Әліпби мінсіз болуы тиіс

Қазақ тілінің латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиінің жобасы бойынша ұсыныстар
Tilalem.kz

Tilalem.kz

16 қазан, 2017

Маңыздылығы, қажеттілігі жағынан, мүмкін тілдің ғана емес, тұтас қазақ ұлтының бүгіні ғана емес, болашағы үшін де бірегей, басты мәселе - ұлттық әліпби туралы, қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру туралы Елбасы бастамасына орай елімізде жалпы халықтық талдау мен сараптаудың басталуы қазіргі қазақ қоғамының бұл өзгерістерге дайын екендігін және жаңа әліпби, ең алдымен, қазақ тілі болашағы үшін, «қазақ тілін жаңғырту үшін» керек екендігін анық түсініп отырғандығын білдіреді. Бұл тұрғыдан алғанда ҚР Парламенті мәжілісіне ұсынылған қазақ тілінің жаңа әліпбиі жобасы мен күні кеше (9.10.2017 ж) Елбасыға таныстырылған екінші жоба арасындағы айырмашылықтар қазақ қоғамының бұл мәселеге қатысты белсенділігінің көрсеткіші деуге де болады. Екінші жобадағы өзгерістерге ықпал еткен де қоғамдық пікір екені түсінікті. Әрине, бұл жоба да дәл сондай сараптау мен талдаудан өтуі тиіс. Өйткені Елбасы атап көрсеткендей «бұл бүкіл мемлекет үшін маңызды шара және онда ағаттыққа жол беруге болмайды». Сондықтан да талқылау мен сараптау барысында айтылған әр пікір мен ұсыныс мұқият ескеріледі деп сенеміз. Осы соңғы жобаға қатысты пікір-ұсыныстарымызды топтап көрсек.

1. Жаңа әліпби жобасында бірден байқалатын өзгеріс дыбыстарды таңбалауда апострофтардың қолданылуы. Құптарлық бағыт. Дегенмен бұл бағытқа да нақтылық пен жүйелілік қажет деп ойлаймыз. Ең алдымен әліпби жүйесіндегі арнайы белгі, апострофты қазақ тілі дауысты дыбыстарын (жұп дауыстылардың жіңішке сыңарын) таңбалауда ғана қолдануды ұсынамыз.

Бұл арада біз «А.Байтұрсынұлы қисыны» (Ә.Жүнісбек) бойынша жіңішкелік белгі, дәйекше қолдануды енгіземіз және апостроф арқылы тек жұп дауысты дыбыстарды ажыратып қана қоймай, қазақ тілінің үндесім (сингармонизм) заңдылығын, яғни буындардың жуан, жіңішке айтылымын жазуда көрсететін арнайы жіңішкелік белгіге ие болар едік. Бұл тілді тануға, қабылдауға, үйренуге жеңіл әрі түсінікті болатыны сөзсіз. Осы жұп дауыстылар қатарына «ы-і» дауыстылары да жатады. Сондықтан жүйе сақталу үшін бұл дауыстыларды да жіңішкелік белгімен ажыратқан дұрыс, сонда қазақ тілінің 9 дауысты дыбысы 4 жұп болып әліпбиде таңбаланады. Мысалы: a – a` - e (а-ә-е), o – o` (о-ө), u - u` (ұ-ұ), i – i` (ы-і). Сонымен бірге көп буынды бірыңғай жіңішке үндесіммен айтылатын сөздер де апострофты тек бірінші буынға қою арқылы жазу да жеңілдей түседі. Мыс: ti`rshilikten, o`zimdiki, ku`nko’riske.

2. Дауыссыз дыбыстарды таңбалауда апострофтарды қолдану керісінше қисынсыз екені көрініп тұр. Табиғаты мүлдем бөлек (дауысты және дауыссыз) дыбыстарды (й –і, у- ы) апострофпен ажырату бұл белгіні қолданудағы жүйеге келмейді және түрлі қиындықтар әкеледі. Бір сөзде апострофтардың бірнеше рет қайталануы да жазуды, түсіну мен оқуды қиындататыны сөзсіз. Мыс: s`yn`g`a (шыңға), o`n`es` (өңеш), tay`yn` (тауың), u`n`girs`ik (үңгіршік).

