Кірме таңбалардың морфологиялық талданымы

Tilalem.kz

Tilalem.kz

25 қазан, 2017

Өтпелі дәуір кезіндегі кез-келген ауқымды шара, ол экономикалық шара болсын, әлеуметтік шара болсын, елді бір дүрліктірмей қоймайды. Өйткені ондай шараның, жұртшылық жаппай қатыспаса да, өз жақтаушылары мен қарсыластары болады. Әліпби ауыстыру мәселесі де осы жайды басынан кешіріп отыр. Сондықтан оған таң қалуға болмайды, тек оның себебін дұрыс түсінуге тырысуымыз керек. Ендеше бұл бағыттағы шараны тек әліпби ауыстыру деп қарамай, кең қамтып, жазу реформасына айналдыру қажет. Сондықтан әңгімені тек әліпби ауыстыру төңрегінде ғана қалдырмай немесе бір таңбаны екінші таңбаға қалай ауыстырамыз дегенге ғана саймай, жазу төңрегіндегі өзге де мәселелерді қамтып отыру керек болады.

Қазіргі әліпбиімізді «қазақ әліпбиі» деп атаудың еш реті жоқ. Өйткені ол «қазақ әліпбиі» емес, «қазақ-орыс әліпбиі», тіптен ақиқатын айтып «орыс-қазақ әліпбиі» десе де болады. Өйткені әліпбиіміз бір тілдің емес, әлдеқашан қос тілдің әліпбиі болып орнығып алды.

Тіл мамандары қазақ жазуына жасалар болашақ реформаны (тек қана әліпби ауыстыру емес) тіл бұзар емле-ережелерден құтылудың бір амалы деп түсініп отыр. Өйткені кез келген қазақ тілінің оқулығын алыңыз да бетін ашыңызшы. Қайран қаласыз! Қазақ тілінің өзіне тән дыбыстары деп 7-8 әріпті бөліп қояды. Сонда не, өзге дыбыстардың бәрі қазақтікі емес пе? Қазақ дыбыстарын осылай бөлектеудің өзі шәкірт санасын тұмшалап, есейгенде мәңгүрт қылады. Сөйтіп, 26 (28) дыбысымыздың бәрінің де (!) дыбысталуы сол іспеттес орыс тілінің (сол іспеттес араб, ағылшын т.б.) дыбыстарына баспа-бас ұқсай қоймайтыны, дыбыстардың өзара тіркесім емле-ережелері мүлдем бөлек екендігі не тіл мамандары – біздің санамызға жетпей-ақ қойды, не оқулық авторларының қаперіне ілінбей-ақ қойды.

Сондықтан да әліпби ауыстыруды әліпби сауатымызды ашудан бастауымыз керек. Әліпби сауат ашу арқылы төл сөздеріміздің жазылымына орынсыз еніп кеткен кірме таңбалардан бастаған жөн. Әзірге ерін үндестігі мен өзге дыбыстардың үйлесім түрленіміне тоқталмай қоя тұрамыз.

Сонымен, жоғарыда ескерткеніміздей, оқытушы-мұғалім қауымның назарына төмендегі жайды ұсынамыз.

Морфем талданым:

-оқы етістігінің көсемше түрі оқи болса, сонда көсемшенің көрсеткіші дауысты и дыбысы болғаны ма? Онда көсемшенің бір «көрсеткіші дауыссыз й [y]» деген ереже қайда қалады?

-оқы етістігінің тұйық рай түрі оқу болса, сонда тұйық райдың көрсеткіші дауысты у дыбысы болғаны ма? Онда тұйық райдың «көрсеткіші дауыссыз у [w]» деген ереже қайда қалады?

Ең сорақысы, осы жердегі «дауысты ы дауысты у-мен алмасады» деп түсіндіретін ереженің барын қайтерсің! Ал оқы етістігі дауысты ұ-ға (жарайды, тіптен, көз елес ы дауыстысы бола қойсын) аяқталып тұрғаны, оған келіп дауыссыз у[w] тіркесіп, тұйық рай оқұу [oquw] жасалатыны қаперімізге кірмей-ақ қойды.

Қазақтың ұу дыбыс тіркесінің естілімі орыстың у дауыстысының, қазақтың ый(-ій) дыбыс тіркесінің естілімі орыстың ы(-и) дауыстысының естілімімен жалған ұқсас екеніне сеніп қалғанбыз (жоқ, сеніп қалғансыз!).

Буын талданым:

-миы сөзінің буын құрамы ми-ы болып, алғашқы буын дауысты и дыбысына аяқталып, келесі буын дауысты ы дыбысынан басталып тұр ма? Онда қазақ сөзінің ішінде «буын дауысты дыбыстан басталмайды» (А.Байтұрсынұлы) деген ережені қайда қоямыз? Оның үстіне сөз соңында «дауысты буын тұрған деген не?» деп, аң-таң боламыз.

