Қаз Latقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

«ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ ӘЛІПБИ: жалпытүркілік бірегейліктің мызғымас негізі» атты түркі жазбалары күндеріне арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция

26.9.2017 852

Іс-шараның өзектілігі. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына жолдауында «ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек», - деп атап өткен болса, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындаХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы айта отырып: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай... Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» - деген еді. Ұлттық кодты сақтай отырып, рухани жаңғыруға аса қажетті болып табылатын дүниелердің бірі Орхон-Енисей руникалық жазбалары, араб жазулы ескерткіштеріміз, сондай-ақ латын әліпбиімен сақталған мұраларымыз. Түркі қағанатында өмірге келген Орхон-Енисей, Талас жазбалары, өзінен кейінгі қарахандықтар дәуірінде дәстүрлі түркі және ислами әдебиетпен жалғасын тапты, бұдан кейінгі Алтын Орда мемлекетіндегі ғұламалардың еңбектері жазба тілді одан әрі өркендетті. Тіпті бұнымен ғана шектелмей, бөтен елде билік жүргізген Мәмлүктер мемлекетінде де түркілердің небір жазба дүниелері қанатын кеңге жайып, жазу дәстүрінің арнасын кеңейте түсті. Бүкіл түркі халқына ортақ жазу мәдениетінің ең алғашқы түрі тас бетіне жазылып, Х-ХІ ғасырлардан бастап қағазға таңбалана бастады. Міне, осылайша көне түркі дәуірінен басталған жазба тіл біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтар аралығында, рухани һәм мәдени дүниетанымымыздың айғағы болып табылатын көптеген әдеби мұралар мен шығармаларды бүгінгі ұрпаққа тарту етті. Жалпытүркілік бірегейліктің жоғалмай сақталуының бір сыры да осы жазу тарихымыздың бір арнада тоғысуында (руника, араб, латын). Күллі түркі халықтарының мәдени, тарихи, тілдік байланыстарын зерттей отырып, одан әрі дамыту түркілік бірегейлікті қамтамасыз етудің бірден бір шарты болып табылады.

Түркі дүниесінің ертеден қалыптасқан жазу мәдениеті, әліпби жүйесі болғаны, түркі жұртының жазу графикасы үш жүйені бастан өткергені мәлім. Сонау көне руникалық таңбалар, ислам дінімен бірге енген араб әліпбиі түркі қоғамының әлеуметтік-мәдени қажеттілігін бірнеше ғасырлар бойы өтеп келді. Аз уақыт болса да қолданыста болған латын графикасы да қоғам сұранысын орындап, халыққа қызмет етті. Бұл үш әліпби негізінде мыңдаған жазба ескерткіштер, газет-журналдар, қисса-дастандар, жырлар, ғылыми еңбектер, көркем әдебиеттер т.б. жарыққа шығып, түркі халқының рухани кемелденуіне ерекше ықпал етті.

Мыңдаған ғасырды қамтитын түркілік байланысты анықтау үшін, әрі оны рухани жаңғырудың тетігі ретінде таныта білу үшін көне, орта және жаңа түркі дәуірлеріндегі жазба мұраларымызды көнеден жаңаға және жаңадан көнеге қарай салыстырып, тарихи тұрғыдан зерттеу қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі. Өйткені, көне, тіпті одан да арғы тілден өрбіген қазіргі түркі тілдері қайтадан ыдырау сияқты құбылыстарды басынан өткізгені айтпаса да түсінікті. Түркітану ғылымында түркі тілдерінің көне қабаттары, оның ішінде ататүркі (пратюрки), түптүркі (прототюрк) деңгейі кең көлемде зерттелген емес. Түркілер жүріп өткен Алтай дәуірі, Хун дәуірі (б.з.д. V ғ.), көнетүркі дәуірі (V-X ғғ.), ортатүркі дәуірі (Х-ХV ғғ.), жаңатүркі дәуірі (XV-XX ғғ.) кезеңіндегі жазба ескерткіштер мен мұралар халықтың тарихи санасының көрінісі десек, ұлттық сананың ең негізі іргетасы да осы жазба мұралар болмақ. Сондықтан күллі түркі халқына ортақ мұраларды зерттеу, насихаттау, жас ұрпаққа үйрету, түркі дүниесінің кешегісі мен бүгінін саралау рухани жаңғыруымыздың алғышарты болмақ.