Жалпы алғанда бұл жағдайда бірнеше дауыссыз дыбысты (ң - nh , ғ - gh, және ш –sh) әлемдік тәжірибеде бар үлгі диграфпен беру тиімді деп ойлаймыз. Салыстырып қарасақ, бұл дыбыстарды диграфпен беру жазуға ыңғайлы екеніне көз жеткізуге болады. Мысалы, ag`as` - aghash, jan`a – janha, jang`ys`- janghysh, as`- ash. Аләліпби жобасындағы «х», «һ» дыбыстарын таңбалайды деп берілген «Hh» әрпін тек дауыссыз дыбыстарды таңбалайтын диграфтар құрамында ғана жазылатын, жеке оқылмайтын көмекші әріп ретінде алсақ, тіл қолданушыға әлдеқайда жеңіл болар еді.

Көмей «һ» дауыссыз дыбысы қазақ тілінде жоқ екені белгілі. Сол сияқты дауыссыз қатаң «х» дыбысы да төл дыбыстар құрамында жоқ, жат дыбыс. Сондықтан да алдымен бір топ қазақ сөздерінде жазылып жүрген «Һ,х», әріптерінің орнына «қ» әрпін қолдану туралы емлеге өзгеріс енгізіліп, бұл сөздердің айтылым, жазылым нормалары бір жүйеге түсіріледі. Мысалы, қаһар – qaqar , гауһар - gawqar , шаһар - shaqar, жауһар – jawqar, хат - qat, хабар –qabar, дастархан - dastarqan, асхана - asqana , Рахымжан – Raqimjan.

Бұл жағдайда латын жазуы негізіндегі қазақ әліпбиіндегі көмекші таңба (жіңішкелік белгі – апосторф) мен көмекші әріптің (Hh) қолданылуы нақтыланып жүйеленеді, тіл тану мен сөз танудағы, тіл үйретудегі,әліпбидің ұлттық болмысын танытудағы қызметі белгілі болады.

3. Сол сияқты бұрын бірде дауысты, бірде дауыссыз деп келінген «у» мен қазақ сөздерінде дауысты дыбыс деп түсіндіріліп келген «и» дыбыстары мен әріптеріне қатысты «тіл бұзар ережеге» нүкте қойылғанын құптаймыз. Қазақ тілінде тек сонар дауыссыздар (у, й) ғана бар. Яғни бұләріптер жазылған сөздердің (ту-тұу, су-сұу, бұуын, келүу, би –бій, киім-кійім, тиын - тыйын)де емлесі өзгереді, сөздердің дыбыстық құрамын тану, буынға бөлу жеңілдейді деген сөз. Тек «у» дыбыстың әрпі ретінде бірінші жобадағы «Ww» әрпін алу туралы ойланып көрсек. Мысалы, taw – tay`, jawap – jay`ap, suwiq – suy`yq.

Бұл жағдайда көпшілік қауымды, әсіресе оқушыларымызды әбден шатастырған ережелер түзетіліп, тілдің табиғи болмысын тану, таныту жүйелене түспек.

4. Жаңа әліпби жобасы туралы айтқанда ең қиын мәселе – кірме әріптерді қолдану. Өз тарихымызда өзге тілдің дыбыстық құрамын түгел алған тәжірибеміз бар және оның арты неге әкелгені де белгілі. Орыс тілінен, орыс тілі арқылы басқа шет тілдерден енген сөздерді орыс тілі ережелерімен айту, жазу тәсілінің ана тілімізге ықпалы қандай болғанын бүгінде қазақ ғалымдары ашық айтып отыр.

Академик Ө.Айтбаевтың бір пікірін келтірсек. « олар түп негізін, түрін сақтай отырып, қазақ тілі сөздік қорының заңды жүйесіне орасан зор нұқсан келтірді. Олармен бірге қазақ тіліне мүлде керексіз әріптер келіп енді. Сонымен бірге тіліміздің айтылу, жазылу нормасы бұзыла бастады».

Жаңа әліпби құрамында «я,ю, ё, э, щ, ь,ъ» таңбаларының болмауы туған тілді өзге тілдің ықпалынан арылту мақсатына сай келеді. Екінші жобада «ц» әрпін де алып тастаған екен. Өте дұрыс. Жоба авторлары кірме дыбыстардан жартылай құтылдық деп отыр. Заңды сұрақ туындайды. Бұл бағыттағы шаралар неге жартылай жүргізіледі? Жобада ұсынылған «ch- (ч), v –(в), f – (ф)» әріптері де қазақ тіліне жат дыбыстардың таңбалары емес пе? Әлде бізөзімізге өзіміз сенбей, қазақ тілінің мүмкіндігіне күмәнданып отырмыз ба?Бұл әріптермен жазылатын сөздер көп және ол сөздерсіз бүгінгі ғаламдану заманында тіл өмір сүре алмайды деген сөздер айтылуда.Ғаламдану заманында біз интертерминдерсіз өмір сүре алмаймыз деген уәжге біз де қосыламыз, бірақ бұл өзге тілден келген сөзді сол тілдің айтылым, жазылым нормаларымен қоса алу дегенді білдірмейді ғой.

