«Тілдерді оқыту: ізденіс және әдістеме» ақпараттық-әдістемелік журналы

Tilalem.kz

Tilalem.kz

09 қазан, 2017

«Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы» ММ жанындағы «Тілдерді оқыту орталығы» МКҚК тілдерді оқытудағы жаңашылдықты, озық іс – тәжірибені (тіл ғалымдарының ізденіс жұмыстары, педагогика мамандарының әдістемелік мақалалары мен қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі пәндерінен сабақ әзірлемесі), креативті педагогикалық ойларды (тілдерді оқыту бойынша мақалаларды) көпшілікке насихаттау жолында 2014 жылдан бастап «Тілдерді оқыту: ізденіс және әдістеме» ақпараттық-әдістемелік журналын шығарып келеді.

Тоқсан сайын шығарылатын журналдың мақсаты: қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде оқыту әдістемесін жетілдіру және мемлекеттік тіл оқытушыларына, әдіскерлерге әдістемелік көмек көрсету, мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін, педагогикалық шеберлігін жетілдіруге ықпал ету, Ақтөбе облысында мемлекеттік тіл саясатын дамыту бағытында атқарылып жатқан іс-шаралардан ақпарат беру, қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау ҚАЗТЕСТ жүйесін кеңінен насихаттау құрал ретінде қызмет ету.

Журналға төмендегі айдарлар бойынша материал жарияланады:

1.Мемлекеттік тіл – менің мақтанышым: профессор-ғалымдардың, тіл оқытушылары (қазақ, орыс, ағылшын тілдері), балабақша тәрбиешілері, жеке тұлғалардың және тілжанашырларының еліміздегі тілдерді оқыту мәселесі, үштұғырлы тіл саясаты, Мәңгілік Ел жалпыұлттық идеясы, этносаралық ынтымақтастық, татулық тақырыбындағы мақалалары, эссе, баяндамалары беріледі.

2.Әдістемелік портфель: мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін, педагогикалық шеберлігін жетілдіруге ықпал ету, әдістемелік көмек көрсету мақсатында әдістемелік мақалалар, баяндамалар және т.б. беріледі.

3.Педагогикалық практикум: тіл оқытушылары (қазақ, орыс, ағылшын тілдері), балабақша тәрбиешілері, әдіскерлердің іс-тәжірибесіндегі озық сабақ әзірлемелері, жеке тұлғаны жан-жақты дамытуға бағытталған тәрбиелік, танымдық, мәдени іс-шаралар сценарийлері және қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде оқытудың салалық сабақ әзірлемелері беріледі.

4.Шығармашылық шеберханасы: филология, шетел тілі факультеті студенттерінің, мектеп оқушыларының, балабақша тәрбиеленушілері үшін арнайы жарияланған журналдың шығармашылық бәйгесіне байланысты материалдар жинақталады. Шығармашылық жұмыстар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қабылданып, жыл аяғында қорытындысы шығарылады. Үздік шығармашылық жұмысқа дипломдар табысталады.

Шығармашылық бәйгенің мақсаты: еліміздің болашағы – білімді, сауатты, патриоттық сезімі биік жастарды қолдау, шығармашылық талпыныстарына серпін беру, ғылыми ізденістерін насихаттау.

Шығармашылық бәйгенің бағыттары:

- «Жас зерттеуші» бағыты бойынша ЖОО-ның және колледждердің филология, шетел тілі факультеті студенттерінің «Еліміздің болашағы – білімді жастар», «Үштұғырлы тіл саясаты», «Мәңгілік Ел жалпыұлттық идеясы», «Этносаралық ынтымақтастық пен татулық», «Өлкетану мәселелері» тақырыптарын қамтыған шығармашылық ізденістері, ғылыми зерттеу бағытындағы мақалалары мен баяндамалары қабылданады.

- «Қазақстан – Ұлы Дала елі» бағыты бойынша мектеп оқушыларының тәуелсіз Қазақстанның тарихы, әдебиеті мен мәдениеті, мәңгілік тілі – қазақ тілі туралы толғаныстан құралған эссесі қабылданады.

- «Таң нұры» бағыты бойынша балабақша тәрбиеленушілерінің еркін тақырыпта (2 өлең), тәуелсіз Қазақстан, мәңгілік тіл – қазақ тілі және т.б. патриоттық тақырыптарды қамтыған (1 өлең) өлеңдері қабылданады.

5.Тіл – татулық тірегі: Ақтөбе облысында мемлекеттік тіл саясатын насихаттау бағытында атқарылып жатқан іс-шаралардан ақпарат және тілдердің оқытылуы, этносаралық татулықты насихаттау мақсатында мақала, баяндамалар беріледі.

«Тілдерді оқыту: ізденіс және әдістеме» журналы қазіргі заман талабына сай білім берудегі тың ақпараттарды өз оқырмандарына жеткізіп, инновациялық технологияларға енуіне, оқытушы құзіреттілігінің бәсекеге қабілетті болуына ғылыми - әдістемелік негізде ықпал етеді деп ойлаймыз. Тілдерді үйрету жолындағы көп салалы міндеттің бір арнасын мойнына алған «Тілдерді оқыту: ізденіс және әдістеме» ақпараттық-әдістемелік журналымен бірге болыңыздар! Оқырманнан тілек қана емес, үлес те күтеміз.

Біздің мекенжайымыз: Ақтөбе қаласы, ағ.Жұбановтар к., 257/«Б»

Тел.: 8 (7132) 95-41-90

ortaluktil@mail.ru


Баға беріңіз