-суы сөзінің буын құрамы су-ы болып, алғашқы буын дауысты у дыбысына аяқталып, келесі буын дауысты ы дыбысынан басталып тұр ма? Ендеше қазақ сөзінің ішінде «буын дауысты дыбыстан басталмайды» деген ережені тағы еске сала кетеміз. Оның үстіне «сөз соңында дауысты буын неге тұр?» деп, тағы аң-таң боламыз.

Тасымал талданым:

-жиын сөзі жи-ын болып тасымалданып, тасымал жігі екі дауыстының арасынан өтіп тұрады ма? Онда «қазақ сөзінің ішінде екі дауысты қатар тұрмайды» деген ережені қайда қоямыз? Оның үстіне «сөз соңында тұйық буын тұрған деген не?» деп, әрі-сәрі боламыз.

-суық сөзі су-ық болып тасымалданып, тасымал жігі екі дауыстының арасынан өтіп тұрады ма? Ендеше «қазақ сөзінің ішінде екі дауысты қатар тұрмайды» деген ережені тағы қайталаймыз. Оның үстіне «сөз соңында тұйық буын неге тұр?» деп, әрі-сәрінің үстіне дел-сал боламыз.

Көріп отырғанымыздай, аттаған сайын сұрақ белгісі алдымыздан шығып отыр. Бұл – бүгінгі қазақ жазуының, жұмсартып айтқанда, күманды тұстары көп деген сөз. Сондықтан да бүгінгі әліпби ауыстыру науқанын жазу реформасына айналдару керек деп отырмыз.

Бұл кірме таңбалардың бір тобы ғана, соның өзі тіліміздің ұзын тұрқын түгел бұзып болған екен.

Дауысты Ы [ɪ] және İ [i] дыбыстарының жазылымы.

Жуан (қысаң) әуезді Ы [ɪ] мен үнді (жуысыңқы) Й [y] дауыссызының тіркесі сөздің морфем және буын тұрқын бұзбай, тасымал ретін сақтау үшін ЫЙ [ɪy] болып жазылады:

Сөз басында: иық (ыйық) [ɪ-yɪq];

Сөз ортасында: тиын (ты-йын) [tɪ-yɪn], қыйын (қы-йын), [qɪ-yɪn], жыйын (жы-йын) [jɪ-yɪn];

Сөз соңында: тый (тый), ылғый (ыл-ғый) [ɪl-ğɪy], сыный (сы-ный) [sɪ-nɪy], ысый (ы-сый) [ɪ-sɪy];

Жіңшке (қысаң) әуезді İ мен үнді (жуысыңқы) Й дауыссызының тіркесі сөздің морфем және буын тұрқын бұзбай, тасымал ретін сақтау үшін İЙ болып жазылады::

Сөз басында: и (ій) [iy], иіс (і-йіс) [i-yis], ирек (ій-рек) [iy-rek], ие (і-йе) [i-ye], ине (ій-не) [iy-ne];

Сөз ортасында: киім (кі-йім) [ki-yim], шие (ші-йе) [şi-ye], тиін (ті-йін) [ti-yin], сирек (сій-рек) [siy-rek];

Сөз соңында: ти (тій) [tiy], би (бій) [biy], бәлки (бәл-кій) [bäl-kiy], іскери (іс-ке-рій) [is-ke-riy].

Дауысты Ұ[u] және Ү[ü] дыбыстарының жазылымы

Жуан (қысаң) әуезді Ұ[u] мен үнді (жуысыңқы) У[w] дауыссызының тіркесі сөздің морфем және буын тұрқын сақтап, тасымал ретін бұзбау үшін ҰУ[uw] болып жазылады:

Сөз басында: у (ұу) [uw], уық (ұ-уық) [u-wuq], уыс (ұ-уыс) [u-wus], уақыт (ұ-уа-қыт) [u-wa-qɪt];

Сөз ортасында: ту (тұу) [tuw], туыс (тұ-уыс) [tu-wus], суық (сұ-уық) [su-wuq], жуан (жұ-уан) [ju-wan], шаруа (ша-рұ-уа) [şa-ru-wa], оқушы (о-құу-шы) [o-quw-şɪ];

Сөз соңында: су (сұу) [suw], бу (бұу) [buw], алу (а-лұу) [a-luw], толу (то-лұу) [to-luw], оқу (о-құу) [o-quw], қару (қа-рұу) [qa-ruw];

Жіңшке (қысаң) әуезді Ү[ü] мен үнді (жуысыңқы) У[w] дауыссызының тіркесі сөздің морфем және буын тұрқын сақтап, тасымал ретін бұзбау үшін ÜW болып жазылады::