Жазу реформасының басты мақсаты – қазақ тілінің табиғи болмысын сақтау, тілдегі «тіл бұзар ережелерден» арылу, жазылым мен айтылым нормаларының бірегейлігін қамтамасыз ету деп түсінеміз.Сондықтан да жат (кірме) дыбыс, жат, кірме сөздердің тілімізде қолданылуы мәселесіне байланысты да түпкілікті байлам мен шешімге келу маңызды. Бұл арада жартылай шешім болуы мүмкін емес. Яғни ғасырлар бойы тілді өзге тілдер ықпалынан қорғап келген үндесім заңы ұлттық жазудың (латын графикасы негізіндегі) тірегі болғанда ғана тілдің ажары кіріп, сөздің сәні келеді.Бұл сөздік қордағы төл сөздер де, барлық шет тілдерден енген сөздер де (орыс, араб, ағылшын т.б) тіл заңдылығына сай айтылып, жазылуы арқылы ғана мүмкін болмақ. Бұл арада әңгіме жаңа емле ережелері туралы болып отыр.

Елбасының осы мәселеге қатысты айтқан пікірі де осы бағытта.«Қазақ тілінде щ, ю, я әріптері жоқ. Японияны қазақтар Жапония дейді. «ч», «ю», «я», «ь», «ъ» белгілері жоқ. Яғни біз осы әріптерді қолдану арқылы нағыз қазақ тілін бұрмаладық. Сол себепті енді негізі тілге көшпекпіз. Бұл бүкіл мемлекет үшін маңызды шара және онда ағаттыққа жол беруге болмайды».

Сондықтан жаңа әліпби құрамынан қазақ тіліне жат дыбыстар таңбаларын ( Ff - ф, Vv – в, Ch -ч) алып тастау, қазақ тілінің емле ережелерінің жаңа кешенді нұсқасын дайындау. туралы ұсыныс білдіреміз.

Әрине, бұл арада қалыптасып қалған көзқарас, дағды бар екені, қиындықтар туындайтыны белгілі. Бірақ біз тілімізді шын мағынасында жаңғыртамыз, болашақ ұрпаққа таза күйінде жеткіземіз десек, осы тәуекелшіл қадамды жасауымыз керек деп ойлаймыз.

ХХ ғасырдың өзінде үш жазу реформасын бастан кешірген, бүгінгі күні тіл болашағы, ұлт болашағына қатысты шешуші қадам жасар алдында тұрған қазақ ұлты үшінтөл тарихы - өзіне сабақ. ХХ ғасыр басында қазақтың ұлттық жазуын қалыптастырған ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының жазу, әліпби, емлеге байланысты қағидаттары – бұл бағыттағы біздің басты ұстанымыз болатыны сөзсіз. Ақаң бастаған ұлт зиялылары өткен ғасыр басында ұлттық жазу мәселесін ұлттық деңгейге көтеріп, ұлттық мүдде тұрғысынан шешім қабылдауға қол жеткізсе, бүгінгі қазақ қоғамы да осы жолда осы үлгіні басшылыққа алады деп сенеміз.

Басты міндет - ғылыми негізделген, тіл заңдылығына сүйенген, ең бастысы, тілге қызмет ететін, тіл болашағын сенімді ететін жаңа әліпби нұсқасын қабылдау.

Ұсыныс-нұсқа


Ескерту: қөмекші «НҺ» әрпі тек диграф құрамында ғана қолданылады. Апостроф (жіңішкелік белгі) дауысты дыбыстардың жіңішке сыңарын (а-ә, о-ө, ұ-ү, ы-і) білдіреді.Бірыңғай жіңішке буынды сөздерде жіңішкелік белгі бірінші буынға қойылады. Мыс: a`kimshilik, o`zimshildik.

Диграфтар

Ghalim, shana, tenh, agha, keshe, janha


Баға беріңіз