Абай қара сөздері - мемлекеттік тілді оқытудың тиімді құралы

Қазақ қоғамы үшін Абай мұрасының аса қажеттілігі әлдеқашан танылған, мойындалған. Абайдың өлмес, ескірмес еңбегі, көркем ойға қосқан өлшеусіз үлесі, биік талғамы, шынайы өмір әлемі, педагогикалық о...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

09 тамыз, 2016

Кезінде Абай шығармашылығын алғаш зерттеуші ғалым А.Байтұрсынов «Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда. Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Нәрсенің сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып, емтихан болып табылады»[1] деп жазған болатын.

Мемлекеттік тілді жақсы меңгеруді көксеген ересектер үшін де Абай сөзін түсініп тану үлкен сын. Бұл тұстағы мақсат қайткенде де Абай шығармаларын оқытуды міндеттеуден гөрі қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің іргетасы болып саналатын Абай тілі арқылы қазақ тілінің мол қорымен қанықтыру. Мемлекеттік тілді меңгеруші үшін екінші, үшінші деңгейде оқитындарға Абай қара сөздері бірден-бір тиімді оқу материалы болатынына көз жеткізуге болады. Бұл тұста айта кетерлік жайт, Абай қара сөздері алуан тақырыпты әрі тақырыптарына қатысты әр түрлі әлеуметтік топтарға лайықталған. «Абай "қара сөздерін», «қойын дәптер» ретінде тек өзі үшін жазбай, басқалардың оқуы үшін де жазған. Оның өзінде жалпы оқырман көпшілікпен қатар, олардың белгілі бір тобына арнап жазғандарын да байқауға болады. «...Абай 12, 13, 32,38, 43 сөздерін белгілі бір әлеуметтік топтарға арнап жазған деген пікірімізді олардың тек мазмұны ғана емес, тілі де дәлелдейді», - дейді Абай шығармаларының тілін зерттеуші ғалым Р.Сыздық [2]. Араб, парсы тілдері жиі ұшырасатын бұл қара сөздердің тілі күрделі болғанымен, көпшілік оқырманға арналған қара сөздер тіл өрнегі жағынан көркем, «көпшілік, қоғамдық, публицистикалық және ғылыми-баяндау стилінде жазылған».

Абай қара сөздерін тіл үйренуші ересектерге оқытудың тиімділігі бірнеше қырынан танылады:

Біріншіден, тіл үйренуші ересектер болуы себепті ақынның өмір сырлары, адамның психологиялық күйі. Мінез-құлқы, әрекеттері жөніндегі, қоғам мен әлеуметтік ой-сана тақырыбындағы қара сөздері күнделікті өмір сүрген орта тіршілігіндегі мәселелерге жақсы келеді. Адамдық мұрат, ұлттық болмыс, қоғамдық сана мәселелерінде әр құбылыстың ішкі сырларын айту арқылы Абай ересек тіл үйренушілер көңіліндегі ойға түрткі болады.

Екіншіден, Абайдың адамгершілік мұрат, адамдық қарызы, адалдық, әділеттілік, имандылық туралы ой толғаныстары мемлекеттік қызметкерлердің қоғамдағы адамдық тұлғасын қалыптастыру мен рухани құндылығын арттыруға, рухани әлемінің байып, имандылық ниетте болуына көмек етеді. Әділетсіздік, ынсапсыздық, парақорлық, т.б. қоғамдағы кеселдер қауым болып күресетін кезектегі мәселелер екендігі көпшілікке белгілі. Осы тұрғыдан алғанда да Абай қара сөздері қоғам мен әлеуметтік орта мәселелерінің терең қатпарлары мен қырларын ашып, тәрбиенің терең тамырымен сабақтасып жатады. Қоғам адамын тәрбиелеуге, тұлға қалыптасыруға тиімді құрал бола алады.

Үшіншіден, аталған тақырыптар төңірегінде сұхбат құру, пікір алмасу тиімділігі танылады. Себебі үшінші деңгейдегі тіл үйренуші қазақ тілін қарым-қатынас тілі дәрежесінде меңгеріп, сөйлеу дағдысы біршама қалыптаса бастайды. Ендігі кезекте тілдік форма мен грамматика, белгі жаттығу айналасынан шығап, еркін сөйлеу дағдыларына жағдай туғызу керек болады. Диалог құру, сөйлеу әрекетін еркін сұхбатқа бейімдеу үшін де арнайы тақырып төңірегінде ой қозғаған тиімді. Бұл тұста тіл үйренуші айтылым әрекетінде өзі қалыптасқан тілде ойлап, грамматикалық категорияларды түзудің жолында әуре болудан арылып, біршама қазақ тілінде ой түзуге қалыптаса бастайды да, белгілі бір мәселе төңірегінде ой түйіп, сол мәселелерді пікір сайысқа салуға талаптанады. Ойды қазақ тілінде жаткізуге ынталанады. Пікірсайыс қазақ тілінде ойын жеткізудің мотивациясы болып есептеледі. Ал Абай көтерген түйіні күрделі мәселелер пікірталасқа таптырмас тақырып екені анық.

Төртінші тиімділігі, Абай қолданған қазақтың бай тілі үйренушілердің тілдік қорын молайтуға септігін тигізеді. Абайдың қара сөздерінде бір сөздің өзі бірнеше қолданыста түрленіп келіп, сөздердің білдіретін мағыналары құбылып отырады. Мәселен көкірегі байлаулы, көкірегі сезімді, көкіректе жамандық жоқ, көңілге бекіту, көңілдің уануы, көңілдің өшуі, көңіл құсы (құйқылжыр шартарапқа), көңілінің көзі (ашық сергек үшін), көңілдегі көрікті ой, көңілденіп тұшыну, сынық көңіл, жанған көңіл, суынған көңіл, жаралы көңіл, кірлеген көңіл, қара көңіл, қам көңіл, боямасыз ақ көңіл, шын көңіл, қайран көңіл, көңілге түю, көңілі қайту, көңілі жақын. т.б. сөз тіркестері, тіл оралымдары арқылы аударманың көмегінсіз-ақ қазақ тілінің сөз түзу мен ойды берудегі өзіне ғана тән жүйесін танытуға болады. Сондай-ақ Абай сөздердің синоним, антоним сияқты лексикалық мағыналарын, сөздердің көп мағыналарын таңдап, талғап құбылтып қолдануы жағынан да қазақ тілінің мол сөздік қорын танытады. Сөзбен беруге, айтып жеткізуге болмайтын құбылыстың, әрекеттің, адам болмысының ішкі қырлары мен қатпарлары жоқ екенін Абай қазақтың бай тілін қолдану арқылы еркін ашады. Олай болса, тіл үйренушілерді Абай тілі арқылы қазақтың сөз байлығының қазынасына үңілтуге болады. Осы орайда Абайдың қара сөздері мәтінімен жүргізілетін талдау жұмыстарын ұсынамыз.


Баға беріңіз