Сөз басында: уіл (ү-уіл) [ü-wül], уәде (ү-уә-де) [ü-wә-de], ү-уәж (үуәж) [ü-wәj], уәли (ү-уә-лій) [ü-wә-liy], уәзір (ү-уә-зір) [ü-wә-zir];

Сөз ортасында: сурет (сүу-рет) [süw-ret], келуші (ке-ліу-ші) [ke-lüw-şi], сенумен (се-нүу-мен) [se-nüw-men], секіруге (се-кі-рүу-ге) [se-ki-rüw-ge], келуі (ке-лү-уі) [ke-lü-wi];

Сөз соңында: елу (е-лүу) [e-lüw], білу (бі-лүу) [bi-lüw], ескеру (ес-ке-рүу) [es-ke-rüw], кешіру (ке-ші-рүу) [ke-şi-rüw].

ЙA[ya] тіркесінің жазылымы:

Cөз басында: жоқ.

Сөз ортасында: тұяқ (тұ-йақ) [tu-yaq], аяқ (а-йақ) [a-yaq], таяқ (та-йақ) [ta-yaq], сияқты (сы-йақ-ты) [sɪ-yaq-tɪ], жымияды (жы-мы-йа-ды) [jɪ-mɪ-ya-dɪ];

Сөз аяғында: сия (сы-йа) [sɪ-ya], ұя (ұ-йа) [u-ya], мия (мы-йа) [mɪ-ya], сұрқия (сұр-қы-йа) [sur-qɪ-ya], жария (жа-ры-йа) [ja-rɪ-ya]; дария (да-ры-йа) [da-rɪ-ya].

ЙӘ[yә] кесінің жазылымы:

Сөз басында: жоқ;

Сөз ортасында: әлиямен (ә-лі-йә-мен) [ә-li-yә-men], ілиянің (і-лі-йә-нің) [i-li-yә-niŋ];

Сөз соңында: иә (і-йә) [i-yә], әлия (ә-лі-йә) [ә-li-yә], дүрия (дү-рі-йә) [dü-ri-yә], күлиә (кү-лі-йә) [kü-li-yә]

ЙҰУ[yuw] тіркесінің жазылымы:

Cөз басында: жоқ;

Сөз ортасында: аюлы (а-йұу-лы) [a-yuw-lɪ], қоюсыз (қо-йұу-сыз) [qo-yuw-sɪz], жиюлы (жы-йұу-лы) [jɪ-yuw-lɪ], тиюсыз (ты-йұу-сыз) [tɪ-yuw-sɪz];

Сөз соңында: аю (а-йұу) [a-yuw], ою (о-йұу) [o-yuw], азаю (а-зa-йұу) [a-za-yuw], жаю (жа-йұу) [ja-yuw], таю (та-йұу) [ta-yuw].

ЙҮУ[yüw] тіркесінің жазылымы:

Сөз басында: жоқ;

Сөз ортасында: түюлі (тү-йүу-лі) [tü-yüw-li], есеюде (е-се-йүу-де) [e-se-yüw-de];

Сөз соңында: үю (ү-йүу) [ü-yüw], кею (ке-йүу) [ke-yüw], кеңею (ке-ңе-йүу) [ke-ŋe-yüw], үрпию (үр-пү-йүу) [ür-pi-yüw].

Жалған дыбыстардың жазылымы:

Дауыссыз Ш дыбысының жазылымы: ащы (аш-шы) [aş-şɪ], тұщы (тұш-шы) [tuş-şɪ], кеще (кеш-ше) [keş-şe].

Дауыссыз Х дыбысының жазылымы: хат (қат) [qat], хабар (қа-бар) [qa-bar], халық (қа-лық) [qa-lɪq], тарих (та-рыйқ) [ta-rɪyq], тариқи (та-рый-қый) [tariqɪy].

Жалған Һ дыбысының жазылымы: қаһарман (қа-қар-ман) [qaqarman], гауһар

(гау-қар) [gawqar], жиһаз (жый-қаз) [jɪy-qaz].

Ендеше латын әліпбиіне қазіргі орфографиямыздың үлгісімен өтуге болмайды. Онда кирилдегі тілбұзар ережелерімізді сол күйінде қайталаған болып шығамыз. Сондықтан алдымен қазақ мәтініне «әліпби транскрипция» жасап алуымыз керек. Сонан соң барып қазақ тілінің төл дыбыстарын латын әліпбиіне көшіреміз. Осындай реформаның нәтижесінде қазақ тілінің:
-төл дыбыс құрамы кірме таңбаларсыз таза анықталады;

-төл дыбыс құрылымы (жүйесі) сақталады;

-морфем құрамы бұзылмайды;

-буын тұрқы жаңсақ жіктелмейді;

-тасымал реті сетінемейді.

Латын әліпбиіне өту үстіндегі жазу реформасының басты нәтижесі осы болмақ.


Баға беріңіз