Іс-шараның мақсаты мен міндеттері: Іс-шараның мақсаты - күллі түркі қоғамының рухани-мәдени гүлденуіне елеулі ықпал еткен руникалық және араб жазулы мұраларды рухани жаңғырудың алғышарты ретінде жас ұрпақ санасына насихаттау және жалпытүркілік бірегейлікті одан әрі нығайта түсу. Бұл мақсаттан төмендегі міндеттер туындайды:

- отандық және шетел түркітанушы ғалымдарының басын қосу арқылы қазіргі таңдағы түркологиялық зерттеулердің жаңалықтарымен бөлісу;

- жалпытүркілік бірегейлікті нығайту үшін қажетті болып табылатын ғылыми іс-шараларды одан әрі дамытудың жолдарын қарастыру;

- түркі жазба мұраларындағы рухани құндылықтардың тілдік көріністерін қазіргі заман көзқарасымен салыстыра отырып жас ұрпаққа насихаттау;

- жеке-жеке ұлттарға ыдыраған қазіргі түркі халықтарының ескі жазу мәдениеті ортақ болғандығын дәріптеу.

Іс-шараның жалпы сипаттамасы: Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға отандық және шетелдік (АҚШ. Түркия, Орта Азия елдері) ғалымдар, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің өкілдері, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық және гуманитарлық бағыттағы ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, ЖОО оқытушы-профессорлары, жас зерттеушілер мен БАҚ өкілдері қатысады.

Іс-шара барысында отандық және шетелдік түрколог-ғалымдардың өзара тәжірибе алмасуы қамтамасыз етіліп, жалпытүркілік бірегейлікті нығайту үшін қажетті болып табылатын ғылыми іс-шараларды одан әрі дамытудың жолдары қарастырылады, отандық және шетел түркітанушы ғалымдарының басын қосу арқылы қазіргі таңдағы түркологиялық зерттеулердің жаңалықтары таныстырылады, түркі жазба мұраларындағы рухани құндылықтардың тілдік көріністерін қазіргі заман көзқарасымен салыстыра отырып талдау арқылы оны жас ұрпаққа насихаттау жұмыстары жүргізіледі.

Конференцияның жабылу рәсімі ретінде ұсынылатын концерттік бағдарлама түркі халықтарының өнері мен мәдениетіне арналады. Концерттік бағдарлама 1 сағат 15 минут көлеміне жоспарланған.

Телеарналар арқылы түркі жазба ескерткіштері мен қазақ тілінің сабақтастығын бейнелейтін жарнамалық сипаттағы бейнематериал көрсетіледі.

Іс-шараны ақпараттық насихаттау жұмыстарында Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы жолдауларындағы тақырыпқа қатысты міндеттер мен басымдықтар ескеріледі.

Жалпы, іс-шараның өткізілуі бойынша материалдар шара өтетін мерзімнен 10 күн бұрын www.facebook.com, www.twitter.com әлеуметтік желілерінде, til.gov.kz, www. tilortalyq.kz интернет-ресурстарында, радиода бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихатталатын болады. Ақпараттық мәтіндер жобасы әзірленеді және келісіледі. Баспасөз парағы дайындалады. Іс-шараның ашылуында сөйлейтін қонақтардың және түрколог ғалымдардың кіріспе, құттықтау сөздерінің жобасы әзірленеді. Іс-шара фото, бейне, аудио қызметтермен қамтамасыз етіліп, қажетті құралдармен жабдықталады.

Тегтер: Әліпби, түркі, жазба, күн, халықаралық, ғылым, практика, конференция
Авторы:

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

731 0

ақпарат

«Мемлекеттік тілді үйрету: әдіс, тәжірибе, инновация» семинары

712 0

ақпарат

«Ономастика саласындағы жұмыстарды ұйымдастырудың өзекті мәселелері» республикалық семинары

668 0

ақпарат

«Бұқаралық ақпарат құралдары және тіл мәдениеті» республикалық семинар-тренингі