініп тұрады. Өз тілін жақсы білген түрікке Аурупа тілдерінде сөйлеу қиын болса керек.

Сонда да біздің ноғай, қазақ сықылды түріктер орысша соншама жақсы сөйлейді, бұлардың орыс еместігі жақсы сөйлегеннен білініп тұрады. Оқыған түрік орыстың нағыз әдебиет тілімен сөйлейді. Нағыз орыс көбіне жасында үй ішінде үйренген тілімен сөйлейді; оқыған түріктер орыстың әр дыбысын ішкөлде үйренген қалпымен айтады. Сондықтан орыс ішкөлінде қатар оқыған орыс, қазақ балалары диктөбке жазғанда қазақтар хатасыз жазады, орыстар хатамен жазады.

Мектепте ана тілін жақсылап оқыған балаға орыс сөздерін көпке дейін дұрыстап сөйлеу мүмкін емес.

Біздің айтайын дегеніміз мынау: бөтенше жақсы сөйлеймін деп мақтану керек емес, ойлаңқырау керек.

Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып жат тілді еліктей беруі зор хата. Бұл оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпауы керек.

Тегтер: Халел, қазақ-қырғыз, білім, тіл

Сондай-ақ, оқи отырыңыз